“Ғалым Түркиядағы жер сілкінісін болжаған” — ғылым не дейді? 

6 ақпанда Түркия мен Сирия шекарасында 7,8 және 7,5 балдық жойқын жер сілкінісі болды. Осы оқиғалардан кейін баспасөз құралдары (12345) мен әлеуметтік желілерде Фрэнк Хугербитс дейтін сейсмологтың хабарламасы тарап кетті. Ол оқиғадан үш күн бұрын жер сілкінісі басталатынын болжаған-мыс. Бір дереккөздер ғалымды көреген және «Нострадамус» деп атаса, басқалары Хугербитс — шарлатан дейді.

Фрэнк Хугербитстің Twitter-інен: «Ерте ме, кеш пе, осы аймақта (Түркия, Иордания, Сирия және Ливан оңтүстік аймағының орталығында шамамен 7,5 балдық жер сілкінісі болады».    

Factcheck.kz редакциясы заманауи ғылым аз уақытта белгілі бір аймақта жер сілкінісі болатынын дәл болжай ала ма және Хугербитстің орындалған болжамы ұзақ жылғы еңбек нәтижесі ме, әлде жай кездейсоқтық па деген сұраққа жауап іздеп көрді. 

Жер сілкінісін болжау, псевдосейсмолог және планеталық геометрия 

Сейсмологтар мен геологтар қазір жер сілкінісін аз уақытта нақты болжау мүмкін емес дейді. Статистикаға қарасақ, мұндай болжамдар тиімділік жағынан кездейсоқ тұспалдан ерекшеленбейді. Заманауи технологиялар мүмкіндігіне қарамастан, жер сілкінісінің пайда болу механизмі өте күрделі және оны болжап болмайсың: ол үнемі өзгеріп отыратын факторлар мен әрі химиялық, әрі физикалық процестерді қамтиды. Дұрыс болжам жасау үшін бүкіл планета бойынша тектоникалық плиталардың жағдайы туралы деректерді жылдам жинап, анализдеу керек. Бұл міндетті жасанды интеллект арқылы атқаруға болады, бірақ ғалымдар алгоритм көмегімен де болжамдар долбарлы болатынын мойындайды. 

"Ғалым Түркиядағы жер сілкінісін болжаған" — ғылым не дейді? 
Беларусь Сегодня инфографикасы аймақтағы негізгі тектоникалық ақауларға қатысты жер сілкінісінің эпицентрін көрсетеді

Жер сілкінісі болжамының әмбебап критерийі — жер, уақыт пен дүмпудің күші секілді үш параметрді жинау. Ең сенімдісі шамамен 10 жылда жиналған ұзақмерзімді және бір жыл аясында жиналған орта мерзімді болжамдар саналады. Қазіргі таңда күн мен сағат аясында қысқамерзімді болжам жасау мүмкін емес. Фрэнк Хугербитстің «болжамы» уақыт жағынан алғанда бұлыңғыр: «Ерте ме, кеш пе осы аймақта (Түркия, Иордания, Сирия және Ливан оңтүстік аймағының орталығында) шамамен 7,5 балдық жер сілкінісі болады». Магнитудасы дөп түскенімен, жері де сәйкес келгенімен, бұған таң қалатын дәнеңе жоқ — Таяу Шығыстың бұл аймағында магнитудасы 7 және одан да жоғары дүмпулер болатын сейсмикалық қауіпті зона орналасқан. Өте қатты жер сілкінісі болған Шығыс Анатолиядағы опырылу облысының өзі кейінгі 200 жылда айтарлықтай тыныш болған. Дегенмен дәл сол тыныштық сыртқа шығуды қажет еткен көп энергияның жиналғанын болжауға мүмкіндік берді. 

Фрэнк Хугербитстің өзіне келсек, баспасөз құралдарында оны «сейсмолог» және «ғалым» деп атап жатқанына қарамастан, оның біліктілігіне қатысты күмән көп. Голландиялықтың профилінде оның Күн жүйесі геометриясы ғылыми-зерттеу институтында (SSGEOS) жұмыс істейтіні көрсетілген, бірақ оның геология немесе сейсмология саласы бойынша ешқандай ғылыми дәрежесі жоқ сыңайлы. Түркиядағы жер сілкінісі туралы болжамды Хугербитс «планеталық геометрияның көрсеткішін» негізге алып жасаған. Бұл  — аспан денелерінің белгілі бір орналасу көрсеткіші.  Оның пікірінше, бұл көрсеткіш «белсенді сейсмикалық қызметпен» байланысты болады, бірақ ресми ғылым бұл теорияны растамаған.

Фрэнк Хугербитстің Twitter-інен: «Орталық Түркияда жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендерге көңіл айтамын. Айтқанымдай, осы ауданда 115 және 526 жылдардағыдай жер сілкінісі ерте ме, кеш пе болуға тиіс еді. Бұл жер сілкіністерін 4-5 ақпанда бақылаған планеталық геометрияның көрсеткіштерінен байқалды». 

Заманауи ғылым дерегі бойынша, Күн жүйесінде Жердің сейсмикалық белсенділігіне аз да болсын (өте шартты) әсер ететін аспан денесі — Ай. Ағындардың (Айдың орналасуына негізделген) мардымсыз ықпалы белгілі бір аймақтағы сейсмикалық белсенділікке аз да болсын әсер ететінін дәлелдейтін бірнеше зерттеу бар. Мысалы, мұхит түбіндегі плиталардың соқтығысында және континенттердің шекарасындағы жазықтардың жылжу облысына. Дегенмен, Ай Жер бетіне ең жақын келген жағдайдың өзінде графитациялық алаң  3%-ке артқанда, бұл ешқандай жер сілкінісіне, әсіресе, Түркиядағыдай жағдайға алып келмейді.

Хугербитстің 2015 жылы Непалдағы жер сілкінісін болжағаны да хабарланды. Бірақ дәл сол жылы голландиялық 28 мамырда бес планетаның парадын негізге алып Калифорниядағы 9,8 балдық жер сілкінісі болады деп болжаған, бірақ аймақта ешқандай жер сілкінісі болған жоқ. Сол кезеңде ешқандай планета парады да болмады.

Күн жүйесі геометриясы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметі де күмән туғызады, себебі оның қызметі псевдоғылыми теорияға негізделген және біз осы мекеме шығарған бір де бір ғылыми еңбек таба алмадық. Тағы бір айта кететін факт — институттың интернеттегі парақшаларының бәрі 2022 жылы (1234) ашылған, бірақ ресми сайтта ұйымның негізі 2014 жылы қаланғаны айтылған. 

Редакция анықтағандай, Фрэнк Хугербитс расымен 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Оның «Ditrianum» коммерциялық емес ұйымы «сандар теориясы көмегімен бізді қоршаған энергияны зерттеумен және көпшілік қоғам арасында нумерологияны» насихаттаумен айналысқан (қазір сайт өшірілген, бірақ архивте бар). Ұйым парақшасында космостық энергия, архангелдер, 12-өлшемдегі тіршілік иелері және бөгде планеталықтар туралы айтылады. Калифорниядағы жер сілкінісі туралы болжамында Хугербитс нострадамус катрендеріне сілтеме жасайды. 

Контекст

7,8 балдық жер сілкінісі Түркияның оңтүстік-шығысында Сириямен шекарада 2023 жылғы 6 ақпанда болды. Шамамен тоғыз сағаттан соң 7,5 балдық жер сілкінісі, 200-ден астам афтершок —  интенсивтілігі төмен дүмпулер болды. Осы оқиғалар нәтижесінде Түркия мен Сириядағы елді мекендер зардап шегіп, ғимараттар мен инфрақұрылым объектілері қирады. Мақала жазу кезінде қаза тапқандар саны 11 мыңнан асты. 

Factcheck.kz