Адвокаттар қаңтар оқиғасын тергеуге халықаралық мамандарды тартуды сұрайды

21 сәуірде «QANTAR құқықтық қолдау орталығы» қоғамдық қорының адвокаттары Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хатында қаңтар оқиғасын тергеуге халықаралық мамандарды тартуға шақырды. Бұл туралы Vlast.kz сайты хабарлады.

Бұған қоса, заңгерлер құқық қорғау органдарын ай сайын әрбір қылмыстық істің тергеу барысы мен нәтижесі туралы есеп беруге міндеттеуді сұрады.

Сонымен қатар, адвокаттар сот ісінің баяу жүріп жатқанын және кейбір жазықсыз азаматтар бас бостандығынан негізсіз айырылғанын мәлімдеді. Мәселен, адвокаттар тобының үйлестірушісі Данияр Қанафиннің сөзінше, “оқ жарақатымен байланысты істерді мемлекеттік органдардың бір-біріне сілтегені туралы фактілер бар, ал іс бір органнан екінші органға жеткенше дәлелдер жоғалады”.

Талдықорғанда бір отбасының оққа ұшуы және отбасымен бірге көлікте отырғанда атқылауға ұшыраған ер адамның ісіне жауапты адвокат Ринат Байболданың сөзінше, “қаңтар оқиғасына дейін мұндай қылмыстар мүлде тергелмеген, сондықтан біздің құқық қорғау органдарының мұндай мәселеде тәжірибесі жоқ”.

Vlast.kz жазуынша, “QANTAR құқықтық қолдау орталығы” қорын қазақстандық кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері құрған. Қазіргі уақытта 26 адвокат қаңтар оқиғасына байланысты 55 істі жүргізіп жатыр.

Контекст

Бұған дейін халықаралық “Human Rights Watch” адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігіне екі рет үндеу жасап, кемінде 230 адамның өмірін қиған қанды оқиғаны халықаралық сарапшылармен біріге отырып, тәуелсіз зерттеуге шақырған

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz