Фактчек | Депутат Бейсенғалиев ҚҚС туралы не айтты?

22 қарашада өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Бейсенғалиев үкіметтің қосымша құн салығын көтеру туралы жоспарын сынап, соған қатысты бірнеше дерек келтірді.

Депутаттың мәлімдемесі (тайм-код: 3:19:59)

Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Жақында Өзбекстан билігі ҚҚС-ты (Қосымша құн салығы-авт.) 15%-тен 12%-ке дейін төмендетті.

Берік Бейсенғалиев

Үкім: Шындық

Расымен Өзбекстан 2023 жылы қаңтардан бастап қосымша құн салығын 15%-тен 12%-ке төмендеткен.

Өзбекстанның экономикалық зерттеулер және реформалар орталығының хабарлауынша, қосымша құн салығының проценті азайғанына қарамастан, 2023 жылғы қаңтардағы салық түсімдерінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ке өскен.

Мәлімдеме: Осылайша, ҚҚС-тың өсуі Қазақстанды Орталық Азиядағы ең қолайлы салық режимі мәртебесінен айыруы мүмкін, бұл ұлттық экономиканың инвестициялық тартымдылығын нашарлататыны сөзсіз.

Берік Бейсенғалиев

Үкім: Шындық

Дүниежүзілік банктің (2019 жылғы деректі жинап, 2020 жылы жарияланған) ең кейінгі Doing Business Report есебіне сай, Орталық Азия елдері ішінде салық төлеу көрсеткіші бойынша ең жақсы көрсеткіш Қазақстандыкі (алайда рейтиңде Түркіменстан көрсетілмеген).

Дүниежүзілік банктің методологиясына сай, салықтарды төлеудің жеңілдігі бойынша рейтиң — салық төлеу саясатының ыңғайлылығын сұрыптау арқылы анықталады.

Дегенмен көрсеткіш «оңтайлы салық ставкасы» деген секілді экономикалық теорияға негізделмеген. Оның орнына, ол көбіне эмпирикалық сипатта және салық төлеу ставкаларында көрінетіндей, өңдеуші сектордағы орта кәсіпорындардан алынатын салық ставкаларын бөлудің төменгі жағында белгіленеді.

Бұдан бөлек, Менеджментті дамытудың халықаралық институты (IMD) дерегіне сәйкес, Қазақстан салық саясатына қатысты суб-рейтиңде 64 елдің ішінде 6-орынды алған. Яғни еліміз бұл рейтиңнің талаптарына сәйкес жақсы көрсеткішке жеткен. Дегенмен 64 елдің ішінде Орталық Азияның басқа елдері жоқ, сондықтан біз басқа елдерге қатысты ештеңе айта алмаймыз.

Фактчек | Депутат Бейсенғалиев ҚҚС туралы не айтты?
IMD статистикасындағы Қазақстан көрсеткіштері

Мәлімдеме: Атап айтқанда, Қытайда ҚҚС көлемі 13%, Қырғызстанда – 12%, Оңтүстік Кореяда – 10%, БАӘ мен Канадада – 5%.

Берік Бейсенғалиев

Үкім: Шындыққа жақын

Расымен қосымша құн салығының көлемі Қырғызстанда – 12%, Оңтүстік Кореяда – 10%, БАӘ мен Канадада – 5%. Алайда Қытайдағы жағдай сәл өзгеше — астық, жеуге жарамды өсімдік майы, кітаптар, газеттер мен журналдар секілді тауарлардың қосымша құн салығы 13% екені рас. Бірақ Қытай билігінің сайтындағы ақпаратқа сәйкес, басқа да тауарлар мен қызметтерге ҚҚС көрсеткіші— 17%.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz