Жыл сөздері: 2024 жыл қалай өтті?

Жыл сөздері стиль, форма және мазмұн жағынан әртүрлі болуы мүмкін. Кейбірі ашық дауыс беру арқылы таңдалса, енді бірін сарапшылар бекітеді. Жылдың сөзі ең жиі қолданылмауы да, тіпті көпшілікке таныс болмауы да мүмкін. Дегенмен, ол әдетте қоғам үшін маңызды болған негізгі құбылыс немесе ұғымды бейнелейді. 

Лексикалық трендтер өткен жылдағы оқиғаларға деген қоғам реакциясын қалай көрсетеді? Factcheck.kz редакциясы 2024 жылы жеңімпаз деп танылған сөздердің дәстүрлі шолуын дайындады. 

Дау және поляризация

Жыл сөздері: 2024 жыл қалай өтті?

Нидерландыда Жыл сөзін таңдау әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырғаны сонша, дауыс беруді ұйымдастырған Van Dale сөздік баспасы 2024 жылдың ең маңызды сөзін жариялау үшін ашық дауыс беруді тоқтатуға мәжбүр болды. 

«Дауыс беруді әртүрлі топ “ұрлап”, белгілі бір сөздерге дауыс беруге немесе дауыс бермеуге үгіт жүргізді. Бұл ұғымдарды талқылау Жыл сөзін таңдаудың мақсатына сай келмейтін, жағымсыз пікірталасқа айналып кетті», — деп хабарлады Van Dale өкілдері. 

Дәстүр бойынша дауыс беруді ұйымдастырушылар 10 сөзден тұратын шорт-лист құрастырып, қоғамға Жыл сөзін таңдауды ұсынады. 

2024 жылы шорт-листке әртүрлі топтарының жаппай наразылығын тудырған сөздер енгізілді: 
Pieperaanval — «пейджерлік шабуыл» — Израильдің «Хезболлаға» қарсы операциясын меңзейтін сөз
Transitiespijt — «өтпелі кезеңге өкініш» — трансгендерлердің жыныс ауыстыру шешімдеріне көңілі толмауы мүмкін деген пікірге сілтеме жасайтын сөз. 

Жалпы, бұл тізімде экономикалық және экологиялық мәселелер, әлеуметтік теңсіздік, еңбек нарығындағы қиындықтар бейнеленді. Басқа үміткерлер арасында AI-washing — «ЖИ-уошиң» термині де болды. Бұл ұғым «гринуошиң» немесе «спортуошиң» секілді маркетиң мен PR-да белгілі бір тақырыпты асыра пайдалануды білдіретін сөздердің үлгісі бойынша пайда болған. Атап айтқанда, өнім немесе қызметке жасанды интеллекттің рөлін әсірелеп, оны алға жылжыту тәсілін сипаттайды. 

Қоғамның теріс реакциясына байланысты Van Dale дауыс беруді тоқтатып, polarisatie («поляризация») сөзін Жыл сөзі деп жариялады. 

Бір қызығы, Атлант мұхитының арғы жағында орналасқан Американың ең көне сөздіктерінің бірі Merriam-Webster де «поляризация» терминін Жыл сөзі деп таңдады

Бұл термин АҚШ-тағы саяси және әлеуметтік оқиғалар аясында танымал болып, қоғамдағы өсе түскен келіспеушіліктерді бейнелейді. 

«Екі айқын қарама-қарсы ұстанымға бөліну; әсіресе, пікірлер, сенімдер немесе қоғам тобының мүдделері үздіксіз бірлікте болудың орнына қарама-қарсы ұстанымдарға топтасқан жағдай» — Merriam-Webster сөздігінде «поляризация» ұғымына осындай анықтама берілген. 

Интернет бұрынғыдай емес

Жыл сөздері: 2024 жыл қалай өтті?
Foto Midjourney 6, Freepik.com

Аустралияның ағылшын тілінің ең көне сөздігі Macquarie жыл сөзі ретінде enshittification терминін таңдады. Бұл сөз «компанияның пайдаға ұмтылуы нәтижесінде қызмет немесе өнімнің, әсіресе онлайн-платформаның, біртіндеп нашарлауы» дегенді білдіреді. 

Аустралиялықтар (және бүкіл әлем тұрғындары) ірі онлайн-платформалардың қызмет көрсету сапасының төмендеуін байқай бастағандықтан, бұл термин танымалдылыққа ие болды. Enshittification сөзі адамдардың цифрлық платформалардан көңілі қалғанын көрсетеді. Бұрын ыңғайлы, пайдалы және сенімді болған платформалар енді көп жарнамамен, сәтсіз жаңартулармен және қолдануға қиын дизайнымен ашуға тиеді.  

Бұл терминді танымал технокритик Кори Доктороу енгізген. Ол бұл сөзді Facebook, Twitter, Google және басқа да танымал платформалардағы өзгерістерді сипаттау үшін қолданды. 

Интеллектуалды деградация

Жыл сөздері: 2024 жыл қалай өтті?
Foto Midjourney 6, Freepik.com

Аустралиялық әріптестері секілді, Oxford University Press баспасы да онлайн-контенттің қоғам өміріндегі рөліне назар аударып, 2024 жылдың сөзі ретінде brain rot («ми шіруі») терминін таңдады

Анықтамаға сәйкес, бұл ұғым «адамның әсіресе әлеуметтік желілерде шамадан тыс сапасыз онлайн-контентті тұтынуының әсеріне байланысты алаңдаушылықты» сипаттайды. 

Сонымен қатар мамандар әлеуметтік желілерді пайдаланушыларға нақты қауіп жоқ деп есептейді. «Ми шіруі» психологиялық құбылысқа қарағанда әлеуметтік құбылыс саналады. Оксфорд университетінің психологы және профессоры Эндрю Пшибильски BBC-ге берген сұхбатында онлайн-контентті тұтынушылардың когнитивті қабілеттерінің төмендегенін дәлелдейтін ғылыми деректердің жоқ екенін атап өтті

«Виртуалды өміріміздің дамып жатқанына, интернет-мәдениеттің кім екенімізге және не туралы сөйлесетінімізге әсер етіп жатқанына байланысты қоғамның өсіп келе жатқан алаңдаушылығын көре аламыз. Brain rot ұғымы виртуалды өмірдің ықтимал қауіптерінің бірін және бос уақытымызды қалай пайдаланатынымызды сипаттайды», — деп атап өтті Oxford Languages президенті Каспер Гратволь. 

2023 жылдан 2024 жылға дейін brain rot терминін қолдану жиілігі 230%-ке өсті. Бастапқыда бұл тіркес TikTok платформасында кеңінен тарап, кейіннен бұқаралық ақпарат құралдарына да енді.

Пушкин мен Навальный

Ресей мен Қытай сияқты авторитар елдерде лексикалық шындық әдеттегідей ресми және нақты жағдайға байланысты екіге бөлінді. 

А.С. Пушкин атындағы Орыс тілі институтының нұсқасы бойынша, «Пушкин» 2024 жылдың сөзі болып таңдалды. Сарапшылардың пікірінше, ақынның тұлғасы «қазіргі жылдың негізгі үрдістері мен оқиғаларын, маңызды және өзекті құбылыстарды, қоғамға ең көп ықпал еткен оқиғаларды» бейнеледі. 

Шынында да, 2024 жылы «Ресей поэзиясының Күні» атанған тұлғаның туғанына 225 жыл толды. Бірақ Александр Сергеевичтің мерейтойы ресейліктер үшін Алексей Навальныйдың қазасы, Орынбор облысындағы жойқын су тасқыны, президенттік сайлау және Курскідегі әскери қимылдарға қарағанда маңыздырақ болды деп айту қиын.

Грамота.ру порталы шынайы өмірге жақындау қадам жасады. Олар «прилёт» сөзі 2024 жылғы үміткерлер арасында үшінші орынға ие болғанын айтты. Дегенмен, портал негізгі жеңімпаз ретінде «уайб» сөзін таңдады

Құрамында лингвистер, жазушылар, мәдениеттанушылар және журналистер бар Жыл сөзі жөніндегі тәуелсіз сарапшылар кеңесі де, Орыс тілі институты да жыл сөзі ретінде жалқы есімді таңдады. Сарапшылардың пікірінше, 2024 жылы «Навальный» фамилиясы жалпылама ұғымға айналды. Ресейлік оппозиционердің фамилиясы орыс тілінде 3 миллион, ағылшын тілінде 5 миллион рет ізделген.

Жергілікті саясаттағы жанжалдар

Жыл сөздері: 2024 жыл қалай өтті?
Бундестагтың пленарлық залы (Times, CC BY-SA 3.0, via Wikimedia Commons)

2024 жыл саяси дағдарыстар мен жанжалдар жылы ретінде көптеген адамның есінде қалады. Бұл жағдай Жапония, Германия және Аустрия елдерінде таңдалған жыл сөздерінде көрініс тапты. 

Жапонияда 2024 жылдың иероглифі ретінде таңдалды. Бұл белгі алтын мен ақшаны білдіреді. Аталған иероглиф дәстүрлі түрде Олимпиада ойындары өткен жылдары таңдалады және спортшылардың жеңіп алған алтын медальдарын меңзейді. 1995 жылы бұл номинация енгізілгеннен бері бұл иероглиф бесінші рет жыл символы ретінде таңдалып отыр.

Алайда иероглифінің таңдалуына тағы бір себеп билік басындағы Либералды-демократиялық партия (ЛДП) айналасындағы жемқорлық жанжалы болды. Жапония прокуратурасы ЛДП атынан сайланған ондаған депутатқа қатысты миллиондаған донорлық қайырымдылық қаражаттын иемдену айыбы бойынша тергеу жүргізді. Бұл жанжалдың салдарынан халықтың үкіметке деген сенімі ең төменгі деңгейге жетті. Партия көшбасшысы және премьер-министр Фумио Кисида отставкаға кетуге мәжбүр болды. Елде мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтіп, оның нәтижесінде ЛДП төменгі палатадағы көпшілік орнын жоғалтты

Саяси тұрақсыздық Германияда да жыл сөзінің таңдалуына әсер етті. Ampel-Aus («бағдаршамның сөніп қалуы») термині дәстүрлі түстеріне байланысты «бағдаршам коалициясы» деп аталған үш партиядан тұратын коалицияның ыдырауын меңзейді.

Билік коалициясы қараша айының басында канцлер Олаф Шольцтың қаржы министрі Кристиан Линднерді федералды бюджет мәселесінде партиялардың келісімге келе алмауына байланысты қызметінен босатуынан кейін ыдырады. Бұған жауап ретінде, коалициялық «Еркін демократиялық партия» көшбасшысы Линднер партияластарының барлық үкіметтік қызметтен кететінін мәлімдеді

Коалиция ыдырағаннан кейін Олаф Шольцтың партиясы парламенттегі көпшілік орнын жоғалтты. Желтоқсан айының ортасында Германия үкіметі премьер-министрге сенім вотумын бекітуден бас тартқаннан кейін елде 23 ақпан 2023 жылы мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтетіні белгілі болды. Бұл сайлау нәтижесінде билікке оппозицияның келуі күтіліп отыр.

Аустрияда жыл сөзі болып Renaturierung — ренатурация немесе экожүйелерді қалпына келтіруді білдіретін термин таңдалды. Бұл ұғым экологиялық прогресс пен саяси ерік қақтығысының символына айналған.

Осы жылдың маусым айында Австрияның қоршаған ортаны қорғау министрі, коалиция құрамындағы Жасылдар партиясының өкілі Леонора Гевесслердің қолдауының арқасында Еуропалық Одақ Жерлерді ренатурациялау туралы заңды қабылдады. Қаулыға сәйкес, ел 2030 жылға дейін барлық бұзылған экожүйенің бестен бір бөлігін (оталған ормандар, құрғатылған батпақтар және т.б.) қалпына келтіруге, ал 2050 жылға дейін барлық экожүйелерді толық қалпына келтіруге міндеттелді

Министрдің бұл шешімін коалициядағы серіктестері — дәстүрлі түрде фермерлер мен жеке кәсіпкерлердің қолдауына ие Аустрияның Халық партиясы (ÖVP) және канцлер Карл Нехаммер қатты сынға алды. Талқылау шиеленісіп, Гевесслерге елдің Конституция заңдарын, құқық үстемдігі принциптерін бұзды, тіпті еуропалық демократияға нұқсан келтірді деген айыптаулар айтылды.

Батыл бол және арманыңа сен

Жыл сөздері: 2024 жыл қалай өтті?

Шолуды сәл көтеріңкі нотада аяқтайық. 

Ағылшын тілінің Cambridge Dictionary сөздігі 2024 жылдың сөзі ретінде manifest терминін таңдады

Сөздік бұл сөзге мынандай анықтама береді: бұл етістік қалаған нәрсеге жеткеніңізді егжей-тегжейлі елестететініңізді, сол арқылы оның жүзеге асу ықтималдығы артатынына үміттенетініңізді білдіреді. Қазақ тілінде бұл ұғымды «визуализациялау» деп қолдануға болады. 

Manifest — позитивті ойлау күшіне негізделген ұғым. Бұл идея танымал психологиядан бастау алған және «магиялық ойлау» концепциясының бір көрінісі саналады. 2024 жылы бұл термин әлеуметтік желілер мен Дуа Липа, Ариана Гранде, Джим Керри сынды атақты жұлдыздардың арқасында танымал болды. Олардың барлығы өз жетістігін визуализациялайтынын (немесе манифестациялайтынын) айтқан. 

Ал Collins Dictionary жыл сөзі ретінде brat ұғымын атады.

Бастапқыда бұл сөз тәрбиесіз, ашуланшақ бала немесе инфантильді ересек адамды сипаттайтын. Алайда ағылшын әншісі Charli XCX-тің керемет табысты Brat атты альбомы шыққаннан кейін, бұл сөздің мағынасы өзгерді.  Жаңа анықтамаға сәйкес, brat — батыл, сенімді, тәуелсіз, өмірден ләззат алуды ұнататын адамды білдіреді. 

«Бұл жай ғана сәтті альбом емес, бұл әлемдегі адамдардың жүрегінен орын тапқан мәдени феномен. Brat summer эстетика мен өмір сүру стиліне айналды», — деп атап өтті Collins Dictionary құрастырушылары. 

Brat сөзін тіпті АҚШ президенттігіне үміткер Камала Харрис өз ұранында пайдаланды: «Kamala IS Brat». 

Фото: Newscom / Alamy Stock Photo

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz