QazNetEtiquette: этносаралық өшпенділік тілін жеңуге арналған этика кодексі ұсынылды

Қазақстан және шетел сарапшылары этносаралық өшпенділік тілін жеңуге арналған QazNetEtiquette этика кодексін таныстырды.

QazNetEtiquette этика кодексінің мақсаты — этносаралық қарым-қатынас мәдениетін арттыру, интернет коммуникацияда өзін-өзі реттеу ережелерін қалыптастыру, қоғамдағы дау-жанжал, конфликтілерді азайту. Мамандар оны халықаралық және қазақстандық құқық қағидалары негізінде дайындаған.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыровтың пікірінше, өшпенділік тілін жеңуге арналған этика кодексі пен мониториң жұмысы толерант қоғам және коммуникация мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.

QazNetEtiquette — ақпарат кеңістігінде ұлтаралық қақтығыстар мен өшпенділік тілінің тарауының алдын алуға арналған қарапайым әрі әмбебап 10 әдеп ережеcі.

Этносаралық қақтығыстар Қазақстанда ғана емес, барлық елде бар. Тек бұл проблемаға әркім әртүрлі реакция білдіреді — кейбірі репрессив, енді біреулері өзін-өзі реттеу әдісін, басқалары екеуін де қолданады. Дегенмен өкінішке қарай, бұл мәселені толық жеңу мүмкін емес.

MediaNet Халықаралық журналистика орталығының директоры Әділ Джалиловтың айтуынша, QazNetEtiquette кодексі нормативтік акті де, заң да емес. Ол — ең әуелі өзін-өзі реттеу құралы.

Әділ Джалилов кодекс Қазақстанда және Орталық Азияда кеңінен тарап үлгермесе де, оны әртүрлі желі қауымдастығы қолданатынын айтады.

Фокус-группа, эксперт ұсыныстары және өзіміз жүргізген зерттеулерді негізге алып Кодекс дайындадық, оны қоғамға бейімдеп, тестілеуден өткізіп, қазақстандық қауымдастыққа ұсынып отырмыз. QazNetEtiquette ережелерін, ең алдымен өзін-өзі реттеу құралы ретінде ұсынбақшымыз. Қоғам өзі шаралар қабылдап, желідегі тәртіп ережелерін қалыптастырып, мәдени, өркениетті келісімге келеді деген ойдамыз. Қолымыздан келе ме, келмей ме, оны уақыт көрсетеді

Әділ Джалилов, MediaNet Халықаралық журналистика орталығының директоры

Жоба авторлары алдағы уақытта QazNetEtiquette кодексі тиімді құралға айналады деп үміттенеді. Эксперттер дайындаған нормаларды қатаң сақтауға міндеттемейді, тек желідегі әдеп қандай болуы керек екеніне бағдар береді. Оған қоса қазақстандық интернет қолданушылар этика кодексін талқылауына, оған қатысты ұсыныстарын айтуына болады. 

Жобамыз қоғамның және мемлекеттік қызметкерлердің өшпенділік тілі мәселесінің байыбына барып, оны жіті түсінуіне үлес қосады деп үміттенеміз. Әсіресе, геосаяси конфликтілер мен әлеуметтік желілердің ықпалы артып тұрған тұста өте маңызды.

Йоханнес Д. Рай, Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры

Қазақ және орыс тілдерінде барлық материалды мына сілтемеден жүктеп алуға болады.

Factcheck.kz