АҚШ мемлекеттік хатшысының баяндамасында Шыңжаңдағы жағдай «геноцид» деп аталды

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Конгреске арналған баяндамасында Қытай, Мьянма, Эфиопия, Ирак, Сирия және Оңтүстік Судан елдеріндегі геноцид және жауыздық әрекеттерін атап өтіп, АҚШ-тың оған қарсы қандай шара қабылдап жатқаны туралы есеп берді. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

“Биылғы баяндамада алғаш рет Мьянма, Эфиопия, Қытай және Сирия секілді жекелеген елдердегі жауыздық әрекеттерінің егжей-тегжейлі мәліметі беріліп отыр” деді Блинкен. Мемлекеттік хатшы Вашингтонның осы елдердегі жағдайға ерешек назар аударып отырғанын айтты.

“[Байден] әкімшілігі адам құқықтарын дүние жүзі бойынша қорғайды және жауыздықтың алдын алуды ұлттық қауіпсіздік мүддесінің, моралдық жауапкершілігінің негізі санайды” дейді АҚШ мемлекеттік департаменті.

Халықаралық қауымдастық Қытайды Шыңжаң өлкесінде тұратын 1 миллионнан астам мұсылманды (көбі ұйғырлар мен қазақтар) саяси лагерьге қамады деп айыптайды. Пекин тағылған айыпты мойындамай, лагерьлерді “қайта даярлау орталықтары” деп атады, бағдарламаның терроризммен күрес аясында жүргізіліп отырғанын айтады.

АҚШ мемлекеттік департаменті Қытай билігі көрсетіп отырған қысымға себепсіз қамау, азаптау, мәжбүрлі ұрықсыздандыру және өзге де қудалау амалдары кіреді дейді.

Экс-президент Дональд Трамп әкімшілігі Қытайдың бұл саясатын “геноцид” деп атаған.

Қазіргі президент Джо Байденнің әкімшілігі осы ұстанымды қуаттап, Канада және Ұлыбритания елдерімен бірге ортақ мәлімдеме жасады, Пекинге бағытталған санкцияларды күшейтті.

12 шілде күнгі баяндамада АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қытайдың Шыңжаң мұсылмандарына қарсы саясатын тағы да “геноцид” деп атады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz