БЖЗҚ зейнеткерлердің инфляция кезінде жоғалтқан ақшаларының орнын толтыра ма?

Қазақстандық зейнеткерлерге спам-шабуыл жасалуда. Әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджері арқылы тараған хабарламада: «Зейнетақы қоры зейнеткерлердің инфляция кезінде жоғалтқан ақшаларының орнын толтыру үшін 150 мың теңге көлемінде өтемақы береді», – делінген.

Мұны естіген зейнеткерлер ХҚКО, БЖЗҚ  мен «Азаматтарға арналған  үкімет» кеңселеріне ағылуда. Олар Бірыңғай зейнетақы қорынан өздеріне тиесілі өтемақыны беруін талап етіп жатыр.

БЖЗҚ зейнеткерлердің инфляция кезінде жоғалтқан ақшаларының орнын толтыра ма?

Зейнеткерлердің  бұл әрекетіне таңқалуға болмайды. Өйткені ақпараттың рас-өтірігін бірден ажырату қиын. Спам-хабарламада үш бірдей айла қолданылған: «сізден жасыруға тырысады», «ойланудың қажеті жоқ, сену керек», әйтпесе «өте маңызды және керекті нәрседен айырылып қаласыз».

«Бұл мәліметті халық білмеуі мүмкін, бірақ менің ата-анам бүгін арыз жазып келді. ХҚКО қызметкерлері өтемақы төленетінін растады. Егер таныс зейнеткерлер болса айта жүріңіз, ХҚКО немесе БЖЗҚ-на барсын. Ақпарат шынайы, мен қазір ғана анамнан естіп, зейнеткерлерге ескертпегеніне таңқалдым. Өзім хабарлама таратайын деп шештім». Әсерлі болуы үшін ақпараттық хабарламаға 2017 жылдың 22 мамырында Today.kz порталы жариялаған «БЖЗҚ-да жинақтаушы қор мен инфляцияға қатысты өтемақы туралы айтты» материалының сілтемесі қоса берілген.

БЖЗҚ зейнеткерлердің инфляция кезінде жоғалтқан ақшаларының орнын толтыра ма?
Today.kz сайтынан скриншот / Скриншот с сайта Today.kz

Зейнеткерлерге берілуі керек 150 мың теңге өтемақы туралы ақпаратты БЖЗҚ екі рет ресми түрде теріске шығарды. Бұл туралы мәлімет ұйымның сайты мен әлеуметтік желілерінде жарияланып, БАҚ арқылы тарады.

Қайталанды…

Алғаш рет БЖЗҚ осы жылдың 21 қыркүйегі күні ақпараттың жалған екенін айтты. Алғашқы жолдарында-ақ:

«Зейнетақы қоры зейнеткерлердің инфляциядан жоғалтқан ақшаларына өтемақы ретінде 150 мың теңге береді деп WhatsApp арқылы тараған ақпарат  шындыққа жанаспайды», – делінген.

Спам-хабарламаны теріске шығарған материал Tengrinews.kz және Otyrar.kz сайттарында жарық көрді.

Ақпараттың жалған екені анықталғанына қарамастан әлеуметтік желі және WhatsApp қолданушылары фейк жаңалықты таратуды жалғастыра берді.

Екінші рет 18 қазан күні, яғни бір айдан кейін Қор сайтында тағы да теріске шығарған материал жарық көрді. «БЖЗҚ қауесетті жоққа шығара отырып мемлекеттік кепілдікпен төлемақы алу ережесін түсіндіреді»,- дейді хабарламаның басында.

«Мұндай сілтемелердің жиілеп кетуіне байланысты Қор барлық салымшыларынан хабарламаға сенбеуін сұрап, жалған ақпарат таратқандарды заң жүзінде жауапқа тартатынан ескертті».

Қазан айындағы спам-шабуыл қыркүйектегіден де күшті болып шықты.

Бұл жолы БЖЗҚ ғана емес, «Азаматтарға арналған үкімет» өкілдері мен ХҚКО қызметкерлері де ақпараттың жалған екендігіне сендірді. «Азаматтарға арналған үкімет»  Мемлекеттік корпорациясының ШҚО-дағы бөлім басшысының орынбасары Асқар Қожумов «Bnews» тілшілеріне эмоциямен жауап берді:

Бұл жалған ақпарат! Мұндай өтемақы жоқ!.

Көптеген БАҚ өкілдері спам-хабарламаның жалған екендігін айтты. Олардың ішінде zakon.kz, Kapital.kz, 365info.kz, informБюро, Diapazon.kz, Bnews.kz, ATPress.kz, Almaty.tv, Еуразия бірінші арнасы, 31 арна, Алау бар.

Өтемақы беріледі…

БЖЗҚ ақпаратты теріске шығара отырып, зейнетақымен қамтамасыз ету заңына сәйкес мына жағдайларда инфляциядан шығынға ұшыраған кейбір зейнеткерлерге өтемақы беріледі дейді:

  1. Тек адам еңбек жолын аяқтап, зейнетке шыққанда немесе зейнетақы алу үшін басқа жағдайлар болғанда (мерзімсіз бекітілген 1 немесе 2 топтағы мүгедектік, тұрақты мекен-жайға ауысқанда, тұлға қайтыс болғанда қаражатты алуға құқы бар мұрагер).
  2. Егер салымшының жинақтаушы зейнетақы жүйесінде болған барлық уақыттағы кірісі инфляцияның дәрежесінен төмен болса.
  3. Өтемақы мөлшері әр адамға жеке есептеледі.

Қысқаша айтқанда, азаматтардың зейнетақы қорына инфляцияны жабатын инвестициялық кіріс түсіп отырады (Қазақстанда инфляцияның мүмкін болатын өзгерісі жылына 5%-дан 8%-ға дейін). Егер инвестициядан орташа жылдық инфляцияға тең немесе одан көп кіріс түспесе мемлекет айырмашылықты бюджеттен төлейді. Және мөлшері әр жағдайға бөлек есептеледі.

P.S. БЖЗҚ құқық қорғау мекемелерінің көмегімен жалған ақпараттың таралу көзін анықтай ма, жоқ па, Қордағылар бұл жайлы айтпады.