Журналистер одағы мен «Әділ сөз» парламентті медиа жұмысын шектемеуге шақырды

Қазақстан журналистер одағы және cөз бостандығын қорғайтын “Әділ сөз” ұйымы Парламент спикері мен Акпарат және қоғамдық даму министріне ашық хат жазды. Олар медиа өкілдерінің жұмысын шектемеуге шақырды.

Осы аптада парламентте медиа өкілдерін кулуарда шенеуніктерді тоқтатып, сұрақ қоюын шектейтін ереже қабылдаған. Азаттық радиосының жазуынша, журналистердің бөлмесін “байланыс нашар ұстайтын” нөлінші қабатқа ауыстырған. Сонымен қатар, жаңа ережеге сай депутаттардың жиыны өтетін залға журналистердің кіруін де шектеді. Мұндай шешімге медиа өкілдері наразы болды.

Хат авторларының айтуынша, жаңа ережелер шенеуніктердің өткір сұрақтардан жалтаруына, парламент отырыстарындағы кемшіліктерді жасыруға және журналистерді елемеуге жағдай жасайды.

Бұл маңызды әлеуметтік функциясы бар БАҚ-ты қоғамдық институт ретінде сыйламау дегенді білдіреді. Бұл ережелер қоғамның ақпарат алу құқығын шектеп, билік пен қоғам арасында сенімнің қалыптасуына кедергі келтіргендіктен оларды алып тастауды сұраймыз.

Екі ұйымның ортақ мәлімдемесінен.

Контекст

  • Азаттық радиосының жазуынша, шектеулердің бірін мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ұсынған. Ол Азаттыққа “жиналыста мәселе талқыланып жатқанда егер ол жерде жүз камера шұбырып жүрсе жұмыс істеуге қиындау болады. Отырыстарды онлайн да бақылауға болады” деген еді.
  • Ал медиа өкілдері бұл ережелер кәсіби қызметіне кедергі келтіретінін айтып, сынаған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz