Жамбыл облысы қаңғыбас жануарларды ұстау мен жоюға 57 млн теңге бөлген

Қазақстанда қаңғыбас жануарлардың көбею мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген. 2022 жылы қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңды зооқорғаушылар тиімді емес деп сынға алып, тіпті, кей жағдайда кесірі көп дейді. Бұл жағдайда сарапшылар мен шенеуніктер проблеманы шешудің ең жақсы жолдарын талқылап әлек.

Ал жергілікті билік үйреншікті әдеті бойынша әрекет етуін жалғастырып жатыр. Factcheck.kz редакциясы Жамбыл облысы әкімдігінің 36 мың итті ұстап, өлтіруге 57 млн теңге бөлгенін байқады.

Ондаған миллион тұратын он мыңдаған өмір

11 маусымда Жамбыл облысы ветеринария басқармасы «АБДИ-СТРОЙ» компаниясымен қаңғыбас иттерді ұстау және жою қызметіне келісімшарт жасады. Басында бұған 62 498 214 теңге бөлінген, бірақ келісімшарт жасалған соң оның сомасы 57 млн теңгеге түсті. Сатып алу ашық конкурс арқылы өткенін, келісімшарт жыл аяғына дейін іске асырылатынын да айта кету керек.

Техникалық сипаттамада бұл тендердің негізгі мақсаты Жамбыл облысы мен Тараз қаласының 10 ауданындағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстау екені нақтыланған. Бұл жоспарды іске асыру үшін әр ауданда қаңғыбас жануарларды ұстайтын бір бригада жұмыс істейді.

Бір қызығы, әкімдік ұстап, жансыздандыру керек иттердің нақты санын көрсеткен — 36 533. Алайда мысықтардың саны туралы ештеңе айтылмаған, ал сипаттамада олар туралы тек сөз арасында ғана айтып өткен.

Техникалық сипаттамада әр жануарды ұстаған соң оларды уақытша орындарға апару қажет екені айтылған. Олардың саны онға жетеді, яғни, облыстың әр ауданында біреуден бар. Содан кейін тапсырыс алушы жануарды деректер базасына тіркеп, сосын әлеуметтік желілерде оның фотосы мен деректерін жариялап, иесін іздеуге тиіс.

Алайда тапсырыс беруші бұған байланысты ешқандай мерзім белгілемеген, сонымен қатар жануарларды жансыздандыру критерилері де айтылмаған. «Жамбыл облысында жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидаларын бекіту туралы» заңда адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін агрессив, ауру жануарлар дереу жансыздандыруға жататыны айтылған. Тапсырыс алушы осы заңға сәйкес жұмыс істеуге тиіс.

Жансыздандыру амалы — эвтаназия. Дәл осы заңда адамға, жануарларға шабуыл жасаған немесе адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жануарлар, оның ішінде кемінде үш жануардан тұратын топтасқан жануарлар» эвтаназиямен өлтірілетіні айтылған.

Гумандық жөніндегі дау

Бұған дейін айтылғандай, қаңғыбас жануарларды ұстау және жансыздандыру — стандартты практика. Мемлекеттік ведомстволар жыл сайын азаматтардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етуді желеу етіп, осыған ұқсас іс-шаралар ұйымдастырып тұрады.

Осыған ұқсас мемлекеттік сатып алуды 11 250 000 теңгеге Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі де жүргізген. Сипаттамаға сәйкес, тапсырыс алушы 2 500 қаңғыбас жануарды ұстап, жансыздандыруы керек. Ұқсас ондаған тендерді Алматы, Маңғыстау, Жетісу және басқа да облыстар жүргізген.

Бүгінде билік жануарларды эвтаназия арқылы ұйықтатып, оны ізгі әдіс деп атайды. Алайда зооқорғаушылар бұған келіспейді және эвтаназия проблеманың шешімі емес дейді.

Сарапшыларды үйінінен бөлініп кеткен, агрессия көрсетпеген үш дарақты да жансыздандыру мүмкіндігі алаңдатады.

«Власть» басылымына берген сұхбатында құқық докторы, KARE қорының заңгері Мария Байдельдинова қаңғыбас иттердің санын азайту үшін жануар иелерінің жауапкершілігін арттыру керек екенін атап өтті. Бұған иттерді тіркеу, вакцина салу, көбеюін бақылау (стерилизация) кіреді. Ал ереже бұзылған жағдайда жауапкершілікке тарту керек.

