Фактчекерлер Community Notes-та жиі қолданылатын дереккөздердің үштігіне кірді

Испаниялық Maldita сайтының зерттеуіне сәйкес, кәсіби фактчекерлер X әлеуметтік желісінің Community Notes функциясында ең көп сілтеме жасалатын дереккөздердің алғашқы үштігіне кірді. Poynter хабарлауынша, бұл функция қолданушыларға қате немесе шатастыратын жазбаларға қосымша ақпарат қосуға мүмкіндік береді.

Зерттеу қорытындысына сүйенсек, қолданушылар кәсіби ұйымдарға сілтеме жасалған жазбаларға көбірек сенеді. Бұл оларға жалған ақпаратты тез анықтауға әрі оның кеңінен таралуын болдырмауға көмектеседі.

X желісінің дерегіне сәйкес, қолданушылар Community Notes жазбаларында жиі фактчекиң ұйымдарға жүгінеді. Зерттеу авторлары 2024 жылы әлем бойынша жазылған 1,2 миллионға жуық ескертпені талдаған:

  • Фактчекерлерге сілтеме жасалған жазбаларға сенім жоғары болғанымен, 85% ескертпе қолданушыларға көрінбейді.
  • Орташа алғанда, тек 8,3% ескертпе көрінеді, егер жазба фактчекерлік ұйымға сүйенсе, бұл көрсеткіш 15,2%-ға дейін өседі.

Ескертпелердің көріну деңгейі төмен болғанының себебі — Community Notes-ты жариялау үшін әртүрлі саяси көзқарастағы қолданушылардың келісімі қажет.

Контекст

7 қаңтарда Meta корпорациясының бас директоры Марк Цукерберг Meta платформаларында (Facebook, Instagram) тәуелсіз фактчекиң бағдарламасын тоқтатып, оның орнына Community Notes функциясын енгізетінін мәлімдеді. Бұл өзгеріс X (бұрынғы Twitter) мысалына негізделген.

Цукерберг бұл шешімнің негізгі мақсаты – Facebook пен Instagram-да пікір еркіндігін сақтау дейді. Мұндай қадам Цукербергтің жаңадан сайланған президент Дональд Трамппен кездесуінен кейін қабылданды. Трамп бұған дейін бірнеше рет Meta мен оның басшысын өзіне және жақтастарына әділетсіздік танытты деп айыптаған.

Meta-мен серіктес фактчекерлік ұйымдар Цукербергтің фактчекерлерге қатысты әділетсіз айыптауларына және бағдарламаның цензураны күшейтті деген пікіріне келіспейтінін білдірді.

Журналист

Factcheck.kz