«ҚЫЗ ЖІБЕК» ЖЫРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ КИІМ ҮЛГІЛЕРІ

Бұл мақаланы сайт оқырмандарына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих, Этнология және археология факультеті, “Археология, этнология және музеология” кафедрасының «6М020800 – Археология және этнология» мамандығының 2-курс магистранты
Саягүл Бірлесбек ұсынып отыр.

Қазақтың ұлттық киімдерінің дизайндық ерекшеліктеріне жасаған талдау оның тәлім-тәрбиелік мүмкіндіктерінің жоғарылығын дәлелдейді. Мәселен, ұлттық киімдерде халықтың дүниетанымы, ой-түйсігі, арман-тілегін  және оның ерекше эстетикалық талғамын көрсетеді. Көшпенділердің киім үлгілерінің тігілу мен пішілу тәсілінде сабақтастық сақталған. Көшпенділер адамзат тарихында атқа отыруға қолайлы болу үшін ойлап тапқан кең шалбар мен екі өңірі ашық, қаусырылатын кеуде киімі – шапанды адамзат өркениетіне қосқан.

ХХ ғасырдың 20-шы жылдары Ойыл мен Сағыз бойын мекендеген қазақтардың киім-кешегін палеоэтнологиялық деректермен салыстыра зерттеген С.И.Руденко, күпінің қазаққа, оның ата-бабасына кем дегенде бұдан екі мың жыл бұрын белгілі болған киім үлгісі екенін дәлелдеген[28].Ұлттық киімдер қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің дамуымен қатар дамыды. Сол себепті біз зерттеу барысында ұлттық киімдердің дамуын кезеңдермен сипаттағанда қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің шығуы мен дамуын қарастыруда Ұ.М.Әбдіғапбарованың қазақ тарихын топтастырған А.Қ.Ақышев, М.Х.Асылбеков, К.М.Байпақов, Ж.Қ.Қасымбаев қатарлы тарихшы ғалымдардың топтамасы бар[1].  .  «Қыз Жібек» жырындағы көштің суреттелуі тұнып тұрған этнографиялық деректерге толы. Көшпен келе жатқан әр қыздың жанынан өткен сайын, оның дене тұрқын, киімі мен әшекейін, мінген атына дейін жіті суреттеген.

«Алтынды кебіс сыртылдап,
Көшті тартып барады» [2,47.].  

Кебіс – мәсінің сыртынан киюге арналған, былғарыдан тігілген қонышсыз аяқ киім. Тігілуіне, жайпақтығына қарай көксауыр кебіс, шоңқайма кебіс, шекшек кебіс деп атаған.  Жырда айтылып отырған кебіс осы.  Екінші бір қыздың кебісінің өкшесі алтыннан құйылғанын жазады.

«Кебісінің өкшесі,
Бұқардың гауһар тасындай» [3,52.].

Соған қарағанда гауһар тасты Бұқардан әкелетінін, сауда-саттық байланысы боғланын айғақтайды.  Баян сұлудың әулетінің байлығын оның таққан әшекейі мен киген киімі арқылы көрсеткен. Қазақтың үстіне киген киімі оның салауаты мен байлығын әшкерелеп тұрған.  Қу сирақты кедей, киерге киімі жоқ деп жұпыны адамдарды айтып жатады.

«Хақтың жолын күткен жан болар дұрыс,
Баян жастың кигені алтын кебіс» [2,212.].