Әділдік үшін осындай қажеттіліктерге бағытталған мемлекеттік тапсырыстарды да жергілікті билік жүргізетінін айта кету керек.

Мысалы, Жамбыл облысы әкімдігі ит-мысықты уақытша ұстауға 4 млн теңге, 1 861 жануарды стерилдеу және вакцина салуға 7 890 000 теңге жұмсаған. Сонымен қатар бақылаусыз қалған және қаңғыбас жануарларды идентификациялауға тағы 4 млн теңге бөлінген.

Десе де, бұл жануарларды ұстау және жансыздандыруға арналған көптеген тендерді жойған емес. Ал вакциналау және стерилизация процесі жүйелі емес дейді сарапшылар.

Ай-шайға қарамай өлтіру

Сарапшылар қаңғыбас жануарлар мен бақылаусыз қалған, яғни, иелерінен жырақтап қалған жануарларды айыру қиын болғандықтан, оларды ұстау және өлтіруде қиындық бар екенін айтады. Осыған байланысты бақылаусыз жануарлар мен серуенде жүрген жануарлар да өлтірілуі мүмкін деген қауіп бар. Қазақстанда мұндай жағдай расымен болған.

Биыл наурызда Ақтөбе тұрғыны итін атып тастаған жергілікті ветеринарлық қызмет өкілін жауапкершілікке тартуды талап етті. Оның итін тапа тал түсте серуен кезінде атып кеткен. Әйелдің сөзінше, ер адам аудандағы иттерді шетінен өлтіріп келген. Бірақ оның көлігінде мойнында белгісі бар иттер де болған.

Сол айда Теміртауда жануарларды ұстау қызметінің өкілі кәмелетке толмаған балалардың көзінше үй итін атып тастаған. Куәгерлердің сөзінше, алдымен ол балалардың итпен ойнап жүргенін бақылап тұрып, кейін балалар оны қорғамақ болғанына қарамастан, оны атып түсірген. Оқиға орнында бұған еш кедергі келтірмеген полицей де болған.

2023 жылғы шілдеде Павлодарда ветеринарлық қызмет өкілдері тазы тұқымдас екі итті өлтірді. Бақылау камераларынан белгісіз адамдардың жануарларға улы заты бар кішкентай найза лақтырып жүргені байқалады. Кейін олар өлген иттерді көлігіне салған. Иттердің мойнында қарғыбау болған, әрі олар қорғалатын территорияда жүрген.

Жұмыс істемейтін заң

Жануарларды қорғау қауымдастықтары ұзақ уақыт бойы жануарларды қорғау туралы заңның қабылданғанына қол жеткізуге тырысты. 2020 жылы қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құжат дайындауды тапсырып, «жануарларға деген көзқарас өркениетті мемлекеттің өлшемі» екенін мәлімдеді.

Заң талқыланып жатқан кездің өзінде зооқорғаушылар оны сынға алды, ал заң қабылданғанынан екі жыл өткен соң сарапшылар оның іс жүзінде жұмыс істемейтінін айтты. Оның себептері: сапалы актілердің болмауы; қаңғыбас жануарларға арналған мемлекеттік орынның және жеке орындарға көмектің болмауы; халық арасында түсіндіру жұмыстарының болмауы; жануарлардың әлі де жаппай атылуы; жануарларды тіркейтін бірыңғай мемлекеттік базаның болмауы; ит-мысықтарды стерильдеу мен вакциналау бойынша жаппай жұмыстардың жүргізілмеуі.

Президент Тоқаев өзі де заңды сынға алды. Содан кейін жоба толықтыруға жіберілді. Алайда, зооқорғаушылардың пікірінше, мәжілісмендер жануарлардың жағдайын одан сайын ушықтыратын түзетулер ұсынған. Заң қаңғыбас жануарлар ұсталған соң 15 күннен кейін, ал бақылаусыз қалған жануарларды 60 күннен кейін өлтіруді қарастырған. Алайда бұл уақыт стерильдеу, чип салу, иесін анықтау секілді қажет процедураларды жүргізу үшін жеткіліксіз. Сондай-ақ оның шығындары Қазақстанда онсыз да әрең күн көріп отырған орындарға жүктеледі.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz