Алматы аулаларын таза ұстауға 24 млрд теңге бөлінбекші

2023 жылы Алматы қаласының Медеу және Алатау аудандарында тұрғындар қоқыстардың жиналмағанына, аулалардың тазартылмағанына наразылық білдірген еді. Сондай-ақ өткен жылы Алмалы ауданының тұрғындары аула ішінде сасық иістің барын және ауданды тазарту керек екенін айтқан. Ал, Түркісіб ауданының адамдары көшеде шаң жұтып, батпаққа батып жүргендерін айтқан. Осы мәселелерді шешу үшін 2024 жылы 24 миллиардтан аса теңге бөлінді. Қаланың аулаларын тазартуға қанша теңге жұмсалады және сома ішіне қандай қызметтер кіреді? Factcheck.kz редакциясы деректерді шолып шықты.

Әр ауданға жеке тендер

Алматы қаласына қарасты 7 ауданның аула аумақтарын 2026 жыл біткенге дейін таза ұстауға 24 165 170 315 теңге бөлінген. Тек, Наурызбай батыр ауданы ғана 12 айлық қызмет үшін ақша жұмсамақ. Әр ауданға төмендегідей қаражат кетпек:

  • Бостандық ауданына 4 390 299 201 теңге;
  • Медеу ауданына 3 408 443 453.21 теңге;
  • Түркісіб ауданына 3 267 925 446.54 теңге;
  • Алмалы ауданына 4 514 622 340.11 теңге;
  • Алатау ауданынын таза ұстауға 721 975 455,44 теңге және сол ауданға қарасты Саялы шағын ауданына 430 373 400,21 теңге, Нұркент шағын ауданына 362 549 989.83 теңге жұмсау жоспарланған. Ауданды таза ұстауға жалпы сомасы — 1 514 898 845,48 теңге кетпек;
  • Жетісу ауданына қатысты осы қызметтерге 5 тендер ойнатылған. Құжаттардың өзгеруіне байланысты осы 5 тендерді Алматы әкімшілігі қайта жариялады. Бұл ауданға кететін жалпы сома — 2 059 729 400,7 теңге;
  • Әуезов ауданынын тазартуға 14 тендер жарияланды. Әкімшілік 6 тендерден бас тартты. Нәтижесесінде осы қызметтерге бюджеттен 4 615 519 639 теңге жұмсалу жоспарланған;
  • Наурызбай ауданында 393 731 991 теңге жұмсалу жоспарланып отыр. Жоғарыда жазғандай бұл тек 2024 жылға ғана бөлінген бюджет.

Тендерлердің техникалық сипаттамасына сәйкес, аула аумақтарын таза ұстауға мынандай қызметтер кіреді:

  • Жаңа жауған қарды техникамен және қолмен тазалау
  • Адамдар жүретін жолды және тротуарларды шаңнан тазарту, сыпыру
  • Шағын сәулет нысандарын қалпына келтіру, металлдарды бояу
  • Ағаштарды суару, қураған бұтақтарды кесу, тыңайтқыштар қолдану
  • Аудан аумағын арамшөптерден тазарту, гүлдер егу және оны күтіп ұстау
  • Қоқыс жәшіктерін жинау
  • Алаңда жапырақтар мен қоқыстардың болмауын қадағалау
  • Құбыр желілерін тазарту
  • Жауын-шашын кезінде су басудың алдын алу

Осы қызметтер 2026 жылдың желтоқсанына дейін істелуі шарт. Техникалық сипаттаманың толық нұсқасымен танысқыңыз келсе, белгіленген сілтемелерге өтіп оқысаңыз.

2023 жылы Алматы тұрғындарының тарапынан тазалықтың болмауына наразылық көп болғанын жоғарыда жаздық. 2024 жылдың басында да қала халқы Алматы әкімі Ерболат Досаевқа қар күреу қызметінің баяу жүріп жатқанына шағымданған еді. Осы мәселелерді шешу үшін 24 млрд теңге жұмсалу жоспарланған.

Factcheck.kz