Фактчек | Депутат Жамалов «Самұрық-Қазына» қоры туралы

26 қаңтарда Қазақстан Республикасы Мәжілісінің кезекті отырысында депутат Аманжан Жамалов «Самұрық-Қазына» қорының профильді және профильді емес активтеріне кешенді аудит жүргізуді ұсынды. Депутат «Самұрық-Қазынаға» қатысты мәлімдемесінде қорға қатысты бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz депутат мәлімдемесі қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

Мысалы, 2019 жылы Самұрық-Қазына бюджетке 120 млрд. теңге дивиденд төледі. Ал таза пайдасы 1,4 трлн. теңге болған.

Аманжан Жамалов.

Үкім: Шындыққа жақын

Депутат мәлімдемесінде жылды айтып қателесті. Бірақ шынымен де, «Самұрық-Қазына» қорының есебіне сәйкес, 120 миллиард теңге көлемінде дивиденд аударылғаны туралы ақпарат бар. Бірақ бұл депутат айтқандай 2019 жылы емес, 2020 жылы аударылған.

Сонымен қатар, қордың 2019 жылғы есебі бойынша, жалғыз акционерге, яғни, Қазақстан Республикасының Үкіметіне төленген дивидендтердің мөлшері 63 млрд 750 млн теңге аударылды. Бұдан бөлек, 2019 жылдың қорытындысы бойынша қордың таза пайдасы депутат айтқандай 1,4 трлн теңге емес, 1,2 трлн теңгені құрады.

«Самұрық-Қазынаның» қарызы 7,5 триллионнан асты. Бұл шамамен 18 млрд АҚШ долларын құрайды.

Аманжан Жамалов.

Үкім: Шындыққа жақын

Біз ашық деректерден, яғни, қордың ресми сайтында да, KASE сайтында да, сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы борышы туралы ақпарат беретін Ұлттық банк сайтында да “Самұрық-Қазына” қорының сыртқы борышы қанша құрайтыны туралы соңғы ақпаратты таппадық. Сондықтан қазіргі уақытта қарыздың нақты мөлшерін атау қиын.

Бірақ, қордың ресми сайтының мұрағатталған нұсқасынан “Самұрық-Қазынаның” сыртқы қарызы 2017 жылы 18,5 млрд, ал 2018 жылы 14,5 млрд долларды құрағаны туралы ақпарат бар.

Бұған қоса, сол кездегі Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың 2020 жылғы 5 қарашадағы № 84 бұйрығымен 2021 жылы “Самұрық-Қазына” үшін сыртқы борыш көлемі 7 трлн 104 млрд 761 млн теңге немесе 16 млрд 916 млн доллар деңгейінде белгіленгені туралы ақпарат бар.

Бұдан бөлек, 2020 жылы “Самұрық-Қазына” қорының Экономика және қаржы жөніндегі бірлескен басқарушы директоры Ернар Жанәділ онлайн-брифинг барысында сол жылдың алты айының қорытындысы бойынша, қордың қарызы 9,2 трлн теңге болғанын айтты.

Ақпарат толыққан жағдайда материал үкімі өзгертілуі мүмкін.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz