Журналистика қайтып оралды

Жылдар бойы дімкәс болып жатқан ақпарат индустриясы аздап бас көтере бастады. Цифрлық медиа тұтынуды жан-жақты зерттеген Digital News Report 2018 нәтижесіне қарағанда, ақпаратқа жазылу көлемі жоғарылап, тұтынушының сенімі тұрақтай бастаған. Соңғы кездері көп құқайға ұшыраған, сенімге негізделген сала үшін бұл аздап бас көтерудің өзі – үлкен жеңіс.

Ашығын айтсақ, әлемдік БАҚ-тың халі әлі де ауыр. “Рейтер” журналистиканы зерттеу институтының есебіне қарасақ, ақпарат тұтынушылардың тек 44 пайызы ғана дәстүрлі медианың жариялағандарына сенеді екен. Дегемен, бұл – былтырғы көрсеткіштен бір пайыз жоғары көрсеткіш, демек, бұл салаға сенім дефициті ұлғаюын тоқтатты деуге негіз бар.

Басқа зерттеулер тіпті оптимизм оятады. Мәселен, жыл сайынғы Edelman Trust Barometer көрсеткішіне қарасақ, журналистикаға сенім артып келеді, дәстүрлі және онлайн журналистикаға деген сенім деңгейі жеті жылдағы ең жоғары шамаға жеткен. Бұл “журналистиканың дәурені қайта туды” деген ойды бекіте түседі. БАҚ басшыларына жеңіс тойын тойлау әлі ертерек, дегенмен соңғы жылдары біраз беделінен айырылған сала үшін бұл – үміт күттірер белгі. Саяси көзқарастардың алшақтауы кесірінен оқырмандар өз ұстанымын қолдамайтын ақпарат құралдарына күмәнмен қарай бастады, ал ақпарат тарату саласында бюджетті қысқарту журналистиканың сапасын құлдыратып жіберді. Дегенмен, жаңа мәліметтер көрсеткеніндей, журналистер бұл қиындықтардан шығудың жолын тапқан сыңайлы.

Бәлкім, биылғы Цифрлық медиа есебінің көзге ұрып тұрған басты тренді – әлеуметтік желі арқылы таратылған ақпаратқа деген күмәннің артуы сияқты. Мәселен, біздің зерттеу көрсеткеніндей, респонденттердің 23 пайызы ғана әлеуметтік медиадан оқыған ақпаратқа сенеді, және тек 34 пайызы ғана іздеу ресурстарынан табылған мәліметке иланады. Бұл сандар дәстүрлі ақпарат құралдары сияқты тұтынушылардың сенімі негізінде жұмыс істейтін Google, Facebook және басқа да технология алыптарын толғандырса керек.

Facebook сияқты платформалар кібіртіктеп жатса, дәстүрлі ақпарат құралдарының көбі іргесін мықтап келеді. Жазылудағы трендтер осы тұжырымды дәлелдейді. Сауалнамаға қатысқан 74 мың адамның 14 пайызы өткен 12 ай ішінде кемінде бір рет цифрлық ақпаратқа ақша төлеген. Ал Скандинавия елдерінде бұл көрсеткіш 30 пайызға жеткен.

Президент Дональд Трамп “фейк жаңалықтарға” шүйліккен АҚШ-та бұл кері әсер беріп жатыр, жұрт көбіне тәуелсіз журналистиканы бұрынғыдан да көп қолдай бастаған.  Мәселен, 2016 жылы америкалық тұтынушылардың 9 пайызы ғана онлайн жаңалыққа ақша төлеген. 2017 жылы бұл көрсеткіш 16 пайызға өскен, биыл да сол деңгейде.

Тіпті еркін ақпарат тарататын вебсайттары көп Ұлыбритания сияқты елдерде халық сапалы репортажға ақша салады.  The Guardian-ның ақша жинау не мүшелік жарна төлеу моделі қаржылық ережені өгертіп жатыр. Сауалнама жүргізген елдердің барлығында дерлік саяси солшыл жастар  ақша төлеуге ерекше құлық танытқан.

Кей сыншылар медиадағы төлем моделі “Интернет – идея, жаңалық пен ақпараттың тегін таралатын орны” деген бастапқы идеяға қайшы келеді деп санайды. Оппоненттер “ақпарат құралдары ең жақсы мақалаларды ақылы етіп жасырып қойып, екінші сортты ақпаратты екінші сортты азаматтарға таратып жатыр” деп кінәлайды.

Бірақ, бұл аргумент үш негізгі мәселені ескермей отыр. Біріншіден, цифрлы түрде байланысқан адамдар ішінде ақпаратқа мүлде ақы төлей алмайтындардың үлесі өте аз саналады. Ал ақша төлеуге деген ықылас – көбіне төлем басымдықтарына қатысты мәселе. Тек сатып алғанның орнына мүшелікке басымдық берудің өзі әлдекім құнды деп санаған нәрсеге ақша төлеуге болатынын көрсетеді.

Оның үстіне,  шынымен төлей алмайындар болса, табысы төмен отбасыларға сапалы журналистика өнімдерін жеткізудің де көп жолдары бар. Мәселен, журналистика қолжетімді болуы үшін салық заңдарын өзгерту керек, ал үкімет пен қаржыландырушы қорлар қоғамдық бағдарламаларды қолдауға көбірек көңіл бөлгені жөн.

Халық ақша төлеп жатса, журналистердің хабар таратуға ынтасы артады. Олар өз өнімдерінің құндылығын қадағалап, фактілерді мұқият тексереді, инновацияға көңіл бөледі және әлеуметтік медиа платформаларындағы көбейіп кеткен көз арбайтын арзанқол дүниелерді азайтады. Ең бастысы – бұл трендтер екі жаққа да күш береді, журналистика жақсарған сайын тұтынушылар да оны жоғары бағалай түседі.

Медиа саласы өзі туралы жақсы жаңалық бермегелі көп уақыт өтіпті. Қазір біз сапа, сенімділік және қаржылық тұрақтылық трендтерін баянды ете түсу жолында бұрынғыдан да қарқынды жұмыс істеп жатырмыз.

Журналистика қайтып оралдыАлександра Борчардт – “Рейтер” журналистиканы зерттеу институтының стратегиялық даму директоры.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz