Кофеге қарағанда шайдың құрамында кофеин көп пе?

“Кофеге қарағанда шайдың құрамында кофеин көп” деген пікір бар. “Проверено” басылымы фактчекерлері деректің қаншалық рас екенін тексеріп көрді.

Бұл ақпарат бірқатар жерде жарияланды (1, 2, 3, 4).

Кофеин – пуриндік алкалоид және ынталандыратын химиялық зат. Кофеин адамды сергек етеді, оның назарын жақсартады, ұйқысын ашады.

Кофеиннің мөлшері шай жапырағы мен кофе дәнінің мөлшеріне қарай әртүрлі келеді. Шайды қайнатқанда оның қаншалық қышқалданатыны және тотығатыны да маңызды. Екі сусынды қайнатып ішуге немесе қайнаған суды құя салып ішуге болады.

2021 жылы иордан ғалымдары 52 түрлі кофе дәнін зерттеп көрді. Нәтижесінде 11 түрлі жасыл кофенің жалпы массасының 1,67%-і, 14 түрлі аз қуырылған кофенің жалпы массасының 1,96%-і, орташа деңгейде қуырылған 11 түрлі кофенің жалпы массасының 2,03%-і, қатты қуырылған қара-қою кофенің 16 түрінің жалпы массасының 1,90%-і кофеин болып шықты.

Кофедегі кофеиннің мөлшері географиялық мекеніне де байланысты болды. Мысалы, үнді сортына жататын кофенің жалпы массасының 2,54%-і кофеин. Ал эфиопия сортында 2,14%, бразилиялық сортта 2,03% кофеин бар. Кениялық және колумбиялық кофелерде кофеин мөлшері әлдеқайда аз — 1,72% және 1,60%. Кофедегі кофеиннің мөлшері оны қалай және қайда сақтағанына, қалай ұнтақталғанына және қайнатылғанына байланысты.

Ал шайдың құрамындағы кофеин мөлшері оның қайда өсірілгеніне, қашан жиналғанына (жазда жинап алынған шайда кофеин көп) және қаншалық ұзақ сақталғанына байланысты. Кофеиннің ең көп мөлшері бұтаның жоғарғы жағындағы жапырақтарда. 2009 жылы чех ғалымдары шайдың әртүрлі түрін зерттеп, кофеиннің ең көп мөлшері ақ шайдың (4,55%) құрамында болатынын анықтады. Себебі ол үшін жоғарғы жапырақтар мен бүршіктер жиналады. Екінші орында қара шай – 3,86%, одан кейін сары және жасыл шайлар – 2,04%.

Қытайлық зерттеушілердің зерттеуі сәл басқа нәтиже көрсетті. Олардың мәліметі бойынша, үлкен жапырағы бар “Лушан Юн Ву” деген жасыл шайдың құрамында кофеин көп (3,3%). Ал ақ шайдағы кофеин көрсеткіші 2%-тен аспаған. Кофеиннің ең аз мөлшері “Tie Guan Yin oolong” деген шайда екен, небәрі – 1,2%.

Бір қарағанда шынымен де кофеге қарағанда шайдың құрамында кофеин көп сияқты. Дегенмен шикізатқа емес, олардан алынған сусындарға назар аударсақ. бәрі өзгереді. Кофемашинадан тамшылап ағатын кофенің 100 миллилитрінде 60-100 миллиграмм кофеин бар, арнайы қаптағы, тез ерітілетін кофенің 100 миллилитрінде 27-72 миллиграмм кофеин бар. Ал бір минут қайнатылған шайдың құрамында 6-22 миллиграмм, ал бес минут қайнатылған шайда 13-33 миллиграм кофеин бар.

Factcheck.kz