Зерттеу: Ресей дауылды сылтауратып, қазақстандық мұнайды Еуропаға әдейі жібермей отыр

Германияның “Handelsblatt” экономикалық газеті “Correktiv” зерттеу орталығымен бірлесіп, Новороссийск портындағы мұнай айлағы туралы журналистік зерттеу жариялады. Зерттеуге сай, “Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Мәскеуге қарсы санкция жариялаған Еуроодақтың экономикасына нұқсан келтіру үшін дауылды сылтауратып, қазақстандық мұнайды Еуропа нарығына әдейі жібермей отыр”. Бұл туралы Deutsche Welle сайты хабарлады.

Бұған дейін ресейлік медиада Қара теңіздегі дауылдың салдарынан қазақстандық мұнайдың Еуропаға өте аз көлемде жеткізілгені хабарланған. Ресейлік медианың жазуынша, 22 наурызда дауыл салдарынан Новороссийск қаласында мұнайды танкерлерге құятын жылжымалы айлақтық үш құрылғының екеуі істен шыққан.

Дегенмен Неміс метеорологиялық қызметінің (Deutscher Wetterdienst, DWD) Handelsblatt газетіне берген ақпаратына сай, Новороссийскідегі желдің күші 20 наурызда әрі кеткенде 43 баллға (узел) жеткен. Бұл халықаралық Бофорт шкаласы бойынша 9 баллдық дауылмен бірдей. Ал жойқын дауылдар – 12 ұпайға жетеді (64 узел).

“Терминал расымен істен шыққан болса да, Ресей оны тым ұзақ жөндеп жатыр. Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, екі жылжымалы айлақтық құрылғыны қалпына келтіру үш аптадан екі айға дейін созылуы мүмкін. Нәтижесінде мұнай экспортынан оныншы орындағы Қазақстан ай сайын жүздеген миллион доллар табысынан айырылуы мүмкін”, — дейді Handelsblatt зерттеушілері.

Зерттеуге сай, “Мәскеу Қазақстанды Батысқа қысым жасау үшін пайдаланып отыр”. Бұған қоса Қара теңіздегі терминалдың Еуропа үшін маңызды екені жазылған. Сонымен қатар, жыл сайын бұл құбыр арқылы 60 миллион тоннадан астам мұнай жеткізілетіні және бұл Еуропа елдері қолданатын мұнайдың 10 пайызын құрайтыны айтылған.

Қазақстандық саясаттанушы Ғазиз Әбішев Handelsblatt газетіне берген сұхбатында бұл жағдайды “Ресейдің Еуропаға жасаған қысымы” деді.

5 сәуірде Қазақстанның Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстан 2022 жылға арналған жоспарында “мұнай өндіруді біршама қысқартқанын” мәлімдеген.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz