Телеграм наразылар мен полицейлердің жеке деректерін жариялаған каналдарды жапты

Телеграм басшылығы Ресейде билікке қарсы наразылыққа шыққан адамдар мен күштік құрылым өкілдерінің телефоны мен мекенжайын жариялаған бірнеше телеграм каналды жапқанын хабарлады. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.

Мессенжер иесі Павел Дуровтың жазуынша, аталған арналарда наразылыққа қатысушылар ғана емес, сонымен бірге судья, прокурор, күштік құрылым өкілдері, журналистер мен медиа менеджерлердің жеке деректері болған. Хабарламалардың көбі жеке деректері жарияланған адамдарға шабуыл жасауға үндеген. Дуровтың айтуынша, бұл күш қолдануға шақыратын кез келген жазбаға тыйым салатын телеграм саясатына қайшы.

Ресейлік ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, бұған дейін елдегі телекоммуникация саласына жауапты орган Роскомнадзор Телеграмнан ақпаратты жоюды талап еткен.

Хабарламалардың құпиялылығын сақтау үшін шифрлеу технологиясын қолданатын Телеграм қосымшасы жақында оппозициялық саясаткер Алексей Навальный қамалғаннан кейін тұтанған наразылық кезінде жиі қолданылды.

Былтыр Ресей билігі Телеграмды бұғаттай алмайтынын білген соң оған қойылған тыйымды алып тастаған. Дуров тыйымнан соң қосымша қолданушылары екі есеге көбейді (400 млн қолданушысы бар қосымшаның 30 пайызын ресейліктер құрайды ) деп мәлімдеген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz