15.12 | АҚШ пен Канада вакцинацияны бастады, коронақұжатқа шабуыл, сайлауалды дебатқа қанша бөлінді?

АҚШ пен Канадада вакцина егу басталды

АҚШ пен Канадада халықты коронавирусқа қарсы жаппай вакцина егу басталды. 14 желтоқсанда дәрігерлер вакцинаны алғашқылардың бір болып алды. Бірнеше күн бұрын екі елде де BioNTech және Pfizer компаниясының вакцинасын қолдануды мақұлдаған. Бұл туралы DW cайты хабарлады.

Қос елде де вакцина егу барысын тікелей эфирде көрсетті. Вакцина салдырған дәрігерлер жағдайы жақсы екенін айтты. Сонымен бірге, басқа екпелерден айырмашылығы жоқ екенін мәлімдеді. Нью-Йорк қаласының мэрі Эндрю Куомо дәрігерлерге алғысын білдіріп, олардың батыр екенін айтты.

АҚШ президенті Дональд Трамп туиттер парақшасында вакцина егудің басталғанын жазған еді.

Алғашқы вакцина егілді. АҚШ-ты құттықтаймын! Әлемді де құттықтаймын!

Дональд. Трамп

Коронавирус вакцинасын әзірлеген Moderna компаниясына хакерлер шабуыл жасады

Коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеген америкалық Moderna компаниясына хакерлер шабуыл жасады. Бұл туралы Укринформ Reuters сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Еуропалық дәрі-дәрмектер агенттігі хакерлердің шабуыл жасағаны жайлы Moderna компаниясына ескерткен. Хакерлер Moderna компаниясы әзірлеген COVID-19 вакцинасы бойынша жүргізілген алдын-ала келіссөздің құжатын ұрлаған. БАҚ-тың хабарлауынша алаяқтар дәл осы құжатты ұрлауға бел буған.

Бұған дейін хакерлер Еуропаның дәрі-дәрмектерді зерттеу агенттігіне (EMA) шабуылдап, Pfizer және BioNTech компаниясы дайындаған коронавирус вакцинасы туралы құжаттарға қол жеткізген.

Жақында Group-IB сарапшылары хакерлер жиі шабуыл жасайтын елдерді атады. Бұл тізімде Қытай, Иран, Солтүстік Корея және Ресей көш бастап тұр.

Сайлауалды дебатқа 47,9 млн теңге жұмсалады

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 15 желтоқсанда сайлауалды дебатқа бюджеттен 47,9 млн теңге жұмсалатынын хабарлады. Бұл – тек мәжіліске ұсынылған кандидаттар арасында өтетін пікірсайысқа бөлінетін қаржы. Ал мәслихат кандидаттарының дебатына қанша бөлінетіні белгісіз. Осыған дейін партиялар арасында пікірсайыстың 30 желтоқсанда өтетіні хабарланған еді. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.

ОСК мәліметінше, пікірсайыс мемлекеттік “Хабар” арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Үш раундтан тұратын дебат тақырыптары: “Қазақстанның экономикалық дамуы” және “азаматтардың әл-ауқаты”. Дебатқа сайлауға түсетін бес партия жетекшілері (тек “Адал” партиясынан саяси кеңес мүшесі) қатысады.

10 қаңтарға белгіленген мәжіліс және мәслихат сайлауына 5 партия қатысады: “Нұр Отан”, “Ақжол”, “Адал”, “Ауыл” және “Қазақстан халық партиясы”. Олардың арасында оппозициялық партия жоқ. Саяси оппозиция өкілдері парламентте бірде-бір шынайы оппозициялық саяси күш жоқ деп санайды және шынайы оппозициялық партиялардың ресми тіркеуден өте алмай отырғанын айтады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz