Украиналық фактчекер: Ресейлік БАҚ – ақпараттық соғыстың құралы ғана

Ресей Украинаға заңсыз басып кіргелі Factcheck.kz редакциясы және әлемдегі басқа да халықаралық фактчекиң ресурстар Ресей тарапы таратып жатқан фейктерді әшкерелеп келеді. Мысалы 2023 жылы “Медуза”, The Bell және “Важные историй” журналистері Украинаға қатысты фейк ақпарат тарату мақсатында Ресей бюджетінен шамамен 94 млн доллар бөлінгенін анықтады. Factcheck.kz журналисі Украина астанасы Киевте Stopfake.org редакциясының редакторы, фактчекер Елена Чурановамен кездесіп, ресейлік пропаганда туралы әңгімелесті.

Украиналық фактчекер: Ресейлік БАҚ – ақпараттық соғыстың құралы ғана
Елена Чуранова. Украинадағы ақпараттың рас-өтірігін тексеретін Stopfake.org сайтының редакторы, фактчекер.

Маған ең бастысы адамдардың аман қалуы.

Factcheck.kz: Сәлеметсіз бе! Сұхбатқа келіскеніңізге көп рахмет! Әңгімемізді соғыс кезінде қандай фейк ақпараттарды жиі байқадыңыз деген сұрақтан бастасақ?

Елена Чуранова: Негізі соғысқа дейінгі нарративтермен салыстырсақ, айтарлықтай айырмашылығы жоқ деп нақты айтуға болады. Яғни, көбі бір біріне ұқсайды. Ақапарт жай ғана күшейіп, агрессивті бола түсті. Мысалы “Украина деген ел жоқ”, деп айта бастады. Бұл жағдайға толыққанды қарасақ, олар осындай фейк ақпаратты негізге ала отырып, Украинада “бұрын мұндай ел болмаған” деген оймен де басып кірді. Тіпті мұндағы барлық нәрсені “Ленин жасап беріп кеткен”, “Украинаның тілі де, мәдениеті де, тарихы да жоқ” деп жазғандар да болды. Олар мұнда қылмыскер билікті құлатып, “орыс әлемін” орнатамыз деп Украина деген елді жоққа шығарып жатты. 

Бұдан бөлек, Украинаны ел құрлы көрмей “батыстың”, “АҚШ-тың қол шоқпары” деп, мұндағы билікті батыстағылар “тағайындайды” деп сандырақ әңгімелер де болды. Яғни, мұнда “өңшең русофобтар, нацистер” деген фейктер өте көп тарады. Тағы бір жалған ақпаратқа мысал “батысқа Украинадағы жағдайдың ұзаққа созылғаны тиімді” дегендер де жиі кездесті. 

Мәселен, Ресей Украинаға заңсыз басып кірген кезде ресейліктер әлеуметтік желіде сан түрлі аккаунттар мен топтарды ашты. Олар барынша Украинаның жергілікті тұрғындарын қорғауға келгендей кейіп таныту үшін эвакуация орындарын, қауіпсіз аймақтарға апарамыз деген жалған мәтіндерді жиі тарата бастады. Олардың арасында жергілікті билік өкілдері екенін көрсетуге тырысқандар да болды. 

Егер фактчек туралы айтсақ… Бұл туралы айту қиындау. Себебі маған ең бастысы адамдардың аман қалуы. Ең өкініштісі ресейлік армия өзі біздің елге соққы жасап, атқылап, мұны Украинадан көріп жатады. Ресейлік пропаганда мұндай кезде Украина тарапы өз жерінде осындай соққыны әдейі жасап жатыр деген мазмұнмен көрсетеді. 

Украиналық фактчекер: Ресейлік БАҚ – ақпараттық соғыстың құралы ғана
Сұхбат барысы. Украинаның тәуелсіздік алаңының маңында.

Factcheck.kz: 24 ақпаннан кейін жұмыс істеу қаншалықты қиын болды? Осыны ашып айтып берсеңіз.

Елена Чуранова: Ең қиыны жұмысты жалғастыру болды. Эмоционалды түрде сабырлы болуға тырыстық. Себебі менің екі балам бар және Киевтен кету керек болды. Сондықтан біз батысқа қарай бет алдық. Алдымызда бізді не күтіп тұрғанын білмедік. Мұндай жағдай туындаған кезде де жұмыс істеу керек болды. Біз Киевтен көлікпен шықтық. Біздің көлігімізде отбасым, балаларым және екі мысығымыз болды. Менің кішкентай бір жасар балам бар. Бұған қоса, ноутбукты ашып жұмыс жалғастырып отыру керек болды. Бір қолыммен мақалаларды тексеріп, ақпаратты енгізіп отырдым. Бұл әсіресе бірінші айда қиын болды. Менің күйеуімді мобилизациялаған кезде, бұл психикаға әсер ететін тағы бір фактор болды. Жалпы ең қиын нәрсе – эмоционалды тұрғыда жұмыс істеу деп ойлаймын. Мұның бәрін қалай сипаттайтынымды білмеймін. Біз екі жылдан бері осылай өмір сүріп келеміз. Барлығын қоса есептесек 9 жыл осындай күйдеміз. 

Күндердің күнінде ресейлік арналарда “Қазақстан деген ел жоқ, болмаған”, “неліктен Қазақстанда орыстарға орысша сөйлеуге тыйым салып жатыр” деп айтуы мүмкін.

Factcheck.kz: Бұл сұрақты Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты контекстте қарастырсақ. Алдағы уақытта фактчекиң саласы қандай қауіптерге дайын болуы қажет? Геосаяси жағдайға байланысты Қазақстанға не нәрседен сабақ алу қажет?

Елена Чуранова: Объективтілік. Яғни, фактчекерлердің журналистер сияқты өзіндік стандарттары бар. Қандай жағдай болмасын соңына дейін объективті болу өте маңызды. Бірақ, Құдайға шүкір, бізде не болып жатқанын ешкімге дәлелдеп керек емес. Мұнда кімнің зұлым екенін, кімнің құрбан болып жатқанын дәлелдеудің қажеті жоқ. Барлығы айдай анық. Бәрі Ресейдің не істеп жатқанына және қандай саясат ұстанатынына куә.

Ал егер Қазақстанға келсек: бұл жағдайда біздің мысалға қарау өте маңызды деп ойлаймын. Себебі Ресей бақылайтын ақпараттық ресурстар түбіне дейін түсіну өте маңызды. Қазір сіздерде Ресейдің арналары бар немесе жоқ екенін білмеймін. Бірақ айтқым келгені ресейлік арналар медиа емес екенін түсіну керек. Біз бұл туралы 2014 жылдан бері айтып келеміз. Алайда ол уақытта бізге “диктатура”, “сөз бостандығын шектеп жатыр” деген секілді оймен қарайтын. Айтқым келгені біз мына нәрсені түсіну керекпіз. Ресейлік БАҚ – ақпараттық соғыстың құралы ғана. Мұны өркениетті қоғамның түсінетіне құдайға шүкір. Бұл журналистика да, БАҚ-та емес. Оларды басқаратын адамдар ФСБ-ға (Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі) жұмыс істейді. Мұны ақпараттық тұрғыда үлкен қауіп ретінде көру керек. Мысалы Қазақстанда қандай желіні жиі қолданатынын анықтау керек. Егер сіздердің елдеріңізде Вконтантакте, Одноклассник, тіпті телеграммды қолданатындар көп болса бұл жақсылыққа әкелмейді. Украиналықтардың көзінен жас ақса да, қауіптің бар екенін түсініп тұрсақ та қолдануды жалғастыра бердік. Мәселен қазіргі уақытта ХАМАС тобы телеграмды қолданатыны жасырын емес. Дәл осы секілді Ресей де телеграмды фейк тарату үшін, ақпараттық саясаты үшін қолданып жатыр. Бұл өте қауіпті нәрсе екенін тағы да айтқым келіп отыр. Сәйкесінше, мемлекет бұл мәселеге келгенде абай болғаны жөн. 

Күндердің бір күнінде ресейлік арналарда “Қазақстан деген ел жоқ, болмаған”, “неліктен Қазақстанда орыстарға орысша сөйлеуге тыйым салып жатыр” деп айтуы мүмкін. Яғни, осындай миға сыймайтын әңгімелер. Себебі сіздерде өз еліңіз, өз тіліңіз, мәдениет пен тарихыңыз бар. Осылай кішігірім нәрселерден ол жинақтала береді. Ресей билігі тіл мәселесін негіз етіп алған. Мысалға Донбасс, Қырымдағы жағдайды алсақ болады. Ресейлік пропаганда Украинада орыс тілінде сөйлейтіндердің құқығын таптап жатыр, бандерлер келіп, орысша сөйлеген адамдардың тілін кесейін деп жатыр деген фейк әңгімелерді негіз етіп алуға үйреніп алған. Ең бастысы ресейлік арналарда, әсіресе тілге қатысты айтылып жатқан әңгімелерді бәрі өтірік екенін ұмытпауымыз қажет. Пропагандалық нарративтер өте көп. Ең бастысы осыдан сақ болуымыз қажет. 

Factcheck.kz: Қалай ойлайсыз, адамдар неліктен фактчекерлер дәлел көрсетсе де, пропагандаға сенуге құмар?

Елена Чуранова: Бұл сұраққа меніңше фактчекерден гөрі, психологтар жақсы жауап беретін секілді. Бірақ бізге, яғни, фактчекерлерге қанша дәлел көрсеткен жағдайда да неліктен бұлай болып жатқанын түсіну өте маңызды. Егер бір адам қияли әлемге сенген жағдайда, оны ол әлемнен қайтадан қайтарып алып шығу өте қиын. Мысалы біздің елде де ракеталар тек Донбассқа атқыланып жатқан кезде Boing ұшағын Украина атып, құлатуы мүмкін деп айтып жатқандар болды. Алайда ракеталар Украинаның барлық аймағына атқылана бастағанда бәрі кімнің жау екенін, яғни, ресейлік арналар мен басқа да медиаларды неліктен көрмеу керектігін түсіне бастады. Мұны мойындауымыз керек. Ең бастысы біз өзіміздің жұмысымызды жалғастырып, халыққа шынайы ақпарат беруден шаршамауымыз керек. Біздің елімізде де, шеткі аймақтарда да оларды қолдайтын адамдар болуы мүмкін. Ондай адамдарды мемлекет түрмеге қамауы тиіс. Ең бастысы біз халықты тек шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуіміз керек деп есептеймін. Біздің кешкен күнімізді сіздерге көрсетпеуді жазсын. 

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz