Астанадағы LRT туралы фейк видео тарады

Instagram әлеуметтік желісіндегі қазақша парақшаларда «Астана ЛРТ құтты болсын» деген мәтінмен LRT пойызының видеосы тарап жатыр (1, 2, 3, 4; архивтелген нұқасы 1, 2, 3, 4). Factcheck.kz редакциясы видео расымен Астанада түсірілді ме деген сұрақтың жауабын іздеді.

Астанадағы LRT туралы фейк видео тарады
Instagram әлеуметтік желісінің скриншоты

Үкім: Фейк

Қазақстан үкіметі мен Астана әкімдігі LRT құрылысы аяқталғаны мен пойыздардың жүре бастағаны туралы ресми хабарламады. Желіде тарап жатқан видеода Өзбекстанның Ташкент қаласындағы LRT бейнеленген.

Желіде тарап жатқан бейнелердегі LRT-ның бағаналары Астана қаласындағы құрылысқа ұқсамайды. Есесіне, Ташкентте салынған LRT-ның бағаналарына ұқсайтынын байқауға болады.

  • Астанадағы LRT туралы фейк видео тарады
  • Астанадағы LRT туралы фейк видео тарады

Медиада тараған видео мен суреттерден де (1, 2, 3) LRT туралы видео Өзбекстанда түсірілгенін байқаймыз.

Ташкенттегі LRT құрылысы 2017 жылы басталған. Жер үсті метросының желісі Өзбекстан тәуелсіздігінің отыз жылдығы құрметіне аталды. Қазіргі күні 19 станция бар. Оның 14 станциясы «Дустлик-Куйлюк» бағытында, қалған 5 станция «Шыланзар» желісінің «Алмазар-Сергелі» бағытында қозғалады.

Астанадағы LRT құрылысына жауапты компанияның басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев LRT-ны іске қосу 2025 жылдың соңына жоспарланғанын айтқан. 2024 жылдың соңына дейін стансалардың негізгі темірбетон конструкциялары құрылысын ғана аяқталатыны хабарланған. Жеңіл рельсті желінің жалпы ұзындығы 22,4 км болады. LRT құрамына 18 станса кіреді. 652 адам сыятын 19 жылжымалы құрамды іске қосу жоспарланған. Қозғалыс аралығы 4-5 минут болады. Бастапқы кезеңде тәулігіне 25 мың адам жолаушы ағыны күтіледі, бұл ретте жолаушылар ағыны ең жоғары уақытта тәулігіне 92 мың адамға жетуі мүмкін. Бұл — Астана әкімдігі мен «City Transportation Systems» ЖШС-нің LRT туралы жариялаған кейінгі жаңалығы. 2025 жыл басталғалы транспортқа жауапты мекеменің сайтында да, үкімет желісінде де ешқандай хабарландыру жарияланбады.

 

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz