«Семей орманы» бюджет ақшасын қайда жұмсады?

Абай облысында өрт басталғалы қазақстандықтардың назары “Семей орманы” мемлекеттік табиғи орман резерватында болды. Өрт салдарынан 15 адам қаза тапты. Қайтыс болған қызметкердің әйелінің айтуынша, жұмысшыларда қызмет көлігі де болмаған. Тіпті, көлік бөлшектері жетпеген.

Бір қызығы, өртке 10 күн қалғанда Абай облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты “Семей орманының” үш басшысына қатысты үкім шығарды. Мемлекеттік мекеменің үш басшысы ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысуға және кәсіпкерлерден жүйелі түрде 700 мыңнан 13 млн теңгеге дейін пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Олар заңсыз сыйақыны лауазымды тұлғаларға резерват аумағында санитарлық тазалау мен ағаш кесуге рұқсат бергені, мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарға кедергісіз қол қойғаны, сондай-ақ жалпы қамқорлығы үшін берді.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі

Резерваттың үш басшысы 10 жылға сотталды, ал бес пара беруші пара бергені үшін кінәлі деп танылып, бір жарым жылдан үш жарым жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Factcheck.kz редакциясы “Семей орманы” резерватының 2016 жылдан бері қанша сомаға тапсырыс бергенін зерттеді.

Ең көп сомаға тапсырысты алған компаниялар және оның сомасы

Kompra.kz дерегінше, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты “Семей орманы” резерваты 2015 жылдан бері 525 200 800 теңге салық төлеген. Ең көбі 2017 жылы тіркелген — 158 324 930 тг.

Datanomix дерегінше, “Семей орманы” 2016 жылдан бері 3 240 келісім шартқа отырған. Оның ішінде, орындалған келісім шарт саны — 3 014. Қалғаны орындалып жатыр я жартылай орындалған. 2016 жылдан бері қосылған құн салығын қоспағанда 4,91 млрд теңгеге тапсырыс берген.

Сонымен қатар, 2016 жылдан бері тапсырыстың көп бөлігін жеке кәсіпкер ретінде тіркелген Шахворостова Янина Васильевна орындаған. Мысалы 2021 жылы АИ-92 бензині мен дизель отынын сатып алуға “Семей орманы” жеке кәсіпкермен 232 278 671.52 теңгеге келісім шартқа отырған. Ал шарт статусында келісім шарттың орындалғаны жазылған.

Kompra.kz мәліметінше, 2023 жылдың 2 ақпанынан бастап жеке кәсіпкерге (Шахворостова Янина Васильевна) Қазақстаннан шығуға уақытша шектеу қойылған азаматтардың тізімінде. Ашық деректе салық басқармасының талабымен жеке кәсіпкерден өндіріліп алынатын сома да көрсетілген — 24 672 482 теңге. Бірақ сот процесі, істің мән жайы туралы ақпарат жоқ. Жеке кәсіпкердің атында басқа компаниялар тіркелмеген.

Бұдан бөлек, 2021 жылы Семей орманы жеке кәсіпкермен “мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдардың бұзылуына байланысты даулар оның ішінде шартты орындау туралы даулар бойынша” соттасқан. Бірақ ШҚО ауданаралық экономикалық соты арызды қанағаттандырудан бас тартқан.

Бір қызығы “Семей орманынан” ең көп сомаға тапсырыс алған жеке кәсіпкер иесі ШҚО Бесқарай аудандық сотының шешімімен, 2017 жылы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 159-бабына (Монополистік қызмет) сәйкес, 291 712 теңге әкімшілік айыппұл салынған. Сонымен қатар, сот оны монополистік жолмен тапқан (жанармай бекетінде бағаны көтерді деген айыппен) 1 762 817 теңгені тәркілеу туралы шешім шығарған. Ал Шахворостова Я. өзінің кінәсін мойындамаған.

Өрт туралы ескерту

2016 жылдан бері “Семей орманы” көбіне дизель отыны мен тракторға тапсырыс берген. Бір қызығы 2021 жылдан бері ормандағы өрт туралы хабар беретін Fire Watch құрылғысын жөндеуге не техникалық тұрғыда қамтамасыз етуге 8 конкурс жарияланған. Алайда қызметті сатып алудан 5 рет бас тартқан.

Ал қалған үш тапсырысты үш түрлі компания алған. Мысалы 2021 жылы “Группа компаний Радикс” 11 963 013,44 теңгеге, ал 2022 жылы “Encom Systems Technology” 14 423 255,84 теңгеге орындады. Сонымен қатар, 2023 жылы тапсырыстың орындалуы “ТК Прогресс”-ке жүктелді. Жалпы сомасы 12 057 075 теңгені құрады. Келісім шарт әлі орындалып жатыр.

2022 жылы “Семей орманы” өрт бақылау мұнарасын жөндеуге жеке кәсіпкер Пурис Виктория Сергеевнамен 14 100 800 теңгеге келісім шартқа отырған. Мемлекеттік сатып алу дерегінше, келісім шарт орындалған.

Бұдан бөлек, 2016 жылдан бері Сeragon радиожелелік байланыс құралын жөндеуге және техникалық қызмет көрсету қызметіне 9 рет конкурс болған. Оның ішінде тек екі жағдайда жеңімпаз анықталмай, байқау тоқтаған. Қазір алты келісімшарт орындалды, біреуі әлі орындалып жатыр.

2016-2022 жылдар аралығында Ceragon-ды жөндеу үшін алты түрлі компанияға (АльянсИнжиниринг — 3 920 000 тг, ИП Якушев Владимир Владимирович — 1 868 699 тг, ТОО “ВОСТОК ОН-ЛАЙН” — 1 510 880 тг, ТОО “NEXUS SECURITY” — 1 000 000 тг, Мұратқалиев Қ.Т. — 1 190 000 тг, Ерахметова Кайникуль — 1 100 000 тг) 10 589 579 теңге төленген.

Ал 2023 жылы жөндеу жұмыстарын “Cosmo” деп тіркелген жеке кәсіпкер өз мойнына алды. Бүгінгі таңда 527 400 теңге игерілген. Келісім шартқа сәйкес, 1 758 000 теңге бөлінуге тиіс.

2023 жылы қанша сомаға тапсырыс беру жоспарланған

2023 жылы жоспар бойынша, барлық тапсырыстарды қоса есептегенде 2,3 млрд теңге бөлу қарастырылған. Мұның арасында бірнеше жылдық келісім шарттар да бар. Datanomix дерегінше, көлікті жөндеуге немесе сатып алуға 1,41 млрд, дизель отынына 226 млн, ал ұшқынды тұтатқышты қозғалтқыштарға арналған бензинге 100 млн бөлу көзделген.

Сонымен қатар, қазір “Семей орманы” жеңіл және жүк тасуға арналған көліктің саймандарына екі конкурс жариялады. Екі конкурстың қосында сомасы 12 745 000 теңге. Әлі жеңімпаз анықталмады.

Контекст

“Семей-орманы” резерватында 8 маусымда басталған өрт 14 маусымда сөндірілді. 15 адамның өмірін алған тілсіз жаудың себебін анықтау үшін Қазақстан бас прокуратурасы қылмыстық іс қозғады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz