Қазақстан Ресей аннексиясын айыптайтын қарарға дауыс бермеді

12 қазанда БҰҰ Бас ассамблеясы Ресей Федерациясының Украинаның төрт облысын аннексиялауын айыптайтын қарар қабылдады.

«Украинаның аумақтық тұтастығы: БҰҰ жарғысының қағидаттарын сақтау» қарарын 143 мемлекет қолдады. Оның ішінде Украина, АҚШ, Канада, Ауғанстан, Албания сияқты елдер бар. Бес мемлекет оған қарсы дауыс берді. Олар: Ресей, Беларусь, Сирия, Солтүстік Корея және Никарагуа.

35 ел дауыс беруден бас тартты. Олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты ТМД елдері бар. Қытай, Үндістан, Армения, Куба, Вьетнам мемлекеттері де дауыс бермеді.

«Бас Ассамблея Ресей Федерациясының Украинаның халықаралық мойындаған шекарасындағы аймақтарда заңсыз референдумдар ұйымдастыруын және жоғарыда аталған шараларды ұйымдастырғаннан кейін Украинаның Донецк, Запорожье, Луганск және Херсон облыстарын заңсыз аннексиялау әрекетін айыптайды»,-делінген қаулыда.

Қарардың бірлескен авторларының мәлімдеуінше, Ресейдің Украинаның төрт облысын аннексиялауының заңды күші жоқ болғандықтан Украинананың бұл аймақтарының мәртебесін өзгертуге еш негіз бола алмайды. Сонымен бірге құжат барлық мемлекетті Украинаның Донецк, Запорожье, Луганск және Херсон облыстарының Ресейге қосылуын мойындамауға шақырады.

Factcheck.kz