БҰҰ: Украинада кемінде 1417 бейбіт тұрғын қаза тапты

24 ақпанда Ресей Украинға соғыс ашқалы кемінде 1417 бейбіт тұрғын қаза тауып, 2038 адам жараланған. Бұл туралы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы сайтында хабарланды.

Жалпы 1417 адам қаза тапқан (293 ер адам, 201 әйел, 22 қыз және 40 ұл бала, жынысы әзірге белгісіз 59 бала мен 802 ересек). Бұдан бөлек 2038 адам жараланған (241 ер адам, 187 әйел, 41 қыз және 38 ұл бала, жынысы әзірге белгісіз 92 бала мен 1439 ересек)

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы

Донецк және Луганск облыстарында 468 адам қаза тауып, 1036 адам жараланған. Үкімет бақылауындағы аумақта 401 адам қайтыс болған, 784 адам зардап шеккен. Өзін-өзі «республика» деп жариялаған ДХР мен ЛХР-да 67 адам қаза тауып, 252 адам жараланған. Украинаның өзге облыстарында (Киевте, Черкассы, Чернигов, Харьков, Херсон, Киев, Николаев, Одесса, Сумы, Запорожье, Днепропетровск және Житомир) 949 адам қайтыс болып, 1002 адам зардап шеккен.

БҰҰ жазуынша, бейбіт тұрғындардың көбі ауыр артиллерия, зымырандық жүйелер, әуе соққылары мен жарылғыш қарудан қаза тапқан.

Ұйым мәліметінше, соғыс орнынан ақпарат кешігіп келіп жатыр. Бұған қоса оны растау біршама уақыт алады. Сондықтан, зардап шеккендердің нақты саны әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

Мәселен, болжам бойынша көптеген бейбіт тұрғын зардап шеккен Мариуполь мен Волноваха (Донецк облысы), Попасна (Луганск облысы), Изюм (Харьков облысы) қаласынан алынған мәліметтер әзірге тексерілмегендіктен, тізімге енбеді.

Бұдан бөлек, БҰҰ Украина Бас прокуратурасына сілтеп, 3 сәуірдің таңғы сағат 8-дегі жағдай бойынша 158 бала қаза тауып, кем дегенде 258 бала жараланғанын мәлімдеді.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz