Қостанай облысына АӨК экспортының 20%-і тиесілі ме?

17 мамырда өткен Үкімет отырысында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов аймақтың дамуы мен ауыл шаруашылық өнімдеріне қатысты бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz әкімнің айтқаны қаншалықты шындыққа сай екенін тексерді.

Әкімнің айтқаны (тайм-код: 23:31)

Мәлімдеме: Облыстың азық-түлік шығаратын қайта өңдеу кәсіпорындары ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 83,5 млрд теңгенің өнімін өндірді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32%-ке артық.

Архимед Мұхамбетов

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының Талдау ақпараттық-сараптамалық жүйесінің дерегіне сай, Қостанай облысында 2022 жылдың алғашқы тоқсанында 83 464 813 мың теңгенің тамақ өнімі дайындалған. Бұл 2021 жылғы тиісті уақыттағы көрсеткіштен (63 133 098 мың теңге) 32%-ке көп екені рас.

Мәлімдеме: Жалпы алғанда 2021 жылы біздің ауыл шаруашылық саласындағы өнім өндіретін мекемелер 260 млн АҚШ доллары сомасына өнімді экспортқа жіберді. Бұл республикалық барлық көлемнің 20%-тік үлесін құрап отыр.

Архимед Мұхамбетов

Үкім: Техникалық қате және шындыққа жақын

Техникалық қатесі мынада: Әкім мырза “ауыл шаруашылық саласындағы өнім өндіретін мекемелер” деп барлық АӨК өнімін меңзегендей болған, алайда бұл қате. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, 2021 жылы Қостанай облысының жалпы экспортталған АӨК өнімінің құны 471 750,9 мың доллар болған; оның ішінде өңделген а/ш өнімдерінің экспортының құны 259 695,5 мың долларға жеткен.

Несі шындыққа жақын: Ал енді 2021 жылғы дерекке сәйкес, өңделген ауыл шаруашылық өнімдерінің республикалық экспортының 18%-і Қостанай облысына тиесілі. 2021 жылы республика бойынша 1 410 515 мың доллар өңделген а/ш өнімі экспортталған, жоғарыда жазғанымыздай, оның 259 695,5 мың доллар болатын тауары Қостанай облысынан жөнелтілген.

2021 жылдың қорытындысы бойынша, Қостанай облысы АӨК экспортынан Қазақстан аймақтары арасында 3-орында. Оның алдында Алматы қаласы мен астана бар. Облыс өңделген а/ш өнімдері экспортынан Алматы қаласынан соң 2-орынға жайғасқан.

Фактчекер-журналист. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өтті, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы.

Factcheck.kz