АҚШ сарбаздары жапондықтардың бас сүйегін кәдесый ретінде пайдаланған ба?

Әлеуметтік желі мен түрлі сайттардан “америкалықтардың жауыздығын” көрсететін суретті табуға болады. Фотода бас сүйекке қарап отырған қыз бейнеленген, ал анықтамасында оны қыздың сүйіктісі соғыс аймағынан жібергені, сүйектің өлген жапондық сарбаздыкі екені айтылады [1,2,3]. Бұл сурет 1944 жылы Life журналында жарияланыпты-мыс.

Ақпарат соғыс кезінде “америкалықтар да қатыгездік танытқан” риторикасын тарататын құрал ретінде пайдаланылады. Factcheck.kz деректің қаншалықты рас екенін тексерді.

АҚШ сарбаздары жапондықтардың бас сүйегін кәдесый ретінде пайдаланған ба?
Медиада тараған сурет

Үкім: Шындық

Life журналының 1944 жылғы 22 мамырдағы санында “жапонның” бас сүйегіне қарап отырған қыздың суреті жарияланғаны, анықтамасында оны соғыстағы сүйіктісі жібергені, ал сүйекке жауынгер мен оның 13 досы қол қойғаны жазылғаны рас (34-, 35-бет). Сурет авторы ретінде фотограф Ralph Crane көрсетілген.

Алайда автор-фактчекер бас сүйектің расымен жапондыққа тиесілі екеніне және суреттің растығына көз жеткізе алмады. Бірақ мұны терістейтін де ақпарат табылмады.

Тарқатып айтсақ

“Апта суреті” деген жазумен жарияланған фотоның анықтамасында сүйекті Натали Никерсон есімді 20 жасар қызға АҚШ Әскери теңіз күштеріндегі лейтенант сүйіктісі жібергені жазылған. Натали “сыйлыққа” таңғалған, кейін Тоджо деген ат берген. Журнал сөйлем соңын Әскери күштер мұндай іс-әрекетті мүлде құптамайтынымен аяқтаған. Life журналының 1944 жылғы 12 маусымда жарияланған санының “Редакторларға хат” айдарында (6-бет) оқырмандардың бірі мұндай әрекетті “жиіркенішті әрі қорқынышты” десе, келесілері жапондық сарбаздар осылай істесе АҚШ-тықтар қайтер еді деген сұрақ қояды.

Бізге Натали Никерсон мен “бас сүйектің” суреттен кейінгі тағдыры белгісіз, бірақ әлеуметтік антрополог Саймон Харисонның тарихшы Джон Дауэрге сілтеп жазуынша, бас сүйекті жіберген лейтенант сөгіс алған. Ал тарихшы Жеймс Уайнгартнердің айтуынша, Тынық мұхиты флотының басшылығы “бас сүйекті жіберген” лейтенантты жазалауға аса құлықты болмаған. Оның сөзінше, флоттың ішкі зерттеулері екіұшты тұжырым жасаған. 1944 жылы 27 қарашада Адмирал Кинг “бас сүйектің Жапония азаматыныкі екені анықталмағаны“, бірақ лейтенант “тиісті әдепті сақтамағаны“, бұл соңында, Жапонияға антиамерикалық пропаганда жүргізуге мүмкіндік бергенін жазған. Осылайша, Кинг жас лейтенантқа сөгіс жариялау туралы хат жіберуге бұйрық берген.

Тарихшы Пол Фасселлдің жазуынша, АҚШ-тың әскери элитасы да сарбаздардың жапондықтардың денесінің бөліктерін кәдесый ретінде алатынын білген. 1942 жылдың қыркүйегінің өзінде Тынық мұхиты флотының бас қолбасшысы “жаудың денесінің бірде-бір бөлігі кәдесый ретінде пайдаланылмауы керек. Бөлімше командирлері қатаң тәртіптік шаралар қолданады” деген бұйрық берген.

Factcheck.kz редакциясынан: Жоғарыда келтірген кейс Ресейдің Украинада жасап жатқан қатыгездігі мен әскери қылмыстарын ақтамайды. Бұл – кремлшіл медиалардың қоғамдық санаға манипуляция жасау талпынысы және жауыздықты ақтап алуға деген ұмтылыс.

Оқи отырыңыз:

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz