Сарапшылар Ресей пропагандасының Қазақстанға әсерін талқылады

21 сәуірде “Ақпараттық соғыс және Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі” тақырыбында онлайн-дискуссия өтті. Сарапшылар әскери пропаганданың қоғамға ықпалы мен Қазақстандағы ақпараттық қауіпсіздік жайын талқылады.

Шара аясында “орыс және қазақ тілінде сөйлейтін аудиторияның ресейлік ақпаратты тұтыну ерекшелігі”, “Ресей пропагандасының Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне және қазақстандықтардың қоғамдық санасына әсері”, “пропаганданың алдын алу үшін елімізде орындалуы керек шаралар” тақырыптары талқыланды.

“MediaNet” халықаралық журналистика орталығының хабарлауынша, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс және осы оқиға айналасында болып жатқан ақпараттық соғыс Қазақстан азаматтарының санасына әсер етіп қана қоймай, қоғамды қақ жарып, ксенофобияның өршуіне ықпал етіп жатыр. Пропаганда пен дезинформация қоғамда басымдыққа ие болып, қазақстандықтарды жақтастар мен қарсыластар деген екі тарапқа бөлді.

Cпикер ретінде “Азаттық радиосының” ТВ продюсері Қасым Аманжол, ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев, КАЗГЮУ Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан және қоғам қайраткері Арман Шораев қатысты. Шара модераторы — Factcheck.kz сайтының бас редакторы Думан Смақов.

Біз, қазақ қоғамы әбден бөлінген қоғамбыз, бөліністің өзіндік сипаттары бар. <…> Соның ішінде орыстілділер мен қазақтілділер арасындағы бөлініс, бұл — де-факто бар нәрсе. Бұл осы Ресей пропагандасының үлкен құралына айналып бара жатыр. Яғни, осы жағдайда, Қазақстанда орыстілділерге басқа ақпарат, қазақтілділерге басқа ақпарат немесе “орыстілділер бұл туралы былай ойлайды”, “қазақтілділер былай ойлайды” деген бөлініске, меніңше, журналистер түспеуі керек. Екеуіне де бірдей, ортақ, сапалы, тексерілген, әділ ақпарат тарата алуымыз керек — бұл журналистердің басты мақсаты. Қазақстандағы Ресей пропагандасының күшіне қарсы қоя алатын құралымыз аз. Ресей пропагандасы шынымен күшті, ықпалы, толқыны зор, ал оған қарсы қоя алатын құрал — біздің профессионализм.

Қасым Аманжол, “Азаттық радиосының” ТВ продюсері

Дискуссия азаматтық қоғам өкілдеріне арналған Expert Public Space тәуелсіз онлайн алаң жұмысының аясында ұйымдастырылды. Жоба MediaNet халықаралық журналистика орталығы Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен өткізілді.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz