Кейінгі 5 жылда Алматы әкімдігі регбиге 1,2 млрд теңге жұмсаған. Нәтиже бар ма?

Алматы қаласының спорт басқармасы жыл сайын регби спортын дамытуға миллиондаған қаржы жұмсайды. Басқарма 2024 жылы да бұл спорт түріне 339 млн теңге бөлуді жоспралап отыр. Жеңімпаз 20 қаңтардан соң анықталуы керек еді. Бірақ белгісіз себептермен сатып алу жүзеге аспай қалды. Factcheck.kz редакциясы регбиге бөлінген қаржыны қарап, одан шыққан нәтиже бар ма деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Тендер туралы

2023 жылдың 26 желтоқсанында мемлекеттік сатып алулар порталында регбиден кәсіпқой командаларды ұйымдастыру қызметіне тендер жарияланды. Бұл лотқа бюджеттен 339 285 714 теңге жұмсалмақ. Тендер жеңімпазы 2024 жылдың 20 қаңтарында анықталуы керек болған, бірақ сатып алу нәтижесіз қалған. Техникалық сипаттамаға сай жеңімпаз мекеме Алматы қаласының регби командасымен Қазақстан Регби чемпионатында жүлделі орындардың біреуіне ілігуі керек.

Басты мақсат: «Регби» спортын спорт ретінде насихаттау және дамыту, кәсіпқой командаларды (әйелдер мен ерлер) ұйымдастыру, Алматы қаласының спорттық резервін даярлау және олардың регбиден 2024 жылғы Қазақстан Республикасының чемпионатына (жоғары лига) қатысуын және балалар мен жасөспірімдер құрамаларының қатысуын қамтамасыз ету қызметтері Республикалық жарыстарға қатысу

техникалық сипаттамадан үзінді

Спорттық секция құрамында кем дегенде 200 бала мен жасөспірім қамтылуы керек. Бөлінген 339 млн теңге мына қызметтерге жұмсалуы шарт: 

  • Қызметкерлер мен ойыншылардың жалақы қоры
  • Жол шығындары
  • Алматы қаласының аумағында спорт ғимаратын жалға алу
  • Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру 
  • Көлік шығындары
  • Төрешілердің шығындары
  • Жаттығу және қалпына келтіру процестері мен лагерлері
  • Кешенді медициналық қолдау
  • Санитарлық қызмет
  • Оқу-жаттығу лагері кезіндегі тамақтану 
  • Тұру шығындары

Жеңімпаз мекеме техникалық сипаттамадағы нәтижелерге қол жеткізе алмаған жағдайда, тапсырыс беруші бөлінген бюджеттік қаражат шегінде жоспарланған іс-шаралар кешенінің басым бағыттарын, олардың түрлерін, мерзімдерін, толтыру нысандары мен мазмұнын өзгерту құқығын өзіне қалдырады.

Нәтиже бар ма?

2023 жылы Алматы қаласы 280 187 500 теңге жұмсап регбиден ерлер чемпионатында 2-орынға жайғасты. 1-орын алған Жетісу облысы Талдықорған қаласының командасының дайындығына бюджеттен 35 198 098 теңге жұмсаған. 3-орынды да Талдықорған қаласының екінші командасы иеленген. Чемпионатқа Астана қаласының да командасы қатысты. Астана қаласы спорт басқармасы 2023 жылы ерлер арасындағы регби чемпионатына қатысу үшін  71 428 571 бөлген. Чемионаттың соңғы орнында тұрған Қостанай облысының командасы 3 125 000 теңге жұмсаған. 

  1. ПРК “Олимп” (Талдықорған қ.) – 35 198 098 теңге;
  2. ОФ “Азия-спорт” (Алматы қаласы) – 280 187 500 теңге;
  3. “Жетісу” (Талдықорған) – 35 198 098 теңге.
  • “Сборная города Астана” – 71 428 571 теңге;
  • “Сборная Костанайский области” – 3 125 000 теңге.
2023 жылғы Регбиден ерлер арасындағы турнирлік кесте және қалалардың бюждеттері

Алматы 2023 жылы регбиге Астана қаласынан 4 есе, Талдықорған қаласынан 8 есе, Қостанай облысынан 90 есе көп ақша жұмсаған

Осы жерден заңды сұрақ туындайды: неге Алматы қаласының командасына көп ақша жұмсалса да, одан бірнеше есе ақша аз құртқан Талдықорған командасы бірінші орынға шықты?

«Алматы» мамандандырылған регби клубы» баспасөз хатшысының берген жауабына сәйкес 2023 жылы Алматы регби командасында 200 бала мен жасөспірім тіркелген. Пандемияға дейін 233 адам Алматы регби клубында болған.

  • 2018 жылы – 182
  • 2019 жылы – 233
  • 2020 жылы – 229 
  • 2021 жылы – 172
  • 2022 жылы – 203 адам тіркелген.

Алматы регби командасы негізгі құрамнан бастап, U-18, U-16, U-14, U-12, U-10 жастар аралығында турнирлерге қатысады. Қазіргі күні Алматы қаласынан 3 команда Қазақстан чемпионатында ойнап жүр. Олар: ОФ “Азия-спорт”, “Динамо-Гвардия”, “Бейбарыс”.

Осы уақытқа дейін Алматы әкімшілігі регбиге қанша қаражат жұмсаған?

2023 жылы Алматы спорт басқармасы регби спортын дамытуға 280 187 500 теңге жұмсаған. Бұл лоттың жеңімпазы ОФ “АЗИЯСПОРТ” атанған. Техникалық сипаттамаға сәйкес әйелдер және ерлер регби командалары жүлдері орындарға ие болуы шарт.

Жалпы Алматы әкімдігі Регбиге 2018 жылдан бастап 1 683 481 443 теңге бөлген

“АЗИЯСПОРТ” қоғамдық қоры

2017 жылдан бері регбиге қатысы бар лоттың барлығын “Азияспорт” қоғамдық қоры жеңіп келген. ҚҚ 2017 тіркелген. “Азияспорт” ҚҚ-ның басшысы Джартыбаева Айгүль Муратхановна 2021 жылы «QAZAQSTAN RUGBY» Қазақстан спорт федерацияларының қауымдастығының директоры болып тағайындалды. Мемлекеттік сатып алулар порталында Алматыдағы регбиге қатысты лоттың барлығы бір көзден ойнатылған.

2024 жылы Алматы спорт басқармасы Регбиден бөлек қандай спорт түрлеріне қанша ақша бөлді?

2024 жылы Алматы спорт басқармасы регбиден басқа 3 спорт түріне бюджеттен ақша бөлген. Баскетболды дамыту үшін 865 839 829 теңге (472 982 678, 267 857 142, 125 000 000), волейболға 714 285 714 теңге (357 142 857, 357 142 857) және хоккейге 1 214 285 714 теңге (544 642 857, 669 642 857) қарастырылған. Жалпы Алматы қаласының 2024 жылғы бюджеттік шығынының 15 187 033 000 теңгесі спортты дамытуға бағытталған. 

Қорытынды

2023 жылы 280 млн теңге бөліп, қаражаты 8 есе аз Талдықорған командасынан турнирлік кестеде қалып қойған Алматы командасы 2024 жылы регбиге 339 млн теңге жұмсамақ. Кейінгі 5 жылда бюджеттен 1,6 млрд теңге кеткен регби спортына осынша ақша бөлу қаншалықты дұрыс?

Factcheck.kz