Украина министрі: Ресейлік ақпараттық саясатқа қарсы шешімдеріміз толықтай қате болды

28 шілдеде Украинаның Министрлер кабинетінің шешімімен Мәдениет және ақпараттық саясат министрінің қызметін атқарушы болып Ростислав Карандеев тағайындалды. Бұған дейін бұл министрлікті басқарған Александр Ткаченко отставкаға кетуге өтініш берген еді. Factcheck.kz Украина астанасы Киевте министрдің қызметін атқарушы Карандеев мырзамен кездесіп, ресейлік пропаганда туралы әңгімелесті.

Азаматтардың сыни ойлау деңгейі төмен екенін мойындауымыз керек.

Украина министрі: Ресейлік ақпараттық саясатқа қарсы шешімдеріміз толықтай қате болды
Украинаның Мәдениет және ақпараттық саясат министрінің қызметін атқарушы Ростислав Карандеев. ФОТО: DELFI | DELFI MEEDIA

Factcheck.kz: Сіз министр қызметіне кіріскеннен кейін Ресей тарапынан қандай да бір ақпараттық шабуыл я болмаса қауіп төнген кездер болды ма?

Ростислав Карандеев: Министрдің міндетін атқарушы болып қызметке кіріскеннен бері, өкінішке қарай, Ресей тарапынан қауіп-қатер азаймады да, көбеймеді де. Мен керісінше Ресейдің ақпараттық саясатына қарсы тұру үшін, яғни, жеке жауапкершілігім артқанын толықтай сездім деп айта аламын. 

Енді мәселе неде дейсіз ғой? Мәселе мынада: өкінішке қарай, халықтың, яғни, азаматтардың сыни ойлау деңгейі төмен екенін мойындауымыз керек. Олар ақпаратты оқыған кезде күмәнданғысы келмейді. Оның үстіне көп жағдайда дұрыс, шынайы ақпаратты қажет деп санамайды. Саяси ақпаратты өмірдегі маңызды шешімдерді қабылдау үшін аз адамдар ғана пайдаланатынын айтуымыз керек.  

Ақпарат тұтынушылары, мысалы, телеграмм, сайттағы жаңалықтарды оқығанда, нақты оқиғаларға негізделген шағын новеллаларға ұқсас нәрсе болған соң эмоцияға риза болады. Өкінішке қарай, адамдарға тексерілген ақпаратты тұтынудың гөрі, эмоция қажет. 

Ең маңызды нәрселердің бірі – шындыққа жанаспайтын жалған ақпаратты жан жақты тек тексеру емес, адамның сыни ойлау жүйесін дамыту. Бұл сіздің саяси ұстанымыңыз бен сайлау кезінде қабылдаған саяси шешіміңізге және тікелей өміріңізге әсер ететіндігін түсіну керек. Сіз сыни ойлау жүйеңізді дамытып, мұқият болсаңыз — эмоцияға берілмей шешім қабылдай білуіңіз керек. Ал фейк ақпараттарға қатысты — оның барлығында эмоция бар екенін айта аламыз. Біз мемлекеттік орган ретінде ақпаратқа эмоция қоса алмаймыз. 

Егер нақты бір жанрға келсек, мысалы адамның жеке пікірі, мысалы журналистер өздерінің материалдарында екі тараптың да, яғни, жақтайтындардың да, даттайтындардың пікірін беріп жатасыздар. Мұндай жағдайда эмоция болуы мүмкін. Ал фейкте эмоцияның орны ерекше. Себебі олардың мақсаты — эмоция арқылы белгілі бір тұлғаға не билікке қарсы жағымсыз пікір қалыптастыру.

Ал Ресей ақпараттық саясатын қалай жүргізеді? Олар таратып жатқан ақпараты, қабылдап жатқан шешімдері, нарративтері шынайы екенін дәлелдеуге тырысады. Бұл қарапайым сөзбен айтқанда халыққа шешім қабылдау үшін ақпарат тарату арқылы көмектесу емес, бұл тек “біз сендер үшін шешім қабылдап қойғанбыз, сендерге ойланудың еш қажеті жоқ. Сен ең бастысы біздің айтқанымызды бұлжытпай істе, біздікі дұрыс” дегенді ғана білдіреді. Мұндай нәрсе әрине өте қауіпті. 

Бізге ресейлік пропаганданың ықпалын азайту үшін Украинаның ақпараттық алаңын сапалы әрі сан түрлі контентпен толықтыру қажет.

Factcheck.kz: Украинада ресейлік арналар мен интернет ресурстар бұғатталғанын білеміз. Менің байқауымша, соның өзінде Украинада ресейлік пропагандаға сенетін адамдар әлі бар. Дәл қазір ресейлік пропаганданың Украина азаматтарына әсер ету деңгейін қалай бағалар едіңіз?

Украина министрі: Ресейлік ақпараттық саясатқа қарсы шешімдеріміз толықтай қате болды
Factcheck.kz журналисі Украинаның мәдениет және ақпараттық саясат министр қызметін атқарушы Ростислав Карандеевпен бірге

Ростислав Карандеев: Әрине қазір [Украиналықтарға пропаганда әсреі-ред.] 2014 жылмен не соғыс басталғанға дейінгі кезеңмен салыстырсақ азырақ. Ал біздің ресейлік ақпараттық саясатқа қарсы қабылданған шешімдердің толыққанды дұрыс болмай шықты деуге болады. Неліктен? Себебі бұл ұлттық қауіпсіздігімізге байланысты. Проблема қайда болды деп ойлайсыз? Мысалы неліктен адамдар ресейлік арналарды көрді? Біріншіден, халықтың көп бөлігі кеңес кезінде тәрбиеленген. Сондықтан ресейлік арналарда болған бағдарламалар оларға қызықты еді.

Бұған қоса, орыс тілі әрбір Украинаның тұрғынына қол жетімді болды. Сонымен қатар, көп бөлігі бұл тілде сөйлей алады. Шынын айту керек ағылшын не басқа тілде қызықты бағдарламалар өте көп. Бірақ адамдардың көбі ағылшын тілін білмегендіктен мұны түсіне бермейді. Яғни, өзге тілді білмегендіктен АҚШ, Франция, Германия түсірген фильмдерді түпнұсқада көре алатындардың саны көп болған жоқ. Бұл біз үшін үлкен сынақ деп айтуға болады. Енді бізге ресейлік пропаганданың ықпалын азайту үшін украинаның ақпараттық алаңын сапалы әрі сан түрлі контентпен толықтыру қажет. Бұл жағдайға объектив түрде қарасақ, біз әлі жеңіліп жатырмыз. 

Қазіргі, бақытымызға орай, физикалық тұрғыда бұған шектеу қойылды. Алайда ресейлік арналарды көргісі келетін адам, интернет не спутник арқылы мүмкіндікті бәрібір табады.

Factcheck.kz: Кейбір Батыс медиасы мен сарапшылар Украинада соғыс жағдайында сөз бостандығына шектеу қойылды деп айтып жатқандар бар. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

Ростислав Карандеев: Жалпы алғанда бұл әскери режим кезіндегі шектеу заңы. Мысалы коменданттық сағат – көшеде жүруге шектеу енгізу. Дауыс беру құқығына келсек: сайлау өткізуге шектеу қою. Бұл да адам құқығын шектеу. Яғни, соғыс, өкінішке қарай, мемлекеттің қаржылық, рухани, ұйымдық ресурстарды жұмылдырып, қауіпсіздікке қатысты проблемаларды азайту үшін барынша шектеу қоюға мәжбүр болып отыр. Белгілі бір шектеу болуы керек. Әйтпесе, жауға байсалды әрі лайықты түрде қарсылық көрсету мүмкін емес. Салдарынан медиа мен БАҚ өкілдеріне де белгілі бір деңгейде шектеу болады. Яғни, фейк және жалған ақпараттардың алдын алу үшін мемлекеттік арналарға қатаң талап қойылуы мүмкін. Мұндай уақытта ақпаратты жан жақты тексеру өте маңызды.

Әрине, журналистердің соғыс аймағында болуы Украинаның Қорғаныс министрлігі арқылы толығымен реттеледі және басқарылады. Ол жерде журналистер мен басқа адамдардың физикалық қорғанысы болуы өте маңызды. Бұған каска мен сауытты жатқызуға болады. Ең бастысы мұндай аймақта өзін қалай ұстауы туралы ережелер реттелуі керек. Бұл өте маңызды. Әрине, олар өздері де абай болуы шарт.

Біз спутникті интернетті де толықтай бұғаттай алмаймыз.

Factcheck.kz: Тағы бір сұрақ: Қазақстанда белсенділер билік өкілдеріне ресейлік арналарды бұғаттауды бірнеше рет ұсынған. Алайда бұл мәселе әлі шешілген де жоқ, толыққанды қаралмады да. Сіздердің тәжірибелерңізге сүйенсек, бұл мәселені қалай шешуге болады деп ойлайсыз?

Ростислав Карандеев: Украинада мұның қалай болғанын қараңыз — біріншіден, кеңейтілген ресейлік домендері бар интернет-ресурстар бұғатталды. Екіншіден, Украинада ресейлік хабарлар мен кабельдік телеарналарды таратуға тыйым салынды. Әрине, біз спутникті интернетті де толықтай бұғаттай алмаймыз. Егер пайдаланушылар, ресейлік арналар мен сайттарды қолданғысы келсе, VPN қолдануы мүмкін.

Мысалы, бізде Украина мен Ресейдің шекара аймағында мынадай жағдай болды. Ол жерлерде көбіне украиналық телесигнал бола бермейтін. Себебі әлсіз еді. Ал Ресейдің сигналы мықты болатын. Шекараға жақын тұратын адамдар қай сигнал жақсы ұстаса антеннаны соған сәйкес бұрып қоятын. Яғни, айтқым келіп отырғаны, Украинаның сапалы сигналы болуы керек.

Бұдан бөлек, антеннаны Украинаға қарай бұрсаңыз сигнал болуы керек. Сосын, қызықты бағдарламалар немесе фильмдер шекараға жақын маңда тұратын тұрғындарды қызықтыруы керек. Мысалы, оған жаңалық қызық болмаса, ол фильмдерді қарайды. Ол орыс тілін түсінгендіктен, өзі қалағандықтан ресейлік фильмдерді көреді. Ал мұндай фильмдер украиналық пакетте болмауы мүмкін. Яғни, адамдардың қалауына сәйкес сапалы фильмдер, қызықты бағдарламалар болуы шарт. Бұл әрине, қаржы жағдайына қарасақ, қалтаға ауыр соққы болуы мүмкін. Алайда бұл елдің қауіпсіздігі үшін жасалатынын ұмытпауыз қажет.

Factcheck.kz: Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz