Қытай BBC World News телеарнасына тыйым салды

Қытай билігі BBC World News телеарнасына Қытай аумағында «ақпарат тарату ережесін бұзғаны үшін» хабар таратуына тыйым салды. Бұл туралы BBC сайты хабарлады.

“Телеарна жұмысы Қытайдағы хабар тарату талаптарына сәйкес келмегесін, BBC World News Қытай аумағында жұмысын жалғастыруға құқығы жоқ. NRTA келесі жылы арнаның хабар тарату туралы өтінішін қабылдамайды”.

Қытайдың ұлттық радио және телевизия басқармасы

Би-би-си Қытайдың батысында орналасқан Шыңжаң автономиялық аймағында мыңдаған мұсылмандардың (ұйғырлар мен басқа да этникалық топтардың) құқығы бұзылғаны жайлы бірнеше рет хабарлаған.

4 ақпанда британдық Ofcom медиа және телекоммуникация реттеушісі ағылшын тілінде хабар тарататын қытайлық CGTN спутниктік телеарнасын лицензиясынан айырды. Ofcom хабарлауынша, редакция саясатын каналды басқаратын медиатоп емес, керісінше, Қытай коммунистік партиясы бақылаған. Бұл жағдайдан кейін Қытай Сыртқы істер министрлігі ВВС жаңалықтарының мазмұнына шағымдана бастады.

BBC World News  — әлемнің 200-ден астам елінде тәулік бойы жұмыс істейтін халықаралық ақпараттық телеарна.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz