Қазақстанның ең үлкен алтын кеніші Қытайға сатылып кеткені рас па?

Instagram әлеуметтік желісіне «Қазақстанның ең үлкен алтын кеніші Қытайға сатылып кетті деген» ақпарат жарияланды. Жазбада Райгородок алтын кенішінің 1,2 миллиард долларға сатылғаны жазылған. Factcheck.kz ақпаратты тексеріп көрді.

Қазақстанның ең үлкен алтын кеніші Қытайға сатылып кеткені рас па?
Instagram желсінің скриншоты

Үкім: Манипуляция

Райгородок (RG Gold Mine) алтын кенішінің 65%-не иелік ететін «Верный Капитал Групп» тобы акциясын Қытайлық «Zijin Gold International» компаниясына сату туралы келісімге қол қойған. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің жауабына сәйкес, сатылған Райгородок алтын кеніші үлкендігі бойынша 7-орында орналасқан. Алтын кенішінің толық емес, яғни 65%-не иелік ететін компания сатқаны және Қазақстандағы ең үлкен емес екенін ескерсек, ақпарат манипуляция деген қорытындыға келеміз.

Алтын кеніші толық сатылмады

Маусымның 30-ы күні Райгородок алтын кенішіне 2014 жылдан бері инвесторлық ететін «Верный Капитал Групп» алтын кенішін қытайлық «Zijin Gold International» компаниясына сату туралы келісімге қол қойған. Бұл туралы Райгородок алтын кенішінің сайтында да, Верный Капитал Групп сайтында да, Қытайлық «Zijin Gold International» сайтында да ақпарат жарияланды. Келісім 1,2 млрд АҚШ долларына жасалғаны жазылған. Алтын кеніші Ақмола облысында орналасқан. Кен орнында жалпы мөлшері 242,1 тонна болатын алтын бар. Бірақ, Райгородок алтын кенішінің сайтында сатуға шешім қабылдаған Верный Капитал Групп алтын өндірушінің 65%-не ғана иелік ететіні көрсетілген. Қалған 35%-і «Ресурстық капитал қорлары» жеке инвесторлық қорына тиесілі. Яғни, Райгородок алтын кеніші толық сатылған жоқ.

Қазақстанның ең үлкен алтын кеніші Қытайға сатылып кеткені рас па?

Қазақстанда ең үлкен алтын кеніші қай жерде?

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Factcheck.kz-ке берген жауабына сәйкес, Райгородок алтын кеніші үлкендігі бойынша 7-орында орналасқан. Алғашы орында Ақмола облысына қарасты Васильковское алтын кеніші тұр. Екінші және үшінші орында Абай облысындағы Бакырчикское кеніші мен Суздальское кеніші екені жазылған.

Қытайлық Zijin Gold International компаниясы туралы

Zijin Mining Group — алтын мен түсті металдарды өндіру және өңдеуге маманданған әлемдегі ең ірі тау-кен корпорацияларының бірі. Zijin Mining Group-тың нарықтық капитализациясы шамамен 70 миллиард доллар болады. Әлемнің 17 елінде 30-дан астам жобасы бар. Қытайлық компания өз сайттарында Райгородок алтын кенішінен 2028 жылға дейін 100–110 тонна алтын өндіру мақсаты бар екенін жазды. Сайтта Қазақстандағы Райгородок, Тәжікстандағы Джилау мен Тарор кен орындары және Қырғызстандағы Талдыбулак Левобережный алтын кеніші бірге Zijin-нің Орталық Азиядағы «Алтын үшбұрышын» болады деген ақпарат бар.







Журналист-фактчекер

Factcheck.kz