Ресей қорғаныс министрлігі украин күштерімен соғыста орыс әскерінің жеңістері туралы фейк видео таратты. Бұл туралы The Insider басылымы хабарлады.
9 тамызда Ресей қорғаныс министрлігі Ресей әскерінің Украинаның Сумы облысындағы украин күштеріне жаңадан соққы жасап жатқанын көрсететін видео жариялады. The Insider ақпараты бойынша, мұндағы видео ескі. Ол бұған дейін 14 шілдеде мемлекеттік ТАСС агенттігінің сайтында жарияланған.
Осыған ұқсас оқиғаны журналистер бір күннен кейін тағы байқады. 10 тамызда РИА «Новости» агенттігі Ресей қорғаныс министрлігіне сүйеніп, Курск облысындағы украин әскері мен әскрери техникасына С-13 әуе ракетасымен соққы жасалғаны туралы видео жариялады. Шын мәнінде видеолар Украинаның Донецк және Луганск облыстарында алдын ала түсірілген.
Азаттық Радиосының хабары бойынша, Украина әскері Ресейдің Курск облысына 6 тамызда кірген. Содан бері аймақта шайқас жүріп жатыр. Украина қарулы күштері бірнеше елді мекенді бақылауға алғанын хабарлады, арасында Суджа қаласы да бар. Ресей билігі мұндай ақпараттарды жоққа шығарады немесе түсініктеме бермейді. Дегенмен Курск облысында федералдық дәрежеде төтенше жағдай жарияланған.