НАТО Ресейге шабуыл жасамақ па?

Ақпанның соңында желінің орыс тілді сегментінде «НАТО Ресейге тікелей шабуыл жасауға дайындалып жатыр» деген ақпарат тарады (1, 2, 3). Осы мақаланы жазып жатқан кезде «Вконтакте» желісіндегі жазба 80 мыңнан аса қаралым, 1 500-ге жуық реакция жинады.

Авторлар «Asia Times» басылымы мен «қытайлық әскери сарапшыларға» сілтеп, НАТО бірінші кезекте «Калининградқа шабуылдамақ» деп жазады. Factcheck.kz мәлімдеменің рас-өтірігін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Қытайлық әскери сарапшылар НАТО Калининградқа шабуыл жасайды деп мәлімдеді. Бұл туралы Asia Times хабарлады. Оның үстіне, аймақты әскери альянс Ресейдің «Ахиллес өкшесі» деп санайды, сондықтан жағдай шиеленіссе, алғашқы соққы осы жерге жасалады.

БАҚ Ресей Калининград облысы мен ресейшіл Приднестровье — осал деп жазады. Бұл аумақтар жау күштерімен қоршалған.

Ресей медиасында тараған ақпарат

Үкім: Манипуляция

Кремльшіл медиа дереккөз ретінде көрсеткен «Asia Times» мақаласында «НАТО Ресейге шабуыл жасайды» деген мәлімдеме жоқ. Мақалада Украинадағы атысты тоқтату мүмкіндігіне қатысты қиындықтар талқыланып, Ресейдің соғысты тоқтатуға ынтасының жоқтығына назар аударылады. Ол АҚШ пен НАТО алдында тұрған стратегиялық мәселелерді сипаттап, Минск келісімдері сияқты бұрынғы бейбіт келіссөздерді Ресей Украинаның әскери әлеуетін нығайтуға бағытталған алдамшы тактика ретінде қабылдағанын көрсетеді. Мақалада НАТО-ның қақтығысқа тікелей қатысудағы шектеулеріне де тоқталып, Ресейдің ықтимал соғыс мақсаттары мен Украинаның геосаяси құрылымын өзгерту туралы ойлар айтылады.

Иә, НАТО ресми түрде Ресейді өз мүшелерінің бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне «тікелей қатер» деп жариялағаны рас. Түрлі мақалалар мен НАТО шенеуніктері Ресей агрессиясына жауап ретінде дайындық шараларын көбейтуді талқылаған, бірақ бұл әрекеттер шабуыл емес, қорғаныс стратегиялары ретінде қарастырылады. Қорғаныс пен тосқауылға дайындық пен шабуыл жасауды ажырата білу керек.

НАТО контекстіндегі Калининградқа қатысты нарративтер көбінесе оның стратегиялық маңыздылығына, әскери мүмкіндіктеріне және Ресей мен НАТО арасындағы геосаяси шиеленістерге назар аударады. Калининград Еуропадағы өте әскер көп шоғырланған ресейлік жартылай эксклав болғандықтан, бұл оны НАТО-Ресей қарым-қатынасындағы маңызды объектіге айналдырады. Дегенмен, қолда бар ақпарат НАТО-ның Калининградқа жоспарлаған тікелей шабуылы туралы ешқандай белгі жоқ екенін көрсетеді. Мұндай хабараламаны сыни тұрғыдан бағалау және нақты ақпарат алу үшін сенімді көздерге сүйену маңызды.

Мәлімдеме: Дәл осы шабуылдың дайындалуына байланысты НАТО өз бөлімшелерін Киевке көмекке жібермейді. (…) Осы мақсатта қазір бүкіл Еуропада қырғи-қабақ соғыстан бері өткізілмеген түрлі жаттығулар басталып жатыр. Оның үстіне, барлық осы әскери-демонстрациялық маневрлердің негізгі міндеті – соғысқа нақты дайындық емес, саналы адамдарды «ресейлік қауіппен» қорқыту.

Ресей медиасында тараған ақпарат

Бірінішіден, Кремль медиасы Мәскеу мен НАТО арасында соғыс боп жатыр десе де, альянс Мәскеудің агрессиясына қарсы тұру үшін шайқасқа қатыспай, Украинаны қару-жарақпен қамтамасыз етіп жатыр.

Екіншіден, НАТО өзінің жүйелері мен тактикасын сынау үшін түрлі жаттығу өткізеді. НАТО сайтындағы мәліметке сәйкес, бұл жаттығулар әскерилер мен азаматтық ұйымдарға қиын дағдарыс жағдайында бірге тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

НАТО өткізіп жатқан кейбір жаттығулар:

  • Steadfast Defender 2024. SACEUR жауапкершілігі аймағындағы әртүрлі географиялық орындарда өткізілетін ұлттық және көпұлтты ауқымды тікелей жаттығулар сериясы. Бұл НАТО-ның ондаған жылдардағы ең ірі жаттығуы, оған 31 одақтас пен Швецияның 90 000-ға жуық сарбаздары, матростары мен әскерилері қатысады;
  • Brilliant Jump II. Steadfast Defender 2024 бағдарламасымен байланысты бұл жаттығу НАТО-ның 2024 жылғы Жауап беру Күштерін (NRF) ерте орналастыруды жоспарлау және орындауда сынақтан өткізуге және оқытуға бағытталған;
  • Dynamic Manta. Теңіз жаттығуы суасты қайықтарымен (ASW) соғысу мүмкіндіктерін қолдануға бағытталған.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz