Кейінгі кезде әлеуметтік желілер мен медиада «Қазақстан әлемдегі ең лас елдердің рейтиңінде 40-орында» екені жазылып жүр. Тіпті, кейбір ақпаратта «Алматы әлемдегі ең лас 10 ірі қалалардың қатарында» екені айтылады. Factcheck.kz редакциясы Қазақстан билігі климатты жақсартуға бөлетін қаржыны талдап, оның қаншалықты дұрыс жұмсалып, пайдаға асып жатқанын анықтап көрді.
Бұл мақалада климатты жақсартудағы «жаңартылған энергия көздеріне» (ЖЭК)* баса назар аударамыз. Себебі, БҰҰ-ы климаттың жақсаруына әсер ететін негізгі факторлардың бірі — ЖЭК арқылы өндірілетін энергияға көшу екенін көрсеткен. Ұйымның болжауынша 2030 жылға жақын 65% электр энергиясы ЖЭК арқылы өндіруге тиіс. Бұл 2050 жылға қарай энергетикалық секторды 90%-ке декарбонизациялауға мүмкіндік береді, тиісінше көміртегі шығарындыларын айтарлықтай азайтады және климаттың өзгеруін азайтуға көмектеседі. Ал, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға дейін энергияның 15%-і ЖЭК арқылы өндіру керек екенін айтқан.
Қазақстанда ЖЭК-ке жылына жүзедеген миллион теңге бөлінетініне қарамастан, жалпы электр энергиясын өндіру көлемінде ЖЭК үлесі өте төмен.
Қазақстандағы жаңартылған энергия көздерінің көрсеткіштері
Алдымен, Қазақстандағы ЖЭК арқылы өндірелетін энергияның негізгі көрсеткіштеріне тоқталайық: 2023 жылдың қорытындысы бойынша 44 463 млн кВт/с энергия өндірілген. Еліміздегі жағдайды толық түсіну үшін кейінгі жылдардағы көрсеткіштерді салыстырып көрдік.
Қазақстандағы қазіргі күн жаңартылған энергия көздерін өндіретін 148 станция бар. 2024 жылдың алғашқы жарты жылдығында ЖЭК арқылы 38 960 млн. кВт/с энергия өндірілген. Бұл жалпы электр энергиясының 6,47%-і. 2024 жылдың алғашқы жарты жылдық қорытындысы бойынша бір ғана СЭС құрылысы аяқталған.
Осы көрсеткіштерді жақсарту үшін жұмсалып жатқан қаржыға тоқталайық.
Жаңартылған энергия көздеріне қатысты ойнатылған тендерлер және жұмсалған қаржы
ЖЭК-ке қатытсы мемлекеттік сатып алулар порталында жарияланған тендерлерге тоқталайық. Ол үшін Қазақстандағы жаңартылған энергия көздерінің энергетика секторларын жеке-жеке қарастырамыз.
Күн электр станциясы (КЭС)
Қазақстанда күн энергиясын өндіретін 46 станция жұмыс істейді. Мемлекеттік сатып алулар порталынан, 2024 жылы күн электр энергиясына қатысты 15 тендерді байқауға болады әрі жалпы сомасы — 24 820 481 теңге. Тендерлерің басым бөлігі тауарды сатып алу бойынша ұйымдастырылған. Солардың ішіндегі ең ірі тендерлерге тоқталып өтейік. Қарашаның 1-і күні, күн электр станциясының жиынтығын сатып алуға 5 897 321 теңгелік тендер жарияланған. Техникалық сипаттамасына сәйкес, қуаты 5 кВт немесе 220 В болатын 2 дана күн электр станциясының жиынтығы сатып алынады. Бұл тендерді Маңғыстау облысының басшылығы ұйымдастырған. Осындай тендерді жылдың басында Түркістандық мекеме ұйымдастырған. Алайда, ондағы сома екі есе аз. 2 575 000 теңгеге 6,8 кВт қуаты бар 2 күн электр станциясы алынған. Ал, Қостанай облысына қарасты әкімдік 1,8 кВт немесе 300 Вт күн электр станциясының 1 данасына 1 853 571 теңге жұмсаған.
- 2023 жыл: 18 тендер — 13 653 070 теңге;
- 2022 жыл: 17 тендер — 107 811 493 теңге;
- 2021 жыл: 25 тендер — 178 529 337 теңге;
- 2020 жыл: 23 тендер — 247 293 216 теңге;
- 2019 жыл: 23 тендер — 662 298 330 теңге.
2019 жылдан бастап мемлекеттік сатып алым порталында 1 234 405 927 теңгелік тендер жарияланған.
Су электр станциясы (СЭС)
Қазақстанда электр энергиясын судан өндіретін 40 СЭС бар. 2023 жылы 39 болған. Мемлекеттік сатып алулар порталынан, 2024 жылы су электр энергиясына қатысты 23 тендерді байқауға болады: жалпы сомасы — 6 208 603 теңге. Қарағандыдағы Ынтымақ су қоймасында СЭС құрылғысын сынақтан өткізу және электр өндіру қызметіне 1 485 000 теңге бөліген. Алматы облысындағы Қаратал СЭС-4-тің 110 кВ ұяшығының электр жабдықтарына жедел қызмет көрсетуге 1 246 000 теңге қарастырылған. Сондай-ақ, Самұрақ-Қазынаның сатып алулар порталында Ертіс маңындағы Шүлбі су электр станциясындағы суды бақылау өлшемдері сатып алу қызметіне 1 096 239 теңге бөлінген. Дәл осы станцияның № 4-ғимаратындағы ГА баспалдағының маршын жөндеуге 27 946 000 теңге жұмсалған.
- 2023 жылы 80 тендер — 2 736 491 077 теңге
- 2022 жылы 76 тендер — 203 540 576 теңге
- 2021 жылы 34 тендер — 1 600 770 003 теңге
- 2020 жылы 34 тендер — 2 073 291744 теңге
- 2019 жылы 14 тендер — 432 452 021 теңге
2019 жылдан бері мемлекеттік сатып алым порталында 7 052 754 024 теңгелік тендер жарияланған.
Жел электр станциясы (ЖЭС)
Елімізде желден энергия алатын 59 станция жұмыс істейді. Жел энергиясына қатысты, тек, бір ғана тендер таптық. Бұл 1 100 000 теңгелік жел генаторларын сатып алу бойынша ұйымдастырылған тендер. Техникалық сипаттамаға сәйкес, 1,5 кВт/24 В болатын 2 жел генараторы алынуы керек. Бұл Ақмола облысындағы Қорғалжын жел электр станциясына жеткізіледі.
Биогаз электр станциясы (БиоЭС)
Қазақстанда БиоЭС өндіретін электр энергиясының қуаты тым аз. Елімізде бұл салада жұмыс істейтін тек 3 станция бар. Мемлекеттік сатып алулар порталынан биогазды электр энергиясын өндіруге қатысты тендер таппадық. Кейінгі уақытта БиоЭС-ке Қазақстан билігі және Экология министрлігінің қанша ақша құртқаны жөнінде де дерек жоқ.
Жұмсалған шығындар нәтиже беріп жатыр ма?
Жоғарыда айтылған қаржы көлемінің нәтиже қандай беріп жатқанын түсіну үшін, кейінгі жылдардағы ЖЭК арқылы өндірілетін энергия мен климатқа зиян келтіретін, яғни дәстүрлі энергетика секторының негізгі көрсеткіштерін талдайық. Алдымен зиянды энергетика секторы деген түсінікті ашып алайық. Қазақстандағы климатқа зиян тигізетін энергия секторын үшке бөліп қарастыруға болады: көмір, газ және мұнай арқылы өндірелетін энергия. Осы туралы «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығының атқарушы директоры Тимур Шалабаевтан пікір алдық.
Бүгінгі таңда климатқа зиянды шығарындылардың 70%-і энергетикалық саладан келеді. Сондықтан электр және жылу энергиясының «жасыл» көздеріне көшу, энергетикалық секторды көміртексіздендіру, климатты жақсартудағы ең маңызды қадам. Климатты ластаушы заттардың көбі дәстүрлі энергия көздерінен келеді: көмір, мазут, газ және т.б. Еліміздегі электр және жылу энергиясы негізінен көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларында өндірілгендіктен, климат саласында қиыншылықтар бар. Қазіргі таңда, электр энергиясын ЖЭК арқылы өндіруге ақырындап ауысып жатсақ, жылу энергиясы саласында декарбонизациялау мәселелері бар. Осы энергетика секторының дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділігі климатты жақсартуға кері әсер етпек.
«Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығының атқарушы директоры Тимур Шалабаев
Айтылған ақпаратты нақтылау үшін, статистикаларды талдап көрейік. 2023 жылы бастапқы тұтынылған* 73 337 мың тонна мұнай эквивалент энергияның (ТНЭ), 71 921 мың ТНЭ энергиясы дәстүрлі энергия арқылы өндірілген. Бұл жалпы энергияның 98.07%-і (49.66% – көмір, 21.68% – мұнай, 26.73% – газ). 1,74%-і ғана ЖЭК арқылы өндірілген энергиядан тұтынылған. Біз кейінгі 2015-2023 жылдардағы деректерді салыстырып көрдік.
Ал, елімізде өндірілген энергияның түпкілікті тұтынуда (барлық энергия) 69,6%-і көмір, газ, мұнайға тиесілі болса, 15,3%-і жылу энергиясына, 15%-і электр энергиясына тиесілі. Қалған 1%-ке жуығы БиоЭС арқылы тұтынылған.
Байқап тұрғанымыздай, кейінгі жылдары көмір арқылы өндірілген энергияны тұтыну көрсеткіші бір қалыпты. Ал, СЭС және БиоЭС-тен өндірілген энергияны тұтуны көрсеткіші жылдан жылға төмендеп келеді.
Кейінгі жылдардағы Қазақстандағы электр энергиясының өндірісінде, жаңартылған энергия көздерінің проценттік үлесі де бірқалыпты. 2023 жылы ірі СЭС-тен өндірілетін энергияны қосқанда 12,7% энергия ЖЭК арқылы өндірілсе, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 11,8% болған. 2016 жылы да 12,7% болып, өткен жылға дейін процент мөлшері төмендеген.
ЖЭК көрсеткіштері бойынша есептейтін, әлемдік Green Future Index реңтиңінде Қазақстан жылдан жылға төмен түсіп бара жатыр. Мәселен, 2021 жылы Қазақстан рейтиңнің 33-орнында болса, 2022 жылы 49-орынға жайғасқан еді. Ал, өткен жылы тағы да төмен түсіп, 54-орында болғанбыз.
2023 жылмен қоса алғанда бүгінге дейін Қазақстандағы климатты жақсартуға, соның ішінде жаңартылған энергия көздерінен өндірілетін энергия мөлшерін арттыруға, 2 782 273 231 теңгелік тендер ойнатылғанын байқадық. Дегенмен, біз негізгі көрсеткіштерді салыстыра келе, энергияның едәуір басым бөлігі әлі де дәстүрлі энергетика секторынан алынатынын зерттеп, ЖЭК өндіретін энергияның мөлшері жыл сайын тек 1-2%-ке ғана артып жатқанына көз жеткіздік. Ал, сол энергияның тұтыну мөлшері тіпті төмен, нақтырақ 1,74%-і ғана екенін анықтадық. Әлемнің жаңартылған энергия көздеріне көшу туралы рейтиңінде де төмен түсіп бара жатырмыз.
Анықтама
Жаңартылған энергия көздері — табиғи процестер есебінен үздіксіз жаңартылатын энергия көздері, оған мынадай энергигя түрлері кіреді: күн сәулесінің энергиясы, жел энергиясы, судың гидродинамикалық энергиясы; геотермалдық энергия: топырақтың, жер асты суларының, өзендердің, су айдындарының жылуы; сондай-ақ бастапқы энергия ресурстарының антропогендік көздері: тұтыну қалдықтары, биомасса, биогаз және электр және жылу энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын тұтыну қалдықтарынан өзге отын.
Энергияны жалпы бастапқы тұтыну — шығындарды ескере отырып, барлық қажеттіліктерге, ішкі нарыққа бастапқы энергия мен оның баламаларын жеткізудің жалпы көлемі. Бұл көрсеткіш (1000 тнэ) – мың тонна мұнай эквивалент арқылы есептелінеді.