Алматыдағы митиң: сегіз адам қамалып, үшеуіне айыппұл салынды

Алматының әкімшілік соты жексенбі, 24 сәуір күні өткен “саяси тұтқындарды” қолдау митиңінің 11 қатысушын әкімшілік жазаға тартты. Олардың сегізі қамауға алынып, үш адамға айыппұл салынды. Бұл туралы Азаттық радиосына қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Азаматтық белсенділер Әйгерім Тілеужан, Алина Берменқұл, Бауыржан Әтінбаев, Бекен Бейсалиева, Қонай Әбдиев пен Досжан Қуанышты сот 20 тәулікке қамалған. Равкат Мұхтаров пен Майра Ғабдулина 15 тәулікке қамалған.

Алматыдағы митиң: сегіз адам қамалып, үшеуіне айыппұл салынды
Фото: Vlast.kz, Алмас Қайсар.

Қаңтар оқиғасына байланысты изоляторда қамауда отырған азаматтық белсенді Дархан Уәлиевтың әйелі Бұлбұл Бердіқожанова, Есенбай Ходжиев пен Баян Шырынбековаға сот 91 890 теңге (шамамен 205 доллар) көлемінде айыппұл салды.

Бердіқожанова, Шырынбеков, Ходжиев, Мұхтаров және Ғабдулиналарды сот “рұқсат етілмеген митиңге қатысқандары” үшін айыпты деп таныған. Ал қалғандары “бейбіт митиң туралы заңды бір жылда қайта бұзғаны үшін” жазаланып отыр.

Сот өкілінің сөзінше, сот шешім шығарарда айыпталушылардың балаларының болуы, жас ерекшеліктері мен өзге де жазаны жеңілдететін жайттарды ескерген.

Азаматтық белсенді Сәния Тұнғатованың Азатыққа айтуынша, айыпталған белсенділер соттың шешімімен келіспейтінін, қайта шағым түсіретіндерін айтты.

Контекст

24 сәуірде күндіз ондаған белсенді Ғылым академиясының алдына жиналып, “саяси тұтқындарды”, Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандарды босатуды талап еткен. Арасында белсенді Әйгерім Тілеужан да бар. Ол осыған дейін әкімдікке митиң жөнінде ескерту бергенін айтып, бірақ жазбаша жауап келмегенін хабарлаған. Сенбі күнгі митиң кезінде ол билік “саяси тұтқындарды босатпайынша” апта сайын наразылық өткізе беретінін айтты.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz