Жемқорлық индексінде Қазақстан позициясы нашарлады

Қазақстан сыбайлас жемқорлық индексінің 2021 жылғы қорытындысына сай 100-ден 37 балл жинап, позициясы нашарлаған елдердің қатарына енді. Бұл туралы Transparency International (TI) халықаралық құқық қорғау ұйымы хабарлады.

Ұйым дерегінше, Қазақстанның рейтиңі былтырғы жылмен салыстырғанда нашарлаған. Дүниежүзілік банк, Дүниежүзілік экономикалық форум және түрлі агенттіктерді қоса алғанда, 13 дереккөздің нәтижесі бойынша әр елге 0-ден 100-ге дейін ұпай беріледі. Мұнда 0 – сыбайлас жемқорлықтың көптігін, ал 100 – оның жоқтығын көрсетеді.  

Тізімге енген 180 елдің арасынан Қазақстан 37 ұпаймен Гамбия және Шри-Ланкамен бірге 102-орында. Ал, былтырғы рейтиңде Қазақстан 38 баллмен 94-орында болған.

Transparency International сайтында Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына осындай баға берілді:

Президентке тікелей бағынатын Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі күш-жігерін ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласына шоғырландырды. Мұнай-газ өнеркәсібі, қаржы және құрылыс сияқты ірі салалар агенттік назарынан тыс қалып отыр, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытудың 2022 — 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасынан туындайды. 5 қаңтардағы қайғылы оқиғалар ел үшін басым салалардағы сыбайлас жемқорлықты елемеу қаншалықты қауіпті екенін көрсетті.

Transparency International Қазақстан жайлы мәлімдемесі

Әлемдік тізімнің антилидері – Оңтүстік Суданға (11 ұпай және 180 орын) жақын орналасқан елдер: Сирия және Сомали (13 балл), Венесуэла (14 балл), Йемен, Солтүстік Корея мен Ауғанстан (16 балл), Ливия және Гвинея (17 балл), Түркіменстан (19 балл).

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz