13 қазанда Желіде ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель айтты делінген мәлімдеме (1, 2, 3, 4, 5) тарады. Олардың жазуынша, Боррель Бельгияның Брюгге қаласындағы Еуропалық дипломатиялық академияның ашылуында «Еуропа – бақ, ал оны қоршаған әлем баққа басып кіруі мүмкін джунгли» деген.

Factcheck.kz редакциясы Боррельдің шын мәнінде не дегенін, айтқан болса қандай мәтінде, қандай мағынада айтылғанын тексерді.
Үкім: Шындық және манипуляция
Несі рас: Жозеп Боррель Брюггедегі Еуропалық дипломатиялық академияның ашылуында студенттердің алдында сөз сөйлеп, Еуропаны бақ, ал басқа әлемнің көп бөлігін баққа басып кіруі мүмкін джунгли деп атады.
Несі манипуляция: Желідегі кей парақшалар Боррельдің ары қарай не дегенін де келтірілген. Ол бақты қабырға салу арқылы қорғаудың қажеті жоқ екенін, еуропалықтарға басқа әлеммен көбірек қарым-қатынас орнатып, әсіресе Украинадағы соғыс кезінде көмек көрсету керек екенін айтқан. Осылайша, желідегі сөздер контекстен жұлынып алынған үзінді ғана.
Сондай-ақ Боррель сөйлеу кезінде бірнеше рет басқа елдермен серіктестік орнатып, көмектесу қажет екенін айтқан.
Біз артықшылыққа ие болған адамдармыз. Бізде үш нәрсе үйлесім тапқан – саяси еркіндік, экономикалық өркендеу және әлеуметтік бірлік. Алайда біз өмір сүруді ерекшелік ретінде талап ете алмаймыз. Заманымыздың күрделі сын-қатеріне тап болған елдерге қолдау көрсетуге міндеттіміз.
Бақты сақтаңдар, жақсы бағбан болыңдар. Бірақ сіздердің міндеттеріңіз баққа емес, сырттағы джунглиге қамқорлық болмақ.
Дей тұрғанмен, Еуропаның сыртындағы әлемді джунглиге теңегеніне наразы болғандар көп болды. Әлеуметтік желі қолданушылары Боррельдің сөзін «нәсілшіл және отаршыл көзқарас» деп атап, «Еуропаның басым екені туралы ескі пікірді сипаттайды» деп шамданды.
Ресейдің СІМ ресми өкілі Мария Захарова да саясаткердің метафорасына жауап беріп, «Еуропа бұл «бақты» тонау арқылы жасады, ал Еуропаның өркендеу жүйесі отарлау арқылы жүзеге асты» деп мәлімдеді.
Брюггедегі сөзінен кейін бес күн өткенде, яғни 18 қазанда Боррель ресми мәлімдеме жасап, өзінің сөзін түсіндіруге тырысты:
«Бақ» пен «джунгли» метафорасын мен ойлап тапқан жоқпын. Біреулерге ол шынында ұнамайды, себебі оны, әдетте, америкалық неоконсерваторлар қолданады, бірақ мен мұндай саяси ойдағы мектептен алыспын. Шын мәнінде, бұл тұжырымдама ондаған жылдан бері академиялық және саяси дебаттарда пайдаланылады, себебі ол біз күн сайын кезігіп жүрген қарапайым сұраққа жатады: халықаралық тәртіп, қатысушылардың күшіне қарамастан, бәрі мойындаған принциптерге негізделуі керек пе, әлде «джунгли заңы» деген атпен танылған ең күштінің принципіне ме? Өкінішке қарай, біз өмір сүріп жатқан әлем «джунглиге» көбірек ұқсап, «бақтан» алыстап бара жатыр. Себебі әлемнің көп бөлігінде күштінің заңы бәріне ортақ халықаралық нормаларды бұзып жатыр.
Боррельдің сөзінше, оның «джунгли» туралы айтқанында нәсілшіл, мәдени не географиялық мағынадағы астарлы сөз жоқ және өзі изоляционизм мен нәсілшілдікке қарсы. Сондай-ақ ол еуропалық саясаткерлер көбіне еуроцентристік болатынын, бірақ олардың қарапайымырақ болғаны дұрыс екенін айтты. Боррель Еуропа мен Батыстың мінсіз емес екенін және кейбір Батыс елдері халықаралық құқықты бұзғанын түсіну үшін тәжірибем жеткілікті деп мәлімдеді.