Жемқорлықпен сотталған әрбір төртінші адам ішкі істер органында жұмыс істей ме?

Мамыр айынан бері интернет ресурстарда “жемқорлық үшін сотталған әрбір төртінші  адам –  ішкі істер органдарының қызметкері. Биылғы бірінші тоқсанда елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен 414 адам ұсталған, Ал сыбайлас жемқорлық қылмыстарына күдіктілер саны 8%-ке азайыпты” деген ақпарат тарап жатыр. (1,2,3)

Жемқорлықпен сотталған әрбір төртінші адам ішкі істер органында жұмыс істеген.

Үкім: Манипуляция

Qamqor.gov құқықтық статистика порталының мәліметінше наурыз айында 234 адам сотқа беріліп, оның ішінде 61-і ішкі істер органында жұмыс істейтіні жазылған. Бірнеше медиа finprom.kz сайтына сілтей отырып, “сотталған” деп ақпарат таратқан. Өз кезегінде finprom.kz және qamqor.gov деректерді “сотталған” деп емес, “сотқа берілген” деп жазады. Сот үкімі оқылмастан “сотталды” деп жазу арқылы қоғамда аталмыш органдарға қатысты теріс пікір қалыптастыруы мүмкін.

Qamqor.gov мәліметінше 2023 жылы бірінші тоқсанда 235 адам сотталып соның 38-і ІІО-ның қызметкері екені жазылған. Сәйкесінше бұл сотталғандар санының 16%-і немесе сотталғандардың әрбір 6-шысы. 

Биылғы бірінші тоқсанда елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен 414 адам ұсталған.

Үкім: Шындық

Qamqor.gov деректеріне сәйкес наурызға дейін 414 күдікті ұсталған. Оның 339-ы анықталып, 234-і сотқа тартылып, 235 адам жазаланған.

2022 жылдың бірінші тоқсанында 450 адамға күдікті деп тану туралы қаулы шығарылып, оның 321-і қылмыс жасалды деп анықталған. 241-і айыпталушы сотқа жіберілген: оның 133-і сотталды.

… Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 8 пайызға аз

Үкім: Шындық

2022 жылдың бірінші тоқсанында 450 күдікті жемқорлық фактісімен күдікке ілінсе, 2023 жылы 414 адам жемқорлық жасады деп танылды. Яғни 8%-ке аз.

Соңғы екі жылдың бірінші тоқсанында күдіктілер саны 8%-ке азайып, қылмыс жасағандар 5%-ке артқан. Сотқа берілгендер саны 3%-ке төмендеп, сотталғандар саны 76%-ке өскен. 2022 жылы 133 адам сотталған болса, 2023-жылы бірінші тоқсанда 235 адам сот шешімі бойынша абақтыға қамалған. 

Материалды дайындаған: Ернұр ДӘУЛЕТҰЛЫ

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz