Уәделерді қадағалау | Мемлекеттік қызметке іріктеу жүргізетін жаңа «Е-қызмет» жүйесі

6 ақпанда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (МҚІА) басшысы Дархан Жазықбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 1 наурызда мемлекеттік қызметке іріктеу жасайтын жүйенің пилоттық апробациясы іске қосылатынын хабарлады. Жазықбаевтың сөзінше, модернизацияланған «Е-қызмет» жүйесі азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасу тәртібін жеңілдетеді.

«Уәделерді қадағалау» айдары аясында Factcheck.kz редакциясы «Е-қызмет» жүйесі іске қосылды ма, қосылса қалай жұмыс істейтінін анықтап көрді.

Үкім: Жартылай орындалды

Мемлекеттік қызмет агенттігі жаңа іріктеу жүйесінің пилоттық нұсқасын https://eqyzmet.gov.kz/ сайтына орналастырды. Ол 5 мекемеге қатысты: МҚІА өзі, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Ақмола облысы мен Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдары. Басқа органдар үшін бұрынғы «Азаматтарға арналған үкімет» сайты арқылы іріктеу жүйесі жұмыс істейді. Бірақ жүйеде әзірге іркіліс көп.

Толығырақ

Іріктеудің жаңа жүйесіне қатысу үшін үміткер бірінші кезекте жеке сәйкестендіру нөмірі мен ЭЦҚ немесе құпиясөз енгізіп, сайтқа тіркелу қажет. Дегенмен кейде түрлі кедергіге тап болады: «eqyzmet.gov.kz сайты әзірге енгізген сұранысты өңдей алмайды» деген жазу шығады. Осы мәселені айтып біз «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ-на жүгіндік, онда бізге күте тұрып, қайта байқап көруді ұсынды. Өкінішке қарай, материал жарық көрген уақытта жүйе бір айдан бері «HTTP ERROR 500» қатесін шығарып тұрды. Атқарушы органның (Мемлекеттік қызмет агенттігі) баспасөз қызметіне келсек, оларға хабарласа алмадық.

Уәделерді қадағалау | Мемлекеттік қызметке іріктеу жүргізетін жаңа «Е-қызмет» жүйесі

Жаңа жүйе қалай жұмыс істеуі керек?

Жаңа жүйе бойынша, үміткер қашықтан «online» қатыса алады, яғни тестілеуден өзіне қолайлы уақытта, әлемнің кез-келген түкпірінен өтуге мүмкіндігі бар. Тек алдын ала бекітілген уақытта өтетін әңгімелесуге ғана келуге міндетті. Сонымен қатар тестілеудің ашықтығын прокториң жүйесі қамтамасыз етеді.

Іріктеудің жаңа үлгісі бірнеше кезеңнен тұрады: мемлекеттік тілді қаншалықты білетінін анықтайтын, жеке қасиеттеріне баға беретін тестілеу, басшылық қызметтер үшін эссе жазу, үміткердің мәтін және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, сондай-ақ қорытынды әңгімелесу. Оған алдыңғы кезең нәтижесі бойынша іріктеп алынған ТОП-3 үміткер қатысады.

Әңгімелесуден кейін сол күні-ақ байқау комиссиясы бос қызметке үміткерлерді іріктейді.

eGov арқылы қалай өтініш беруге болады?

Бірінші кезекте eGov порталына тіркеліп, тегін қызметке тапсырыс беру керек. Ары қарай үміткер байланыс ақпаратын, өз қаласындағы тест тапсыратын жақын бөлімшені таңдап, бағдарламаны (әкімшілік және құқық қорғау қызметі), тестілеу өтетін орын мен күнді көрсететін үлгіні толтырады. Содан соң үміткер форманы өңдеуге жіберіп, «хабарламада көрсетілген уақытта» қажет органның жауабын күтеді.

Үміткер «әкімшілік мемлекеттік қызметке үміткерлерді тестілеуді ұйымдастыру, ереженің негізгі талаптары, бағдарламалар» және «құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін азаматтарды тестілеуді ұйымдастыру және бағдарламалардың негізгі талаптарымен» келісетінін айта кетейік.

eGov ақпараты бойынша, жауапты жеке кабинеттен көруге болады («Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде). Келесі қадам – тестілеу тапсыру үшін өтініш пен басқа да құжаттарды (тізімін мына жерден көре аласыз) мемлекеттік органға тапсыру.

Бұдан бөлек, «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ сайтынан заңнаманы қаншалықты білетініңді анықтау үшін ақылы түрде бақылау тестін тапсыруға болады. Онлайн бақылау тестін төлеп, теріс нәтиже шықса, бұл ақшаңызды қайтаруға себеп болмайды деп атап өтілген.

Мемлекеттік қызметке іріктеуге кім қатыса алмайды?

«Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік қызметке мына азаматтар қабылданбайды:

  • 18 жасқа толмаған;
  • сот әрекетке қабілетсіз не әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;
  • сотталған;
  • белгілі бір мерзім ішінде сот мемлекеттік қызмет істеуіне тыйым салған;
  • қызметін орындауға кедергі келтіретін сырқаты бар;
  • «Мемлекеттік қызмет туралы» заңымен бекітілген шектеулерді орындаудан бас тартқан;
  • мемлекеттік қызметке кірер алдында 3 жыл ішінде мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін теріс қылығы үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған; Ал мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған азаматқа мемлекеттік қызметке жол берілмейді;
  • мемлекеттік қызметке кіріспес бұрын үш жыл ішінде жемқорлық жасап, құқық бұзғаны әкімшілік өтемақы өндірілген;
  • жемқорлық жасағандар.

журналист, фактчекер, выпускница Online Factcheck Academy 2020

Factcheck.kz