Украина ұшу аппараттарымен Кремльге шабуыл жасауға тырысты ма?

3 мамыр таңғы 5:37-де «Соседи. Якиманка-Замоскворечье» Telegram-арнасында Мәскеудегі жағалау тұрғындары қала ортасынан дүрсіл естіп, түтінді көргені, ол бірнеше минуттан қайталанғаны туралы ақпарат пайда болды. Постқа қоса берілген видеода Кремль сарайы мен одан шығып жатқан түтін таспаланған.

40 минут өткеннен кейін, 6:16-да дәл сол Telegram-арнада тағы бір пост жарияланды. Онда тұрғындар «жарқ еткен ұшқын мен тарс еткен дауыстан кейін Кремль қабырғасы алдынан қол шам ұстаған адамдарды» көргені айтылған.

14:35-те Владимир Путиннің баспасөз қызметі Украина «пилотсыз ұшу аппараттарымен (ПҰА) президенттің кремль резиденциясына соққы жасауға тырысқанын» хабарлады. Ақпарат бойынша, ПҰА екеу болған, олар радиолокациялық күрес жүйесінің көмегімен істен шығарылған. Баспасөз қызметі оқиғаны ұйымдасқан лаңкестік акция және президентке шабуыл деп атап, жауап ретінде шара қолдану құқығы бар екенін мәлімдеді.

Украина президентінің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров Киевтің Кремльге жасалған шабуылға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, Украина «бар күші мен қаражатын біреуге шабуыл жасауға емес, өз аумағын босатуға» бағыттайды.

Күндізгі төрттер шамасында дрондармен жасалған шабуылдың бірінші видеосы пайда болды. «Эксклюзивті кадрларды» 15:41 пен 17:06-да ТВЦ телеарнасы жариялады. Журналистер екі пилотсыз ұшу аппаратының шабуылы Мәскеу уақытымен түнгі 2:27 және 2:43-те болғанын хабарлады (Астана уақытымен 5:27 және 5:43).

Соның артынша осы және басқа да роликтер БАҚ пен әлеуметтік желілерде тарап кетті (1234567).

Бір қызығы, кей ресурстар оларды «украиналық» деп жазуға асықпағанымен, кейбірі РФ президенті баспасөз қызметінің ресми көзқарасын бірден ретрансляция жасады (1234).

Оқырмандардың өтінішімен Factcheck.kz редакциясы Украинаның шабуылға қатысы бар ма, жоқ па – анықтап көрді.

Үкім: Дәлелденбеген

Осы талдауды дайындау кезінде оқиғадан бір тәуліктен аса уақыт өткенімен ПҰА Украинаға тиесілі болғаны туралы ашық дереккөздерде дәлел жоқ. Шабуылдың болғанын дәлелдейтін бірнеше видео ғана бар.

Жаңа деректер пайда болып жатса, материал толықтырылуы, ал үкім өзгеруі мүмкін.


Видеоны 3 мамыр кешке жариялаған кейбір парақша мен БАҚ олардың кейбірінің түпнұсқа екені расталмағанын атап өтті. Біздің талдау видео шынайы, монтаж немесе арнайы эффектілер жоқ деп болжауға мүмкіндік береді. Оған, мысалы, төмендегі видеодағы шатырда тұрған адамдардың қабылдауы дәлел.

Екі адам ғимараттың күмбезіне шығып бара жатады, бірақ пилотсыз ұшу аппараты жалаудың сабына ұшып жеткенде олар тоқтайды, ал жарылысты көргенде еңкейеді.

Осы пилотсыз ұшу аппаратының басқа қырынан түсірілген нұсқасы бар, оны ТВЦ жариялаған.

Бір қызығы, 3 мамыр 17:25-те Мәскеу мэрі Сергей Собянин астанада мемлекеттік билік органдары шешімімен пайдаланылатындардан басқа ПҰА ұшыруға тыйым енгізілетінін хабарлаған.

Factcheck.kz