Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгерту туралы пікірталас жүріп жатқанына ондаған жылдан асты. 2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл қаласының атын өзгерту күн тәртібінде тұрған жоқ деп деген еді. «Бұл мәселе әлі де күн тәртібінде тұрған жоқ, бұл кулуардағы пікірталастар. Халық не десе, мен сол позицияны ұстнамын» деді ол. Биыл, 2024 жылдың тамызында, Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Бізде абаттандыру, жылу, әлеуметтік және экономикалық дамуға қатысты басқа да көптеген мәселе бар» деді. Оның сөзінше, бүгінде бұл сұрақ көтеріліп, айтылып жатыр. Біреулер қолдаса, енді біреулер әлі уақыты келмеді дегенді айтады. Дей тұрғанмен, ашық дереккөзде жергілікті халықтың пікіріне қатысты сауалнама жоқ екенін де ескеру керек.
Бұл тұста медиада жарияланып жүрген материалдар мен мақалаларда кейбір адам Петропавл қаласы бұрын Қызылжар деп аталғаны туралы білмейтін боп шығады не мұны тереске шығарып жатады. Осы тұста Factcheck.kz авторы Рүстем Арманов Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивіне барып, құжаттармен танысып қайтты. Ол Петропавл қаласы бұрын Қызылжар деп аталды ма деген сұраққа жауап іздеді.
1925 жылғы құжаттарға сай, Қазақстанда Петропавл қаласын Қызыл-Жар деп өзгертуге талпыныс расымен болған. Бірақ жергілікті басқарушы билік шешімі Бүкілресейлік атқару комитетінен өтпей қалған.
Қазақ орталық атқару комитеті 1925 жылы қыркүйекте Ақмола губерниясының орталығы Петропавл қаласын Қызыл-Жар деп өзгерту туралы өтінішхат толтырады. Құжатқа комитет төрағасы Мұңбаев пен хатшы Аралбаев қол қояды. Мұндай өтінішке себеп ретінде негізгі 2 аргумент айтылды.
- «Әулие Петр мен Павелдің» құрметіне қойылған қала атауы қаладағы жұмысшы топтың атеистік санасына сәйкес келмейді.
- «Қызыл-Жар» атауы жергілікті қазақ халқының арасында бұрыннан қолданыста бар.
Қала тұрғындары мен провинция тұрғындары тарапынан ешқандай қарсылық болған жоқ. Негізінен аргументтердің бірі, жергілікті тұрғындар арасында Қызыл-Жар атауының бұрннан қолданылуы бұл атаудың аймаққа таңсық еместігіне жанама дәлел болар еді.
Осылайша, бұл өтініш Бүкілресейлік орталық атқару комитетіне жіберілді


Алайда Бүкілресейлік орталық атқару комитеті жанындағы әкімшілік комиссиясы 1925 жылы 10 қазанда бұл ұсыныстан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Осылайша, аймақта қаланың Петропавл атауын өзгерту туралы ұсыныстар тек тәуелсіздік алғаннан бері емес, бұрыннан қозғалып келеді. Мысалы, Петропавл қаласынан шыққан «Бостандық туы» газетінің 1924 жылғы санында да қала атауын Қызылжарға ауыстыру туралы мәселе көтеріле бастаған.
Автор деректерді табуғы көмектескен Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры
Сауле Маликоваға алғыс айтады
Басты беттегі сурет: Петропавл қаласы әкімдігінің Facebook парақшасы
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.