Қазақ халқы аяқ киімі мен ат әбзелдеріне дейін алтынмен жалатып, күміспен күптеп отырған. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтарда өмір сүрген Сақтардан та байқалған. Оған дәлел М.В.Бастың суретінде сақ көсемі жеңі тұтастай пішілген өңіріне алтын жаспсырмалар қадалған және елтірімен әдіптелген қызыл түсті жарғақ қамзол киген. Ал жеңі түгел сұр былғарымен оюланып, кестеленген, белдігіне теріден тігілген қалта-қоржыншаларды іліп жүретін былғары кісе белдік тағынған. Сарғыш жарғақ шалбарының балағын саптама етігінің қонышына қусырынған. Шекпеннен тігілген желбегейі өсімдіксал өрнектермен әшекейленген, ал басына құлақшыны бар қоңыр киіз қалпақ киген. Әйел үстіне жүннен тоқылған шұбар түсті матадан ұзын етек көйлек киіп, омырау тұсына дөңгелек алтын қапсырмалар қадаған. Беліне жүн тоқымалы белбеу байланып, оған ағаш тарақтарын тағып алған. Көйлектің үстінен иығына ақ-қызыл түстермен қораздар кейпінде қиюластыра кестеленген жүн тоқымалы жамылғы жамылған. Бас киімі де өзгеше бөркімен және түтікшелі бұрым қабымен ерекшеленеді.

Қазақ қыз-келіншектерінің үйге және сыртқа, той-думандарға киетін көйлектері болған. үйге киетін көйлек үй жұмысына ыңғайлы әрі сәнді болған. жеңіне көбіне желбегей тағылмайтын. Екі жеңін қпсырмалатып бастырып,  жұмысқа ыңғайлап, әрі білектің тазалығына жауап беретін. Қазақ әйелдері сауын сауу, сүттен құрт, май, қатық секілді өнімдер жасайтындықтан, үйге киетін киімі оған ыңғайлы етілген. Бай әулеттерде әйелдер жұмыс жасамайтын. Олардың күңі мен құлы барлық іштің және сырттың жұмысын атқаратын. Бай әулеттің әйелдері үй ішінде де сәнді киінуге мүмкіндігі болатын.

Сәнді кестеленген белдемше немесе белшалғыш қазақ, қырғыздардың тұрмыс құрған әйелдерінің сәндік үшін киетін киімдерінің бірі ретінде ертеректе пайда болғаны жөнінде деректер бар. ХІХ ғасыдың аяғына дейін әйелдер ойын-сауық кезінде көйлектерінің сыртынан киген. Қыздар мен жас әйелдердің ең бір сәнді киімі қос етек көйлек. Мұндай көйлек әдетте ұзын, кең, оның жеңінің ұшы мен жағасы, белі бүрмеленіп, 6 қатпарлы желбір салынады. Қазіргі өлшеммен алғанда бір қос етек көйлекке 6-7 метрдей мата жұмсалады[4]. Оның үстіне қос етек көйлек ақ түсті қымбат жібектен, асыл матадан тігіліп, таза жүннен тоқылады. Осыдан халықтың сұлулық, сәнділік үшін қаражатын, малын, қолында барын аянбағандығын көруге болады. Қосетек салатын дәстүр ХІХ ғасырдың аяғына таман ғана ене бастады деген мәліметтер бар [ 5, 36-37.].

Шытырма көйлек – Шытырма тағылған көйлек түрі. Өкінішке орай қазіргі кезде қолданыста арнайы тапсырыссыз жоқ.  Көйлектің шытырма тағылған түрі өте салтанатты қыздарға ғана тән болған. Бұл қыздың асқақытығы мен әдемілігін көрсететін. Көштің ішінен Жібекті іздеп жүрген Төлеген Шытырма көйлек киген қызға қарап көз тоқтатады:

«Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Шытырма көйлек етінде,
Нұр сәулесі бетінде»[3,42.].

Қазақ әйелдерінің киімдерінің тігу тәсілі бір болғанымен, оның матасы әр түрлі еді. Матаның әйелдің нәзік денесіне жайлы болуы басты талапқа кірген. М.В.Бастың археологиялық материалдар негізнде қалпына келтірілген киім үлгісінде ғұн ер адамы зер жіппен кестеленген, тік жағалы қызыл жібек жейде киген. Жейдесі сарғыш жүн шалбарына ышқырланған. Оның үстіне жасыл жібек торқадан тігілген, елтірімен әдіптелген шапан, беліне басы жылжымалы тиекті тоғысы бар кісе тағылған. Оның жапсырмалары мен тоғасы күмістен жасалған. Кіседегі арнаулы бауларға қызыл қынапты семсер мен ағаш қынабының сырты алтынмен қапталып, қызыл түсті әйнектастар және маржандармен айшықталған қанжар ілінген. Өкшесіз саптама етігін тобығы тұсынан қап сырмалар таспамен тартынған, батырдың қолында ғұндардікі деп аталатын садақтың күрделі түрі бар.

