OpenAI Sora видео генераторын ChatGPT-ге енгізбек

OpenAI алдағы уақытта Sora атты видео генерациялайтын құралын ChatGPT чат-ботымен біріктіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы TechCrunch жазды.

Әзірге Sora тек арнайы уеб-қосымшада жұмыс істейді. Ол қолданушыларға 20 секундқа дейін кинематографиялық видеолар жасауға мүмкіндік береді. Дегенмен OpenAI компаниясының өнім жетекшісі Рохан Сахай Sora-ны басқа платформаларға да енгізу әрі оның мүмкіндіктерін кеңейту жоспарда бар екенін айтты.

Алғашында OpenAI Sora-ны шығармашылық мамандар мен видео өндіріс студияларына бағыттаған. Енді компания бұл құралды кең аудиторияға ұсынуға күш салғалы жатыр.

Сахайдың айтуынша, OpenAI қазір Sora-ны ChatGPT ішінде қолжетімді етуді қарастырып жатыр, бірақ нақты мерзімі әлі белгісіз. Дегенмен ChatGPT-де іске қосылатын Sora нұсқасы уеб-қосымшадағыдай толық басқару мүмкіндігін бермеуі мүмкін, яғни қолданушылар видео үзінділерін өңдеп, біріктіре алмауы ықтимал.

OpenAI бұл қадам арқылы ChatGPT-ге жаңа қолданушылар тартуды көздейді әрі оларды премиум жазылымға ынталандырып, видео жасау лимитін арттыруы мүмкін.

Сахайдың сөзінше, ChatGPT-дің қарапайымдылығын сақтау үшін Sora бастапқыда бөлек уеб-қосымша ретінде шығарылған. OpenAI болашақта Sora-ның мүмкіндіктерін тек видеомен шектемей, суреттер генерациясын қосуды да жоспарлап отыр. Мәселен компания Sora негізінде жұмыс істейтін жаңа сурет генераторын жасап жатыр. ChatGPT қазірдің өзінде OpenAI-дің DALL-E 3 моделін қолданып, суреттер жасай алады. Ал Sora-ға негізделген генератор фотосуреттерді анағұрлым шынайы етіп жасап береді.

Контекст

Бұған дейін OpenAI Sora деп аталатын видео шығаратын жасанды интеллект құралын іске қосқанын жазғанбыз. Dall-E кескін генераторына ұқсайтын жүйе мәтіндік сұраулар негізінде сапалы видеолар жасайды. Генератор фотолардан клип құрастырып, бұрыннан бар видеоларды ұзартады не жетіспейтін кадрларды толықтырады. OpenAI өкілдері Sora-ны алғаш болып АҚШ пен басқа елдердің қолданушылары пайдаланатынын хабарлады. Ал Еуропа, Ұлыбритания және бірқатар аймақ үшін құрылғыны іске қосу мерзімі әлі белгісіз.

Журналист

Factcheck.kz