Фактчек | Путин: «Күншығыс елі — Ресей»

2022 жылдың 5 қыркүйегінде өткен «Экожүйе. Қорық аймағы» бүкілресейлік экологиялық жастар форумында Владимир Путин Ресейді Күншығыс елі деп атап, Чукотканың ең шығыс бөлігі «Күншығыс елі» деген атауды ресми иеленіп жүрген Жапониядан да шығысқа қарай орналасқанын айтты.

Мәлімдеме: Жалпы біздің көршілеріміз – жапондықтарды, Жапонияны Күншығыс елі деп атайды, бірақ Камчатка немесе Сахалин Жапонияға қарағанда шығыста секілді, одан да шығысқа қарай Жаңа Зеландия, Жаңа Зеландиядан да шығысқа қарай Чукотка орналасқан. Онда 60 шақырым ғана бұғаз бар, болды – ары қарай Америка континенті. Осы жағынан алатын болсақ, «Күншығыс елі» – Ресей.

Владимир Путин

Factcheck.kz редакциясы расында Ресей күннің шыққанын бірінші болып тамашалай ма деген сұраққа жауап іздеді.

Үкім: Дәлелденбеген

Күннің шығуы — үнемі бір нүктеде қайталанатын тұрақты құбылыс емес. Шығыста күннің шығуын жылына тек екі рет көруге болады — көктемгі және күзгі күн мен түннің теңелген уақытында. Басқа кезде Күнді кімнің алғашқы болып қарсы алатынына күннің ауысу сызығына мемлекеттің қаншалықты жақын орналасқаны мен географиялық ендік әсер етеді. Осылайша, жылдың әр мезгілінде Күн Тонга Корольдігі, Кирибати, Жаңа Зеландия және Самоа сынды елдерде бірінші болып шығады. Ресейге, нақтырақ айтқанда оның шығыс бөлігіне келер болсақ, бізде бар деректер Күн бірінші сол жақтан шығады деген пікірді растауға не жоққа шығаруға мүмкіндік бермейді.

Толығырақ

XIX ғасырдың соңына дейін уақыт белдеуі болған жоқ. Кейін теміржол желілері пайда болған соң оның қажет екені белгілі болды, себебі «жергілікті күн уақытымен» жасалған пойыздардың қозғалыс кестесі шатасып кететін және апаттарға әкеп соқты. 1870 жылы стандартты және белдеулік уақытты енгізу мәселесін талқылау басталды, ал 1884 жылы Вашингтонда өткен Халықаралық меридиандық конференцияда сағаттық белдеулер жүйесі жасалып, күнді ауыстырудың шартты сызығы қабылданды. «Желі» жүргізілгеннен кейін Океания аралдарының көбі оған жақын не соның үстінде орналасты. Сол себепті аралдық мемлекеттер Жаңа жыл немесе жаңа күн қашан болатынын өздері шешуге мүмкіндік алды.

Күннің шығуын бірінші болып Жерде кім қарсы алатынына күресті 1940 жылдары Тонга Корольдігі бастады. Сол кезде Жаңа Зеландия өз уақытын бекітті, ал Корольдік билік жаңазеландия уақытына не Гринвичтен 13 сағатқа алда тұратын уақытқа ауысуы керек болды. Мұрагер ханзада уақыт басталатын жер Тонга болуы керек деп есептеп, +13 сағатты таңдады. Дегенмен 1974 жылы Жаңа Зеландия басшылығы жазғы/қысқы уақытқа ауысу туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде жаздың бірнеше айында елдің құрамына кіретін Чатем архипелагы да Күн шығатын орынға айналды.

Бір қызығы, Күннің шығуына қатысты ең үлкен дауды желідегілер Жаңа Зеландия мен Жапония арасында деп айтады. Дегенмен Жапонияда уақыт белдеуі шектелген, сондықтан Жаңа Зеландия, даусыз, күнді бәсекелесіне қарағанда бірінші болып көреді.

Күннің шығуы бойынша Океаниядағы Тонга мен Жаңа Зеландия арасындағы талас 1995 жылға дейін жалғасты. Бірақ кейінірек Тонга Республикасының көршісі Кирибати Республикасы күннің ауысу сызығын ауыстырып, Кирибатидің Лайн аралы үшін жаңа уақыт белдеуін  (UTC +14) белгілеу туралы шешім қабылдады. Себебі 33 аралдан тұратын мемлекет күннің ауысу сызығының маңында ғана емес, бір уақытта төрт жарты шарда (Солтүстік, Оңтүстік, Батыс және Шығыс) орналасты, сол себепті Шығыс және Батыс Кирибати арасындағы уақыт айырмашылығы 24 сағат болды. Ол өте ыңғайсыз еді, сондықтан ел үкіметі түбегейлі өзгеріс енгізіп, Кирибатидің мәселесін ғана шешіп қоймай, Республиканың бір бөлігін кей күндері Күн сәулесін бірінші болып көруге болатын нүктеге айналдырды. Тағы бір қызық дерек: Кирибатидің 1937 жылы бекітілген туында күннің шығуы бейнеленген.

Болып жатқан оқиғаға Тонга Корольдігі мен Чатем қарсылық танытты, себебі олар жаңа мыңжылдықтың (2000-жылдардың басы) Күнін бірінші болып қарсы алу керекпіз деп есептейтін. Қарсылық еш нәтиже бермеді, Кирибати Тонга және Жаңа Зеландиямен бір қатарда қалды, ал 2011 жылы Күн бірінші көрінетін осы елдердің қатарына, кей деректер  бойынша, Самоа да қосылды. Самоа билігі күннің ауысу сызығының Батыс бөлігіне өту туралы шешім қабылдағаннан кейін Күн Жаңа Зеландияға қарағанда Апиада (Самоа астанасы) кей күндері бірінші шығады.

Айта кетейік, Тонга Корольдігі өзін Жаңа Зеландия (Чатем), Самоа (Апиа) және Кирибати (кей аралдары) сынды әр кезде әрқалай емес, жыл бойы бірінші болып қарсы алатын жалғыз ел деп есептейді.

Океания елдерінде бәрі шатасып кеткен, ал Ресейдегі жағдай одан да қызық. Шығыстағы кейбір аудандар күннің ауысу сызығына жақын ғана емес, биік ендіктерде орналасқан. Онда «ақ түндер» деп аталатын жаздағы құбылысты көруге болады. «Ақ түндердің» нақты астрономиялық анықтамасы жоқ, дегенмен бұл күннің бату және шығу аралығындағы тоқтаусыз азаматтық ымырт деп саналады. Азаматтық ымырт кезінде жарық көкжиектің астына небәрі 0-6° түседі және мұндай төмен дәрежеде таңертеңгі күннің алғашқы сәулелері бүкіл әлемге қарағанда Қиыр Шығыстың аспанында ертерек пайда болуы мүмкін, бірақ біз бұл болжамды растайтын нақты деректерді таппадық.

Көріп отырғанымыздай, «Күншығыс елі» деп аталғанымен Күннің шығуын бірінші болып тамашалайтын елдер қатарында Жапония жоқ. Жапон тілінде Жапония 日本 – Нихон немесе Ниппон (екі нұсқасы да дұрыс) деп аталады. 日 иероглифі «Күн» немесе «күн» (уақыт) дегенді білдіреді, 本 иероглифі «негіз», «көзі», «шынайы», «нағыз», «басты», «тамыры» не «кітап» дегенді білдіреді. Бұрынырақ Жапония 大和 (Ямато), 倭 (Ва) деген атауларды иеленген. Ниппон деп атау VII ғасырдың соңынан басталған және оның пайда болуы туралы бірнеше нұсқа бар. Тан Кітабында (Танның көне тарихы) Жапонияның Қытайдағы елшісіне елдің бұрынғы атауы ұнамағандықтан оны Ниппон деген әдемі атқа ауыстырған деп жазылады. Келесі бір тарихи деректерде елшіге атты ауыстыру туралы ұсынысты Қытай патшайымы У Цзэтянь ұсынған делінген. Қазір мемлекеттің жаңа атауының авторы кім екенін нақты айту қиын, дегенмен бізге атаудың өзгеруі Қытайға байланысты екені белгілі. Себебі Қытайға күн Жапония жақтан келеді, қазір де солай. Жапондықтардың өзі елінің Күннің шығуымен байланысатынын белгі деп санайды, ол мифологияда маңызды рөл атқарады. Ал аңыздар бойынша жапон императорлары Күн Құдайы Аматэрасудың тікелей ұрпақтары.

Қорытынды: География тұрғысынан «Күншығыс елі» көп болуы мүмкін, өйткені ол Күннің қашан, қайда және неге қатысты шығатынына байланысты. Оған қоса күннің ауысу сызығына жақын орналасқан аралдар оны өз қалауларынша ауыстырып, жазғы/күзгі уақытқа өзгерте алады. Әдетте уақытты жылжыту туралы шешім экономикалық немесе саяси жағдайға байланысты қабылданады. Бірақ кейде бірінші болып Күнді қарсы алу (әсіресе Жаңа жылда) туристерді тарту үшін қажет, мәселен Жаңа мыңжылдық алдында туристер ағыны көп болады. Қазір география тұрғысынан бірнеше мемлекет өзін «Күншығыс елі» деп атай алады, бірақ бір жылдан кейін бәрі бұрынғыдай болады деп айту мүмкін емес. Десе де Жапония бұл титулды мәңгі сақтап қалатыны анық. Себебі олар үшін бұл тек Қытайға байланысты географиялық дерек қана емес, мифология, мәдениет пен экономикалық дамуға қатысы бар құнды атау.

Журналист, сценарист. Изучала политическую журналистику.

Factcheck.kz