Басына қызыл асыл тастармен маржаннан көз салынған алтын тәжі киіп, мойнына күмістен алқа таққан. Әйел қарапайымдау киінген – үстіне жібектен тігілген ұзын көйлек киген. Жібекті қытай көпестері жеткізген, ол кезде Қытай мемлекеті өзінің Қытай империясының тыныштығын сақтау үшін ғұндарға үнемі жібек торғын-торқалар сыйға тартып тұрған. Әйел аяғына қызыл былғары етік киген, басындағы қаңылтақ алтыннан соғылған тәтісі маржандармен және үшбұрышты салпыншақтармен сәнделген, ал құлағына жақұт көзді әдемі сырға таққан. Бай әшекейленген бас киімі мен жібектен тігілген киім-кешегіне қарағанда, олар да жаз – жайлауы, қыс – қыстауы және мыңғырған төрт түлігі сай шонжарлар санатына жатса керек [1,118 б.].   Жібек матаның қазақ халқы үшін орыны жоғары сапалы олғанын жырдағы мына үзінділер әйгілейді:  

«Асфаһани кілем бар,
Жібектен гүлін торлаған» [3,46.].
«Қазинелі қырық нарға,
Жібектен арқан тарттырған.
…дүрия бешпет белсеніп, 
Орта бойлы дембелше,
Алтынды камзол жейдеше,
Сипатына қараса,
Бұрынғы қыздан өзгеше»[3,45.].  

Сонымен бірге бұл жырда Дүрия түрі айтылады. Дүрия да  жылтырауық, тығыз, жібек мата. Дүриядан көбінесе қыз-келіншектердің көйлегі, қамзолы тігіледі.  Бешпет  деп әртүрлі (барқыт, мақпал, дүрия) матадан тігілген, етегі тізеден сәл жоғары келген жейде, көйлектің сыртынан киетін, киіп жүруге жеңіл сырткиімді айтамыз.  Қамзол – ХVІІІ ғ. – ХІХ ғасырларда қазақ халқы арасында кең тараған ұлттық киім. Қамзол туралы мәліметтер ХІХ ғасырдың ортасынан бастап кездеседі. Камзол- жеңілдеу тігілген астарлы шапан мағынасында қолданылады.

Қазақтың халықтық киімі өзіне тән ерекшеліктерін сақтап бізге жеткен заттық өндірістің туындысы. Дегенмен, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында тауарлық өндірістің дамуы, осы негізде капиталистік қатынастардың өркендеуі, көрші халықтармен экономикалық және мәдени қарым-қатынастардың нығаюы, орыстардың, украиндықтардың, немістер мен татарлардың, тағы басқа халықтардың көптен қоныс аударуына байланысты қазақ тұрмысына ене бастаған өзгерістер, сол сияқты қалалық сәннің әсері халықтық киімге де ықпалын тигізбей қойған жоқ[5]. 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Әбдіғапбарова Ұ.М. Қазақ сәндік қолданбалы өнерінің тағлымы: оқу құралы. – Алматы, 2002. – 118 б.
  2. Бабалар сөзі: Жүзтомдық.—Астана: «Фолиант», 2009.Т. 54: Ғашықтық жырлар. —456 бет.
  3. Бабалар сөзі: Жүзтомдық.—Астана: «Фолиант»,  2009. Т. 53: Ғашықтық жырлар. —456 бет.
  4. Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. – Алматы: Қазақстан, 1995. – 240.
  5. Жер Ана. №3. – Алматы, 2001. –Б. 36-37.   

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz