Ренн университетіне “Абайтану” пәні енгізілетіні рас па?

15 қыркүйекте “Хабар 24” Францияның Ренн университетіне “Абайтану” пәні енгізілетіні туралы ақпарат таратты. Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Ренн университетіне "Абайтану" пәні енгізілетіні рас па?
Ел арасында таған хабар

Үкім: Манипуляция

15 қыркүйекте Жанар Авар-Төребаеваның Ренн университетінде дәріс оқитынын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі хабарлаған. “Абайтану” пәні туралы түсініспеушілік осыдан соң туындаса керек. Себебі Factcheck.kz тілшісімен сөйлескен Ж. Төребаева бұл іс әлі нақтыланбағанын айтты. Оның үстіне, жоспар бойынша Ренн университетіне “Абайтану” пәні енбейді. Бұл тек жылына бірнеше рет оқылатын лекция немесе конференция форматында болуы мүмкін.

Ренн Университетінің Халықаралық қатынастар проректорымен келісім жүргіздім. Енді алдағы айда Әдебиет және тарих факультетінің мұғалімдерімен кездесу болады. Мәселе сол кезде шешіледі.

Жанар Авар-Төребаева

Контекст

Жанар Авар-Төребаева 2018 жылы Қазақстан Республикасының Ренн қаласындағы Құрметті Консулы қызметіне сайланған. Сол кезден бастап Бретань халықаралық коммерция палатасы және Франция Сыртқы істерінің Бретань өлкесіндегі экономикалық дипломатымен бірге Қазақстанға инвестиция тарту бойынша жұмыс істеп келеді. Қазақстанның Париждегі Елшілігімен бірлесіп, 2018-2019 жылдан бері екі ел арасында ауыл шаруашылығы, экономика саласында кездесулер ұйымдастырып жүр.

Сонымен қатар Жанар Авар-Төребаева 2014 жылы Ренн қаласындағы жоғары коммерция университеті мен Алматы Менеджмент университеті арасында конвенция жасауға атсалысып, осы ЖОО-да оқып жүрген қазақ студенттеріне қамқорлық көрсетеді.

Биыл ақпанда ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың ұсынысы бойынша Ренн университетімен келіссөз жүргізіп, 15 қарашада Абай және өзге де қазақ жазушыларының кітаптарын университет кітапханасына тапсырмақшы.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz