Skype қашан жабылады?
5 мамырдан бастап Skype қызметі тоқтатылады. Оның орнын тегін Microsoft Teams платформасы басады. Бұл туралы The Verge хабарлады.
Skype қолданушылары Microsoft Teams жүйесіне кіріп, өздерінің хабарламалар тарихына, топтық чаттарына және контактілеріне автоматты түрде қол жеткізеді. Бұл үшін жаңа аккаунт ашудың қажеті жоқ.
«Егер олар Teams-ке өтуді қаласа, процесс бірден жүзеге асады, өйткені біз олардың нөмірі, хабарламалар тарихы мен қоңырау журналын қалпына келтіру үшін қажетті жұмыстарды алдын ала істедік», – дейді Microsoft компаниясының вице-президенті Амит Фулай.
Осылайша қолданушылар өз дерегін, сөйлесу тарихын жаңа сервиске өткізе алады.
Бұл – таңғаларлық жаңалық емес
Skype-тың дамуын бақылап отырғандарға бұл жаңалық аса таңғаларлық емес. TechCrunch басылымының жазуынша, Microsoft-тың мұндай шешімге келетіні 2016 жылы-ақ белгілі болған. Дәл сол кезде компания Teams платформасын іске қосқан еді.
Microsoft 2015 жылы бизнес үшін арнайы Skype қолданбасын шығарғанымен, Teams-тің пайда болуы компанияның бұл саладағы жаңа бағытын көрсетті. Teams Slack-тің көшірмесі деп айтылып келді, бірақ Microsoft-тың негізгі мақсаты – бірлескен жұмыс ортасын құру еді. Бұл платформа компанияның бейне және мәтіндік чат қызметтерін қамтып, Skype-тың негізгі функцияларын қайталады.
2017 жылы Microsoft бизнеске арналған Skype-тан кезең-кезеңімен бас тартатынын хабарлады. Бұл процесс төрт жыл ішінде аяқталды. Сол жылы Windows 11 жүйесіне Teams-ті интеграциялау туралы шешім қабылданып, Skype екінші орынға ығыстырылды.
Skype қалай пайда болды?
SecurityLab деректеріне сүйенсек, Skype-тың тарихы 2000-жылдардың басында басталды.
Алғашқы қадамдар
Интернет арқылы арзан халықаралық қоңыраулар жасау идеясы 2000-жылдардың басында пайда болды. 2002 жылы швед кәсіпкері Никлас Зеннстрём мен дат кәсіпкері Янус Фриис peer-to-peer технологиясын дауыстық байланысқа қолдануды ойластырды. Бұған дейін олар танымал Kazaa файл алмасу сервисін жасап, жетістікке жеткен.
Олар эстондық программистер Акти Хейнла, Прийт Казесалу және Яан Таллинмен бірігіп, жаңа жобаға кірісті. 2003 жылы VoIP технологиясы қарқынды дамып жатқан кезде алғашқы «Skyper» деп аталатын бета-нұсқа пайда болды. Кейін «Skype» болып өзгертілді.
Бұл сервис тегін халықаралық қоңыраулардың символына айналып, цифрлық коммуникацияда жаңа дәуірді бастады.
Аз уақыттағы танымалдық
Skype алғашқы айларда-ақ үлкен сұранысқа ие болды. Қызметтің іске қосылғанына небәрі 18 ай өтсе де, оны 37 миллионнан астам адам қолданды. Бұл байланыс индустриясында нағыз төңкеріс жасады.
2000-жылдардың ортасына қарай Skype-ты миллиондаған адам күнделікті байланыс құралы ретінде пайдаланды. Ол алыс-жақын туыстармен, достармен және бизнес-серіктестермен байланысудың негізгі тәсілінің біріне айналды.
Skype сатылымы және жаңа иелері
Skype-тың жетістігі ірі компаниялардың назарын аударды. 2005 жылы eBay компаниясы оны 2,6–3,1 миллиард долларға сатып алды. Бұл мәміле eBay-ге электронды сауда мен байланыс технологияларын біріктіруге мүмкіндік беруі керек еді, алайда интеграция сәтсіз шықты.
Компания басшылығы мен Skype негізін қалаушылар арасында келіспеушіліктер туындап, 2008 жылы Зеннстрём мен Фриис жобадан кетті. Осыдан кейін сервистің болашағы белгісіз болып қалды.
2009 жылы eBay сервис акцияларының негізгі бөлігін Silver Lake, Andreessen Horowitz және Canada Pension Plan Investment Board секілді инвесторларға сатты. Бұл мәміле компанияны шамамен 2,75–2,92 миллиард долларға бағалап, негізін қалаушыларға 14% үлесті сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Microsoft дәуірі және үлкен өзгерістер
Skype тарихында ең үлкен өзгеріс 2011 жылы болды. Microsoft VoIP технологияларының болашағын және оларды өз өнімдерімен біріктірудің маңызын түсініп, Skype-ты 8,5 миллиард долларға сатып алды. Бұл мәміле Microsoft-тың ең ірі келісімдерінің бірі саналып, Skype-тың жаңа кезеңге қадам басуына себепші болды. Осы сәттен бастап, ол компания экожүйесінің ажырамас бөлігіне айналды.
Skype-тың рөлі
2025 жылғы 5 мамырда Skype қызметінің тоқтатылуы – интернет-коммуникация саласындағы ең ықпалды платформаның дәуірі аяқталғанының белгісі. Өз уақытында бұл сервис әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарға байланыс орнатудың керемет әдісін ұсынды.
Алайда уақыт өте келе технология жылдам дамып, жаңа әрі ыңғайлы платформалар пайда болғандықтан, Skype өз орнын сақтап қала алмады.
Контекст
2019 жылы Microsoft құпиялылық саясатын өзгертіп, қолданушылардың әңгімесін тыңдайтынын мойындады. Компания Cortana және Skype Translator пайдаланушыларын қызметкерлер мен мердігерлер дауыстық деректерді жинауға құқылы екенін ескертті.