NYT: Бучадағы мәйіттер Ресей әскері қаладан кетпес бұрын пайда болды

The New York Times (NYT) газеті Украинадағы Буча қаласының видеолары мен спутниктен түсірілген суреттерді зерттеп, қала көшелеріндегі бейбіт тұрғындардың мәйіті наурыздың ортасында, яғни, Ресей әскері Украинадан кетпес бұрын пайда болды деген қорытындыға келді. NYT зерттеуі 4 сәуірде жарияланды.

4 сәуірде Ресей Сыртқы істер министрлігі Буча бейбіт тұрғындарының қазасына Ресей әскерінің қатысы бар деген Украина айыптауын жоққа шығарып, «Буча қаласы Ресей бақылауында болған кезде бірде-бір тұрғын зардап шеккен жоқ» деп мәлімдеген.

The New York Times зерттеген видеолардың бірін жергілікті кеңес депутаты 2 сәуірде түсірген. Видеода Яблонская көшесінде жатқан көптеген мәйітті көруге болады.

Maxar Technologies компаниясы NYT журналистеріне спутниктен түсірілген суреттерді берген. Соған сай, Ресей әскері қалада болған кезде, яғни, 11 наурыздан бері көшеде жатқан.

Мәйіттер қалада қашан пайда болғанын анықтау үшін журналистер көшелердің әр күнгі суреттерін салыстырған. Нәтижесінде “адам денеcіне ұқсайтын көріністер” 9-11 наурыз аралығында Бучадағы Яблонская көшесінде пайда болған. Ал 2 сәуірде қалаға Украина әскері келгенде осы мәйіттерді наурыздан бері жатқан қалпында тауып алған.

Сонымен қатар, Яблонская көшесінде түсірілген видео мен спутниктен алынған суреттерді талдай келе, зерттеушілер басқа үш мәйіттің 20-21 наурыз аралығында, яғни, қала ресейлік әскердің бақылауында болған кезде пайда болған деген қорытындыға келді.

Ресей Тергеу комитеті батыстың бірқатар медиасында Бучадағы бейбіт тұрғындардың жаппай өлуіне қатысты ақпарат пайда болғаннан кейін “көрінеу жалған ақпарат тарату” бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Ресей Қорғаныс министрлігі бұл қылмысқа ресейлік әскерилердің қатысы бар деген ақпаратты терістеген, ал бейбіт тұрғындардың өліміне “украин ұлтшылдары кінәлі” деп мәлімдеді.

Украина президенті Владимир Зеленский Буча қаласына келіп, журналистермен және қала тұрғындарымен кездесті. Зеленскийдің сөзінше, Ресей Украинада әскери қылмыс және геноцид жасады. Бірақ ол әлі де Ресеймен бейбіт келісімге келуді жақтайтынын айтты.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz