Ресей Украинаға соғыс ашқалы кемінде 20 журналист қаза тапты

Ресей Украинаға 24 ақпанда басып кіргелі кемінде 20 журналист қаза тапқан. Бұл туралы 13 сәуірде Украинаның Ұлттық журналистер одағы хабарлады.

Одақ Украинаның Бас прокуратурасының дерегіне сүйеніп, қаза тапқан 20 журналистің тізімін жариялаған. Одақтың жазуынша, қаза тапқан журналистер саны жиырмадан көп болуы мүмкін.

Тағы бірнеше журналист байланысқа шықпаған және қайда екені белгісіз. Оның ішінде Алексей Чернышев 13 наурызда фотожурналист Макс Левинмен бірге Ресей шабуылының салдары туралы хабар тарату үшін Гута-Межигорская ауылына кеткен. Кейін аймақта қақтығыс қайта басталып, олармен байланыс үзілген. 1 сәуірде Киев маңындағы Вышгород ауданында Левиннің денесі табылған.

Наурыздың ортасында Киев маңында Fox News телеарнасының 55 жастағы ирландиялық операторы Пьер Закржевски және телеарнаның 24 жастағы жергілікті продюсері Александра Кувшинова Горенка ауылында (Киев облысы) оқ тиіп қаза тапқан.

23 наурызда The Insider журналисі Оксана Баулина Киевтің Подольский ауданында қақтығыс салдарын түсіріп жатқанда зымыран атқылауына ұшырап, қаза тапты.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz