Техас бас прокуратурасы Meta компаниясын сотқа берді

14 ақпанда Техас бас прокуратурасы Meta компаниясына тиесілі Facebook желісінің биометриялық технологиясы мемлекеттік құпия ақпаратты қорғайтын заңды бұзды деп, сотқа берді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Арызға сай Facebook компаниясы қолданушылар жүктеген фото мен видеодағы биометриялық деректі рұқсатсыз ұрлап, үшінші тарапқа жария етті және белгілі уақытта өшірмеді деп айыпталды.

Бұған қоса 20,5 млн Техас штатының тұрғынында Facebook желісінде аккаунты бар екені хабарланды. Сонымен бірге, арызда Facebook қолданушылардың рұқсатынсыз “миллиард рет” биометриялық деректі қолданғаны жазылған.

Meta өкілі бұл шағымның негізсіз екенін айтты. Бұдан бөлек, былтыр қарашада Meta аталған технологияны жауып, миллиардтан астам жеке деректі өшіретінін айтқан.

Компания 2020 жылы Иллинойс штатындағы осыған ұқсас сот ісін шешу үшін 650 миллион доллар төлеген.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz