2024 жылғы 8 желтоқсанда сириялық көтерілісшілер Башар Асад режимін құлатты. Елдің ірі қалаларын олар небәрі 11 күнде басып алды. Асад пен оның отбасы Ресейге ұшып кетіп, сол жерден саяси пана алды.
Башар Асад – Владимир Путинмен жақын болған, өз елінде қылмыс жасап, кейін Ресейге қашқан алғашқы саясаткер емес.
Медиажелі оралдың біразына шолу жасап шықты.
Украина
Виктор Янукович – Украинаның 2010-2014 жылдар аралығындағы ресейшіл президенті. Оны Еуромайдан кезінде биліктен құлатты. Наразылықтар 2013 жылғы қарашада Киевте басталды, халық Украина билігінің елдің Еуроодаққа интеграциядан бас тартуына жауап ретінде көтерілген болатын, ал Янукович Ресейге қашты.
БАҚ деректеріне сәйкес, Виктор Януковичтің президенттігі кезінде оның отбасынан кемінде 7 мың украин компаниясы зардап шеккен. Януковичтің бұрынғы «Межигорье» резиденциясы президенттік деңгейдегі жемқорлықтың символына айналды.
Украинада Януковичке мемлекетке опасыздық жасады және соғысқа жәрдемдесті деген айып тағылып, сырттай 13 жылға сотталды.
2024 жылғы қазанда Виктор Януковичтің үлкен ұлы Александрдың Ресей азаматтығын алғаны белгілі болды. Александр Янукович – бизнесмен. Ол әкесімен бірге 2014 жылы Украинадан кетіп, отбасының активтерін басқарған. Алайда Януковичтің өзі азаматтық алған-алмағаны белгісіз.
Виктор Медведчук – Украинаның ең танымал ресейшіл саясаткері. Ол Владимир Путиннің «өкіл әкесі» атанған, өйткені Медведчуктың айтуынша, Путин оның қызының кіндік әкесі.
Медведчук Донбасс бойынша Минск келіссөздеріндегі украин делегациясының мүшесі болды, оны Минск келісімдерінің авторларының бірі санайды.
2021 жылы Украина билігі Медведчукке мемлекетке опасыздық жасады деп айып тағып, үйқамаққа жіберді. Толық ауқымды соғыс басталғаннан кейін Медведчук қашып кетті, бірақ 2022 жылғы сәуірде ұсталып, қыркүйекте тұтқын алмастыру кезінде Ресейге берілді. Ол кезде Киев саясаткерді және 55 орысты 215 украин сарбазына алмастырған болатын, олардың қатарында «Азов» командирлері де бар еді.
Қазіргі уақытта Ресейде, «Система» жобасы журналистерінің дерегінше, Медведчуктің кем дегенде үш табыс көзі бар: Сібірдегі мұнай кен орындары, Мәскеудегі жылжымайтын мүлік және жер телімдері, сондай-ақ Донецк металлургиясы.
Илья Кива – Украина Жоғарғы Радасының бұрынғы депутаты. Ол Еуромайданға қатысып, «Правый сектор» жетекшісі Дмитрий Ярошпен танысқаннан кейін Полтава бөлімшесін басқарып, Яроштың президенттік сайлаудағы сенімді өкілі болды.
2019 жылы Кива президент сайлауына өзі қатысып, бір пайыздан аз дауыс жинады. Сол жылы ол ресейшіл «Оппозиционная платформа — За жизнь» партиясына кіріп, депутат атанды. Кива Қырым аннексиясын қолдап, Украина мен Ресейдің «бірігуі» туралы пікірлер айтты.
Ресей басқыншылығының алдында Кива Ресейге көшіп, соғыс басталған соң Путиннің әрекеттерін қолдады.
2023 жылғы 6 желтоқсанда ол Мәскеу түбінде өлді. Hromadske және басқа украин БАҚ-тың деректеріне сәйкес, бұл қастандықтың артында Украина Қауіпсіздік қызметі (СБУ) тұр.
Игорь Плотницкий – өзін-өзі жариялаған «Луганск Халық Республикасының» (ЛХР) «қорғаныс министрі», кейін «басшысы» (2014 жылғы 4 қарашасынан 2017 жылғы 24 қарашасына дейін). Кейбір украин БАҚ-тың мәліметінше, Плотницкий украин армиясының бөлімшелерін Зеленополье маңында жою операциясын ұйымдастырған.
2017 жылы Плотницкий билікті «ЛХР ішкі істер министрі» Игорь Корнетпен бөлісе алмады. Плотницкий Корнетті қызметінен босатты, ал Корнет Луганскіге қарулы жасақтарды кіргізді, ал Плотницкий Ресейге қашуға мәжбүр болды.
Грузия
Аслан Абашидзе – Аджарияның (Грузияның оңтүстік-батысындағы теңіз жағалауы аймағы, орталығы – Батуми) бұрынғы ресейшіл басшысы.
Абашидзе билігі кезінде Аджария орталық биліктен тәуелсіздікке ұмтылған, феодалдық тәртіп орнаған аймаққа айналды. Абашидзе өзінің саяси қызметі барысында оған 17 рет қастандық жасалғанын мәлімдеген, алайда аджар полициясы олардың көбін қолдан жасалған деп санаған.
2004 жылғы мамырда Абашидзені сол кездегі Грузия президенті Михаил Саакашвили биліктен тайдырды. Содан бері Мәскеуде тұрады.
Тенгиз Китовани – Грузияның бұрынғы қорғаныс министрі, Ұлттық гвардияның экс-басшысы, елдің алғашқы президенті Звиад Гамсахурдияны тақтан тайдыруға қатысқан және 90-жылдардың басындағы Грузиядағы азамат соғысының басты тұлғаларының бірі.
Китовани заңсыз қарулы жасақтар құрғаны үшін айыпталып, 1996 жылғы қарашада 8 жылға сотталды. 1999 жылғы мамырда сол кездегі Грузия президенті Эдуард Шеварднадзе оған кешірім берді.
Михаил Саакашвили президент болған кезде Китовани Мәскеуге көшіп кетті. 2012 жылы билікке ресейшіл «Грузия арманы» партиясы келген соң Грузияға оралды. Ол 2023 жылы қайтыс болды.
Молдова
Илан Шор – молдовалық олигарх, елдің бұрынғы парламент депутаты және молдовалық саясаттағы «Мәскеудің қолы».
Шор 2014 жылы Молдова банктерінен 1 миллиард доллар ұрлауға мүмкіндік берген алаяқтық схеманың қатысушысы. Осы іске байланысты 2017 жылы ол 7,5 жылға сотталды, ал 2023 жылы апелляциялық сот мерзімді 15 жылға дейін ұзартты.
Шор Молдовадан 2019 жылы қашып кетті. Алдымен Израильге, кейін Ресейге қоныстанды. 2024 жылғы ақпанда Ресей Интерполдың сұрауы бойынша Шорды экстрадициялаудан бас тартты. 2024 жылғы мамырда молдовалық ZDG басылымы Шордың Ресей азаматтығын алғанын хабарлады.
Шетелде жүрсе де, олигарх Молдованың саяси өміріне араласуын жалғастырып келеді. Ол бірнеше бұқаралық ақпарат құралы мен саяси партияларды бақылайды, олар ресейшіл насихат таратады. 2022 жылы энергетикалық дағдарыс аясында Кишиневте бірқатар наразылықтарды ұйымдастырған.
2024 жылы Молдова президенті сайлауының қарсаңында Шор проеуропалық президент Майя Сандуға қарсы дауыс беруді ұйымдастыру үшін сайлаушыларды сатып алу желісін құрды. Ең консервативті бағалаулар бойынша, «Шор желісі» шамамен 130 мың молдовалық азаматты сатып алған – бұл сайлаушылардың шамамен 10%-і.
Қырғызстан
Аскар Ақаев – Қырғызстанның алғашқы (және алғашқы қашқан) президенті.
Ақаев елді 15 жыл басқарып, Конституцияны білгенінше өзгертіп, республикада отбасылық-кландық басқару жүйесін енгізді. Мысалы, оның 25 жастағы ұлы 2001 жылы қаржы министрінің кеңесшісі болып, төрт жылдан кейін Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасына айналды. Ақаевтың қызы 2005 жылы Қырғызстан парламентінің депутаты болды. Парламент сайлауының нәтижесі қызғалдақ революциясының басталуына түрткі болды, осы революцияның нәтижесінде Ақаев биліктен кетті.
2005 жылғы 24 наурызда Ақаев отбасымен бірге Мәскеуге қашты. Ол президент ретіндегі қателерін мойындамады. Наразылық білдіргендерді «маскүнемдер» және «қылмыстық топтармен байланысы барлар» деп атады, революция үшін сыртқы күштер мен бұқаралық ақпарат құралдарын кінәлады.
P.S.
Қырғызстанның тағы бір қашқын президенті – Құрманбек Бакиев. Ол 2010 жылы биліктен кеткен соң Александр Лукашенконың қамқорлығымен Беларуське қашып кетті.