«Әділ сөз»: журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтірген 77 жағдай тіркелді

2 қарашада әлемде журналистерге жасалған қылмыспен күрес күні атап өтіледі. Осы күннің маңызын қоғамға еске салған “Әділ сөз” баспасөз қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева Қазақстанда “журналист мамандығын қауіпсіз деп санауға келмейді” деп мәлімдеді. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

“Жыл басынан бері “Әділ сөз” журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтірген 77 жағдайды тіркеді, ақпарат құралының 7 қызметкері ұсталған, 16 журналиске күш көрсетілген, журналистің ізіне түскен екі жағдай, 30 қоқан-лоқы тіркелген” деді Тамара Калеева 2 қарашада Facebook жазбасында.

Оның айтуынша, Қазақстанда журналистерге күш көрсеткендер немесе кәсібіне кедергі келтіргендер көп жағдайда жазасыз қалады, кейде “кінәлілердің жауаптан жалтаруы абсурдқа дейін барады”. Мысалы, Көкшетауда 716.kz тілшісі Оксана Матасоваға күш көрсеткен ер адам үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған. Полициядағылар істің тоқтатылуын “күш көрсеткен адам журналистің өзін таныстырғанын естімеді” деп түсіндірген. Петропавлда журналист Самат Жақыпов, Наталья Волкова және телеоператор Төлеген Имановқа сауда орталық күзетшілері жұдырығын түйіп, ұмтылған. Оған видеоайғақтар болса да, полиция журналистердің өздерін кінәлі деп тапқан.

10 маусымда полицияға “Ақжайық” газетінің бас редакторы Азамат Майтанов өмірі мен денсаулығына қауіп төнгені жөнінде шағым түсірген. Ешкім жауапқа тартылмады. 2019 жылдың шілде айынан бері Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюроасында журналистерге жасалған шабуыл тергеліп келе жатыр. Жәбірленушілер полицияға шабуылдаушылардың суреті мен видеосын берсе де, тіпті кейбірінің аты-жөнін анықтап берсе де, мұнда да жағдай солай болып отыр[іс сотқа жеткен жоқ, кінәлілер жазаланбады].

Тамара Калеева

Ол өз жазбасында Қазақстан сөз бостандығы бойынша рейтингіде тіпті Гондурас, Пәкістан, Оңтүстік Судан сияқты елдерден артта қалғанын (180 елдің ішінде 155-орында тұр) атап өтіп, әлем үкіметтерін журналистерге шабуыл жасау оқиғаларын зерттеуге шақырған БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриштің сөзінен мысал келтірген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz