Фактчек | Азамат Әбілдаев сиыр еті экспорты жайында

6 қазанда өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат, аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Азамат Әбілдаев экспортталатын етке қатысты мәселе көтеріп, бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz оның сөзі қаншалықты шындыққа келетінін тексерді.

Депутат сөзі (тайм-код: 2:10:38)

…Отандық ет үшін бірден-бір тиімді нарық ол — ҚХР. Қазақстанда 186 млн. га жайылым мен 28 мың фермерлік шаруашылық бар. Олар экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Азамат Әбілдаев

Үкім: Шындық және жартылай шындық

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы дерегіне сай, Қазақстанда жайылым жер көлемі шынымен 186 млн га және бұл еліміздің барлық ауыл шаруашылығы алқабының 84,1%-ін құрайды.

Статистика бюросының ақпараттық-талдамалық жүйесінде бар дерекке сай, Қазақстанда ауыл шаруашылығымен айналысатын дара кәсіпкерлер және шаруа немесе фермер қожалықтары саны биыл 2-тоқсанда 22 800 болған. Ал үй шаруашылықтары саны — 27 375. Депутат соңғысын айтқысы келген шығар.

… Өйткені салқындатылған сиыр еті мұздатылған етке қарағанда 90%-ға қымбат.

Азамат Әбілдаев

Үкім: Манипуляция

Әр елге ет түрлі бағада сатылады. Мысалы, Ауыл шаруашылық министрлігінің хабарлауынша, былтыр Қытайға сатылған мұздатылған сиыр еті Әзірбайжанға сатылған жас не салқындатылған еттен 12%-ке арзан болса, Беларуське экспортталған салқындатылған ет Қытайға қарағанда 3%-ке арзан. Алайда әр жылға есептегенде орташа құн арасында 90%-тік айырмашылық байқалмайды, кейде тіпті мұздатылған сиыр еті салқындатылғанға қарағанда қымбат. Килограммы долларға шаққандағы көрсеткішті төменнен қараңыз:

Қазақстанның 2020 жылғы экспортынан келесіні ұғуға болады: мүйізді ірі-қара малының салқындатылған не жас етінен 7 929,8 тонна шетелге сатылып, одан 26 071,3 мың доллар (килограммы орташа есеппен 3,28 доллардан), ал мұздатылғанынан 1 519,2 тонна сатылып, одан 6 124,6 мың доллар ақша түскен (килограммы орта есеппен 4,03 доллардан). Яғни, бұл жағдайда мұздатылған ет салқындатылғанға қарағанда 18%-ке қымбат деуге болады.

Фактчекер-журналист. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өтті, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы.

Factcheck.kz